Әлем • 24 Ақпан, 2021

Германияның бос құбыры

210 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Project Syndicate жобасы аясында «Egemen Qazaqstan» бүгін жариялап отырған мақалалар топтамасында көтеріліп отырған мәселелер өте өзекті. Біріншісі, «Солтүстік ағын – 2» жобасына қатысты. Екіншісі, Ауғанстандағы қақтығысты аяқтау жөнінде. Стэнфорд Гувер институтының қызметкері Джозеф Джофф өз мақаласында Германияның неліктен «Солтүстік ағын – 2» жобасынан бас тарта алмайтынын әңгімелейді. Автордың сөзіне сүйенсек, аталған бастама арзан газ туралы ғана емес, Ресей мен Германияның мүддесіне тікелей қатысты. Осы орайда, Джофф Германия империясының алғашқы канцлері Отто фон Бисмарктің сөзін еске алады. Оның айтуынша, немістер мен орыстар қаншама мәрте соғысқанына қарамастан, Германияның қазіргі билігі Ресеймен дипломатиялық байланыс­ты үзуге ынталы емес. Швецияның бұрынғы премьер-министрі Карл Билдт өз мақаласында Ауғанстандағы ахуалға тоқталады. Оның сөзіне сүйенсек, АҚШ әскерінің аталған елден шығарылуы мәселені түбегейлі шешпейді. Керісінше, жаңа қақтығыстар туындатуы мүмкін. Сондықтан Ауғанстандағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қайта қалпына келтіру үшін ұзақ мерзімді жоспар қажет. Естеріңізге салайық, әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент әзірлейтін Project Syndicate жобасы мақалалары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жарық көріп отыр.

Германияның бос құбыры

ГАМБУРГ. Ресейден Германияға тікелей тартылған «Солтүстік ағын – 2» жоба­сы аяқталуға жақын. Аталған бастама тек арзан табиғи газ ғана емес, бұл екі елдің жеке мүддесі үшін қажет.

Балтық теңізі арқылы өтетін газ құбыры АҚШ пен Еуропалық одақты Германияға қарсы қойды. Сондай-ақ ел ішінде де Ангела Меркельге қарсы пікір айтатындар саны артты. Алда-жалда мәселе тек газға қатысты болғанда, жоба мүлдем жүзеге аспауы мүмкін еді. Ендеше, мәселе неде?

2005 жылы Герхард Шредер канц­лерлік қызметтен кетер алдында Ресей президенті Владимир Путин­мен келісімге келген болатын. Билікті Мер­кельге тапсырғаннан кейін көп ұзамай, Ресейдің энергетика саласындағы алпауыты, Кремльдің негізгі серіктесі саналатын  «Газпром» компаниясы Шредерді Nord Stream AG акционерлер комитетінің төрағасы етіп тағайындады. 2016 жылы Шредер «Солтүстік ағын – 2» жобасының тізгінін ұстады, ал «Газпром» оның жалғыз акционері еді.

Содан бері Шредер Путиннің қажы­мас серіктесіне айналды. «Мен мұны Германияның игілігі үшін жасадым. Себебі жоба энергетика саласындағы бағаны тұрақтандырады», деп қайта­лаудан жалықпайды ол.

Шындығында, Германия да, Батыс Еуропа да «Солтүстік ағын –2» жобасын қажет етпейді. Мұнай бағасы 2008 жылғы шарықтау шегінен екі есеге төмендеді. Солтүстік Американы қоспағанда, ішкі Еуропадан, әсіресе Жерорта теңізі маңынан жаңа газ кеніш­тері ашыла бастағандықтан, осы уақыт аралығында газ бағасы төрт-бес есе арзандады. Нарықта жаңартылатын энергия көздерінің көбейіп жатқанын ескерсек, газға сұраныстың азаюы әзірге тоқтап қалмақ емес.

Бүгінде Ресейден Еуропаға бағыт­талған 13 құбыр 250 миллиард шаршы тонна газ жеткізеді. «Солтүстік ағын – 2» Ресейге тәуелділікті арттырады. Бірақ бәске түсіп тұрған нәрсе көп, өйткені құбыр Украина мен Польшаны айналып өтеді. 

«Солтүстік ағын – 2» жобасы Ресейге екі елді газ жеткізу ақысынан қағып, оларды әлсіретуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Украинаны ақшадан қағады. Аталған ел 2020 жылы өз аумағы­нан 50 миллиард шаршы тонна газ өткізгені үшін 3 миллиард доллар пайда тапты. «Солтүстік ағын – 2» осы кө­лемдегі газды тегін жеткізуге мүм­кі­н­дік береді. Киев билігі онсыз да әлсіз Украинаның экономикасын Ресей қысымынан қорғауға талпынып жатқанда, Шредердің «Газпром гамбиті» Путиннің Украинаға (және Польшаға) ықпалын күшейтуге жол ашады.

Шредердің Германия мен Еуропаны ойлап отырғаны шамалы. Себебі оның досы канцлердің жыл сайынғы зейнетақысы – 113 000 доллардың жетпегенін толықтырып отыр. Басты мәселе – Меркель. АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп оған «Путин­нен газ сатып алуды тоқтатуыңыз керек» дегенде, ол көнген жоқ. Аты-жөнін айтпауды сұраған германиялық шенеунік «Біз бұл құбырды аяқтау үшін бәрін жасаймыз», деді.

Меркельдің ойынша, энергиямен қамтамасыз ету – ең маңыздысы емес. Мәселе, газ бен қолма-қол ақшаның «төмен саясаты» туралы емес, билік пен лауазымға ұмтылған мемлекеттердің «жоғары саясаты» туралы болып тұр. Немістер мен орыстар бір-бірін қаншама мәрте «қылқындырғанына» қарамастан, әңгіме Бисмарктің айтқанына келіп тіреледі. Оның мынадай әйгілі сөзі бар: «Санкт-Петербургпен байланыс­ты еш­қашан үзбе». Басқаша айтқанда, Гер­манияның шығыс қанатындағы алпауытпен бейбіт­шілікті сақтау қажет.

Қазіргі таңда НАТО-ның құрамына енгенімен, Федеративті Республика үндемей қалу немесе бейтараптылық арқылы Бисмарктің сөзіне құрмет көрсетіп отыр. Билікті жақсы сезінетін Меркель Ресей газына құмартып отырған жоқ, бірақ неміс дипломатиясының классикалық ережесіне сүйенеді.

«Қырғи-қабақ соғыс» кезінде де Батыс Германия болат құбырларды Кеңес үкіметінің энергетикасына айырбастау арқылы америкалық үш президентке – Никсон, Картер және Рейганға қарсылық көрсетті.  1970-жылдардағы әлемдік мұнай дағдарысы кезіндегі экономикалық мағына Бисмарктің ескертпесін ойға әкеледі: «орыстармен ойнамаңыз».

Дегенмен, Меркель бүгінде жаңа жағдайда әрекет етеді. Бұл индустрия әлемінің күн, жел және тиімділігі жо­ғары энергетика көздеріне ден қоюы сал­дарынан, газға сұраныстың азайып, ұсыныстың көбеюіне ғана қатысы жоқ, кенеттен Меркель жалғыз қалып отыр. «Солтүстік ағын – 2» жобасын қоқысқа айналдырғысы келетіндер тек АҚШ, Ұлыбритания және діңкелеген Шығыс Еуропа елдері ғана емес. Тіпті француздар да бұл келісімге қарсы.

Атом энергиясына иек артатын Франция Ресей газын қажет етпейді. Ел билігі Германияның ерекше қарым-қатынасынан және Ресейдің Еуропаға түсіп тұрған «көлеңкесінің» үлкеюінен қауіптенеді. Осы айда ғана Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров жаңадан санкциялар салынса, Еуропалық одақпен қатынасты үзуге дайын екенін айтып, доқ көрсетті.

Оған қоса, Меркель өз елінде күтпе­ген қарсылыққа тап болды. Тіпті оның ең жақын жақтастары – Христиан-демо­краттар мен пацифистік бағыттағы «Жа­сыл­дар» Путинге қарсы. Сондай-ақ әдет­­те империялық Америкаға қарсы ли­бе­ралды бұқаралық ақпарат құрал­дары­ның бір бөлігі де осындай бағыт ұстанады.

Демократиялық елдерде моральдық бас тарту Меркель стиліндегі  шынайы саясатты жеңеді.

Меркель Германияны оқшаулауға мәжбүр. Бірақ ақылға қонымды шешім – «Солтүстік ағын – 2» жобасын аяқтау. Небәрі 100 миль қалғанын ескерсек, 10 миллиард еуро тұратын жоба Балтық теңізі астындағы құмға көміледі деген қиялды жоққа шығарады. Сайып келгенде, немістер орыстарға қарсы шықпайды. Ал АҚШ президенті Джо Байденнің сая­саты Германияға жеңілірек тиетіні сөзсіз.

Қазірдің өзінде келіссөздер бас­талып кетті. Германия америкалық сұйы­тылған газды сақтайтын неміс тер­­миналдарына берілетін субсидия­ны көбейтуге уәде беріп, Байденнің көңілінен шығуға тырысады. Сондай-ақ Германия Украина арқылы келетін газ­ды қабылдауды жалғастыруға және оны сақтауға қатысты жаңа ережелер қа­былдауға күш салмақ. Польшаға сұйы­тылған табиғи газ терминалдарын салу­ға қаржы береді. Бұдан бөлек, Ресей халық­аралық құқық пен адам құқығын бұзуды тоқтатпаса, Германия «Солтүстік ағын – 2» жобасын тоқтатуы мүмкін деген де әңгіме айтыла бастады. Бастысы, президент Байден санкция салмаса болғаны.

Келісім жасалады. Бірақ энерге­тика­лық нарықпен «кім келіссөз жүргізеді?» Сұраныс пен ұсыныс соты нақты үкім шығаруы мүмкін: басқа құбырдың қажеті жоқ. Ендеше, «Солтүстік ағын – 2» ашкөздік пен ақымақтық ескерткіші ретінде Балтық теңізінің астында шіріп кетуі мүмкін.

 

Джозеф ДЖОФФ,

Стэнфорд Гувер институтының қызметкері, Die Zeit-тің редакциялық кеңесі мүшесі.

Джон Хопкинс университетінің

Пол Х.Нице атындағы Халықаралық зерттеулер мектебінде халықаралық

саясаттан сабақ береді

 

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org