Бірақ... Осы бір «бірақ» деген сөз жұтқыншағыңа тұрып қалған бірдеңедей жүгіреді де тұрады.
Еліміздің ең бір танымал кітап дүкендеріне бас сұққанда, бірден алдымыздан ғұлама Әбу Насырдың кітаптары менмұндалап, көрнекті жерден көзге түсер-ақ дегенбіз. Түспеді. Жыл түгесілгенше түсер дегенбіз. Оның да түндігін жаптық.
Себебі де түсінікті. Кітап дүкендері оқырманның сұранысына қарай сұрыпталған авторларды ұсынады. Оның өзінің тоқсан пайызға жуығы Ресей баспаларының өнімі. Қайыра басылып жатқан классика. Кітап сөресі кешегі кеңестік кезеңде толған оқырманның бұл кітаптарға қол соза қоюы да неғайбыл, екіталай. Неге десеңіз, кітап сапасының көңілге күдік ұялатуы. Бұларды «бір реттік кітаптар» деп атауға болатындай. «Бір оқырлық» қана авторлар болса да жеткілікті. Алматының жерасты өткелдеріндегі букинистерден алған кітаптарымыз, тіпті өзімізден екі-үш мүшел үлкен кітаптардың өзінің сыры кетсе де, сыны кете қоймаған. Жетпісінші жылдары редакциялық кеңесіне бізден Нұрпейсовтер кірген «Көркем әдебиет» баспасының «Әлем әдебиеті кітапханасы» сериясы, авторлардың социалистік көзқарас тұрғысынан сұрыпталуы үшін сыналса да, сұңғылалығы мен сұлулығы, сапасы мен салтанаты үшін әлі де сыйға лайық. Әрбір томға жазылған алғысөз, ескертпелер мен түсініктемелер, классикалық иллюстрациялар көз қуантып, көңіл демдейді. Ал соның қазіргі шығып жатқан баламасы – баланың Пикассо штрихтарын шимайлап көшіруіндей.
Кітапты көбіне жастар алады. Ашқарақ саналар алдындағы кітаптарды қопарыстырады да жатады. Тоят тілейді, тоя алмайды. Бір қуантқаны да сол, қалың қыз-бозбаланың кітап бағынан алма теріп жүруі. Қызыға қарап тұрдым. Алма тере жүріп, алуан ойға беріледі. Сан кітапты сапырылыстырады. Әрқайсысын бір ұстайды. Бағасы бармағын күйдірген болар деп бір түйіп қоям. Сарғайған классикалардың тұсына келгенде сәл бөгеледі де, қолына алып, қайта қояды. Сәнге айналған авторлардың жанына келіп саябыр табады. Бірақ... бірнәрсе жетіспейтіндей, оны да қайта қатарына қалай салады.
Кімді іздедің, бозбала? Нені іздедің, бойжеткен?!
Олар бір сөренің алдына барып, ұзақ қарап тұрды. Онда кімдер бар екен? Онда Нил Пасрич пен Михаил Лабковский, Фредерик Ленуар мен Габриэлла Беннет, Далай-лама мен Майк Викинг... не керек, бірі дат халқының, бірі шотландтардың, тағы бірі америкалықтардың бақытты болу, бақытқа жету құпиясын айтып береді екен. Бақыттың сырын қазір ашып берердей арбалып тұрды олар. Несі бар, шәкіртақыңа балмұздақ алсаң да бақытты боласың ғой. Ал бақыттың мәнін түсіндіретін кітапты алу тіпті ғажап емес пе? Оқысын, оқығаннан бақытсыз болған жан жоқ. Алғашқы қауымдық құрылыстағы үңгірден алыстағы айға жеткен адам баласының бақыт деген құсқа сонша ынтызар болуы бұл ғасырда ғана ма, әрдайым адам баласы бақытқа ұмтылған, бақытқа жету үшін бәріне де барған.
Бақыт туралы кітаптардың безендірілуі, қағазының сапасы, сыртқы қабының қолға жұмсақтығы қандай, «мені оқы, мені оқы» деп таласады. «Мен саған бәрін айтып беремін» дейді. «Осы сәтте бақытты болып кетеміз» дейді. Жамырай шуласқан сонша кітаптың алдында санасы мен сезімі енді бүр ашып келе жатқан бозбала мен бойжеткеннің жаны қалсын ба, жүздері бал-бұл жанып, бір-бірімен сыбырласып, әнтек күліп, қызара жымиып, айналасына қазына тауып алғандай ұрлана көз салып қояды. Олар шын мәнінде бақытын тауып алғандай әсер қалдырды, неге дейсіз бе, қыз бен жігіт бақытты ол кітаптан тапқан жоқ, бірақ екеуара бір кітап алудан тапты. Енді оларды бір кітап байланыстырады. Олардың ортақ әңгімелерінің шеңбері бір сәтте ғарыштың ұлғаю жылдамдығымен өсіп бара жатты. Жастық дегеннің өзі бақыт емес пе еді?!
Ал менің көз алдыма жаңағы кітаптардың жанында тұрған, әсем безендірілген, түсініктемесі жазылған, тіпті солар идеал (заманауи әнші болса да) тұтатын жандардың пікірлері берілген «Бақытқа жету туралы», «Бақыт жолын сілтеу», «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты әл-Фараби бабамыздың кітаптары елестеп кетті. Шағын ғана кітапшалар. Бәрі бір томның ішінде, бір кітапхананың бұрышында шаң басып тұрған жоқ, жеке-жеке кітап болып, «мені оқы, мені оқы» деп жатқандай.