
Ресей Хоккей федерациясы президенті Владислав Третьяк пен Сочи-2014 ұйымдастыру комитетінің басшысы Дмитрий Чернышенко мұз айдынында ойналатын шайбаларды көпшілік назарына ұсынды. Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлады.
Шайбалардың таныстырылымы хоккейден Ресей – Финляндия құрамалары арасында өткен кездесудің бірінші үзілісі кезінде баспасөз орталығында өтті.
«Біз шайбаларды Халықаралық хоккей федерациясының барлық талаптарына сай дайындадық. Ені 2,52 және диаметрі 7,62 сантиметрді құраған шайбалардың салмағы 170 граммнан аспайды», – деді Дмитрий Чернышенко.
Шайбаларда Сочи Олимпиадасының символы бейнеленген. Ол шайба бетінің 35 пайызын жауып тұрады. Бұл суреттер хоккей ойындары өткізілетін екі алаңға арналып екі түрлі түске боялған. Мәселен, «Үлкен» мұз айдынында командалар күлгін түсті шайбамен ойнаса, «Шайба» сарайындағы ойындарда тек көк түсті шайбалар қолданылады. Сондай-ақ следж-хоккей ойындарына арналып, Паралимпиадалық комитеттің белгісі салынған шайбалар да дайындалған.
«Шайба – хоккей ойынындағы ең маңызды бөлшектердің бірі. Хоккей жанкүйерлерінің арасында олардан коллекция жинайтындар да көп кездеседі. Ірі жарыстардың куәгері болған адамның спорт мерекесінің бір бөлшегін өзінде сақтап қалғысы келетіні түсінікті, – деді хоккей федерациясының президенті Владислав Третьяк. – Назарларыңызға ұсынылып отырған шайбалар біздің құрама жеңісінің символы болып, трибунадағы жанкүйерлердің дәстүрлі «Шайбу-шайбу» деген айқайлары жиі естіліп тұрсын дейміз!».
Сочи-2014 ұйымдастыру комитетінің баспасөз қызметі 22 желтоқсан күні www.tickets.sochi2014.com сайты немесе ұялы телефонға арналған «Сочи 2014» бағдарламасы арқылы әйелдер хоккейіне үш не одан көп билет сатып алған алғашқы 500 адамға Олимпиада шайбасы сыйға тартылатынын мәлімдеді.
Айдар Өрісбаев.
Дереккөз: Itar-tass.com
Фото: Ntv.ru