Тарих • 24 Ақпан, 2021

Екі ел арасындағы мәдени байланыс

271 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қалалық мемлекеттік архиві екі ел арасындағы мәдени байланыстың маңыздылығын арттыру мақсатында Ресей Федерациясы Ульянов облысының жаңа тарихы мемлекеттік архивімен өзара әріптестік туралы келісімге қол қойды, деп жазады Egemen.kz

Екі ел арасындағы мәдени байланыс

Архив саласының әуре-сарсаңы көп десек те, кейінгі жылдары қордаланып жатқан мәселелер біртіндеп шешімін тауып келеді. Байырғы мұрағаттардың бүгінгі келбетін сызу үшін, өткен дәуірдің терезесінен тағы бір қарауға тиіспіз.

Мұндағы мақсат – екі жақтың мүмкіндіктері мен ғылыми-зерттеу қызметтерін тиімді пайдалану, мәдени мұраны сақтау, елдің тарихына, мәдениетіне және тұрмыс жағдайына қатысты қолжазбалар мен сирек кітаптардың құндылығын анықтау. Сонымен қатар каталог­тендіру, қолжазба баспалары, литография, беттік баспа, цифрлы көшірмелер мен қолжазбаларды қолдану және қайта қалпына келтіру жұмыстарына қатысу мақсатында мамандармен алмасу ойға алынған. Осыған сәйкес келісімшарт аясында ұзақ және қысқа мерзімді тағылымдамадан, оқу-өндірістік және ғылыми тәжірибеден өту және зерттеушілермен кәсіби тәжірибелер алмасу көзделген.

– Жаңа бастамалар жарқын іске жолашар болмақ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласынан туған идеяларды біртіндеп жүзеге асырып жатырмыз. Бүгінде Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та архив саласына ерекше көңіл болып отыр. Бұл ынтымақтастық өткен заманның ақ-қарасын ажыратып, ұлылардың еңбегімен қайта қауышуға мүмкіндік бермек, – дейді қала архивінің директоры Мейрам Бектембаев.

Екі тарап ғылыми консультанттарды тарту арқылы ғылыми-практикалық зерттеулер жүргізу жоспарланып отыр. Тараптар біріккен конференциялар, семинарлар, симпозиумдар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырып, басқа да ұқсас ғылыми шаралар және өзге де бастамаларды жүргізеді. Әрине, мұнын бәрі алдағы уақыттың еншісіндегі дүниелер.

Бұл тарихи уағдаластық ғылыми зерттеу саласындағы рухани-мәдени және халықаралық мәселелерді бірлесіп шешудегі екі ұйым арасындағы байланысты нығайтады.