28 Желтоқсан, 2013

Намыс

423 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

01-4Бүгінде елімізде мұнай-газ кен орындарын барлау жұмыстары жаңа сапалық деңгейге көтеріліп келеді. Қазір бұдан бір ғасыр бұрынғыдай жердің бетін қопарып қалсаң оның астынан жылтырап шыға келетін мұнай шикізаты жоқ. Алтынмен пара-пар жер қойнауындағы табиғат байлығы, қатпар-қатпар мұнай қабаттары жылдан жылға тереңдеп барады. Мұның өзі бұрғылау ісі мен осы саладағы кәсіби шеберлікті, оның әдістері мен тәсілдерін одан әрі жетілдіруді қажет ететінін мамандар жасырмайды. Мұндайда құр жалаң геологиямен алысқа бара алмасың тағы белгілі. Оны геофизикамен және механикамен тығыз байланыстырған жағдайда ғана, жеті қабат жер астындағы стратегиялық шикізат көзіне қол жеткізуге болатыны анық.

 

01-4

Бүгінде елімізде мұнай-газ кен орындарын барлау жұмыстары жаңа сапалық деңгейге көтеріліп келеді. Қазір бұдан бір ғасыр бұрынғыдай жердің бетін қопарып қалсаң оның астынан жылтырап шыға келетін мұнай шикізаты жоқ. Алтынмен пара-пар жер қойнауындағы табиғат байлығы, қатпар-қатпар мұнай қабаттары жылдан жылға тереңдеп барады. Мұның өзі бұрғылау ісі мен осы саладағы кәсіби шеберлікті, оның әдістері мен тәсілдерін одан әрі жетілдіруді қажет ететінін мамандар жасырмайды. Мұндайда құр жалаң геологиямен алысқа бара алмасың тағы белгілі. Оны геофизикамен және механикамен тығыз байланыстырған жағдайда ғана, жеті қабат жер астындағы стратегиялық шикізат көзіне қол жеткізуге болатыны анық.

DSC 3370Елімізде осындай қатпары терең, қиындығы мен күрмеуі жеткілікті, иірімдері мен астарлары мол өміршең іспен айналысып жүрген құрылымдардың бірі бұрғылау қызметінің жілік майын шағып ішкен, оның майталман ұйымдастырушысы Қ.З.Қасенов басқаратын «Карповский Север­ный» ЖШС. Иә, бұрғылау әлемдік мұнай өндіру тәжірибесі мен дәстүрінде аса күрделі, ішін де, сыртын да оңайлықпен алдыра бермейтін мамандық екенін бұрыннан да шамалайтынбыз. Осы саладағы кәсіби маманмен кең ой-пікір алмасқан кезде біз тек оның бетінен қалқып жүргенімізді айқын түсіндік. Әрі бұрғылау ісін шебер меңгерген адам саланың өзге құрылымдарында өзін суда жүзген балықтай еркін сезінетінін аңғардық.

– Мұның күрделілігі сонда – мұнай-газ шикізаты көзге көрініп тұрған дүние емес. Әрине, кейбір параметрлер мен критерийлер алдын ала белгілі болғанымен кен орнын іздеушінің түйсікшілдігі мен болжампаздығы жетіспесе есіл еңбек зая кетуі әбден мүмкін, – дейді Қайнолла Зейноллаұлы бізбен әңгімесінде.

Қазіргі күні егемен ел болға­ны­мызға жиырма үшінші жылға аяқ басқан кезде мемлекетімізде мұнайшы, соның ішінде бұрғы­лау­шы және бұрғылаушы-ин­же­нер мамандықтарына деген сұраныс біршама шешімін тапты деуге болады. Ал тоқсаныншы жылдардың бас кезінде бұл мәселе елдің мұнайлы батыс өңірінде өткір күйінде тұрғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл шақта өз жерімізде қасқалдақтың қанындай қат мамандар таяу және алыс шетелдердегі мұнай-газ көздерін барлау орындарында қызмет атқарып жүрді. Солардың бірі сол кезде Ресейдегі Сібір мұнайын шалқыту үшін шарқ ұрып жүрген бұрғылау инженері, Түмен индустриялдық институтының түлегі Қайнолла Қасенов болатын.

Ата-бабалары Солтүстік Қа­зақстан топырағынан бола тұрса да, дәулетті әулетке өт­кен ғасырдың жиырмасыншы жыл­дарындағы кеңестік тәркілеу саясаты салқынын тигізбей қалмапты. Салқынын дейміз-ау, Қайнолланың атасы Қасен тө­мен­ге, Ресейдің Түменіне қарай кетіп, бас сауғалауға мәжбүр бол­ған. Дәл осы арада Қасен деп отыр­ғанымыз қазақтың көрнекті жазушысы Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» романына кірген әрі осы сүбелі әдеби туындыда өзінің шын атымен аталған Қасен атты ортанқолдай кейіпкер екенін айта кетудің артықшылығы жоқ.

Сөйтіп, Қайнолла Ресейде туып-өсіп, Ресейде мектеп, институт бітірген. Сонымен бірге, көрші елде 1993 жылға дейін мұнай өндіру саласында қызмет жасаған. Сол ортаның бәрінде жалғыз қазақ болып жүрсе де өзі­нің ана тілін ұмытпағаны, ұмытпақ түгілі ауызекі сөйлей білу дағдысы мен әдетін бір кісідей қалыптастырғанын былай қойғанда, әдеби тіл нормасын сақтай отырып сөз сабақ­тай білетіні бізді бүгінгі кейіп­керіміз Қайнолла Қасеновке қарай біршама жақындата түсті. Мұның сырын сұрағанымызда ол Ресейде жүріп қазақ тілінде шыққан кітаптарды оқуға мүм­кіндік алғанын, осылайша, қа­зақ ертегілері мен дастандарын, «Қырымның қырық батырын» оқып тауысқанын айтып берді. Бұған, әрине, ата-анасының ықпалы көп тиіпті.

Кейін Қайнолла еліміз еге­мен­дік алған соң Қазақстанға оралды. Мұның алдында ол Алматыда Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайына қатысып, респуб­лика басшысы Нұрсұлтан Назар­баевпен кездесуінің сәті түсті. Сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы Қайноллаға: «Елге оралғаның жөн емес пе», деп қалып еді. Осы бірауыз сөз оның Қазақстанға оралуына әсер етті. Көп кешікпей «Қазақгаз» ұлттық холдинг компаниясына қызметке кірісті. Сол кездегі компания президенті Есет Әзербаев оның бір ауыз орысша сөз қоспай таза қазақ тілінде мүдірмей еркін сөйлегеніне таңданыс білдіріпті. Қайнолланың ана тіліне деген ынтызарлығы мен сүйіспеншілігінің арғы жағында генеологиялық тектілік қасиеттер жатқанымен де еріксіз келісуге тура келеді. Егер оның арғы атасы жүрегі елім, қазағым деп соғып өткен, жүз жастан сәл асыңқырап барып өмірден озған Қожаберген жырау болса, осылай демегенде не дейміз. Бұл тарихи тұлға атақты «Елім-ай» әнінің авторы екенін де бүгінде біреу білсе, біреу біле бермейді. Ал Қожабергеннің әкесі Толыбай сыншы әз Тәукенің кезінде «Жеті жарғыны» шығаруға араласқан зерделі жан екенін қайда қоямыз. Одан берідегі Сегіз сері де Қ.Қасеновке алыс емес. Сондай-ақ, Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов кейіпкердің атасы Қасенмен замандас, аралас-құ­ралас әрі олардың көркем шы­ғар­маларының кейіпкері болғанын жо­ғарыда айттық.

Қайнолла Зейноллаұлы шет­ жерде жүріп, оларға өзін на­ғыз азамат әрі кәсіби маман ретін­де мойындата білгені, Түмен облыстық кеңесіне депутат болып сайланғаны тектіліктің бір белгісі іспеттес. Түмен облы­сының сол­ кездегі губернаторы Ю.К.Шафрен­никтің: «Сіз бізге керек­сіз, Ресейде өзіңізге барлық жағдай туғы­зылады, туып-өскен жеріңіз емес пе, осында қала беріңіз», де­гені де, әрине, тектен-тек емес. Оның тарапынан мұндай қолқа Қайнолла Қасеновке арада төрт-бес жыл өткен соң атамекеніне оралып, алаңсыз қызмет жасап жүрген кезінде екінші рет тағы да айтылған екен.

Бұл кезде Ю.К.Шафренник Ресей Федерациясының жылу-энергетика министрі болып қызмет атқарған. Мәскеуге кел, министрлікте бірге қызмет жасайық дейді ресейлік ірі лауазым иесі. Бұл ұсынысқа Қ.Қасенов: «Сеніміңіз үшін сізге көп рахмет, Юрий Константинович! Дегенмен, сіздің мені дұрыс түсінуіңізді қалаймын. Мен қазақпын ғой. Сондықтан да алдағы уақытта кәсіби шеберлігімді Қазақстанның мұнай-газ өндірісін өркендетуге жұмсағым келеді», деп жауап қайтарады.

Қайнолла Зейноллаұлы ресей­лік министрге айтқан азаматтық сөзінде тұра білді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанда мұнай құбырлары желісін шұғыл құру қажеттілігі туындады. Әйтсе де, елімізде бұған дейін түрен түспеген мұндай тың іспен беттесіп көргендер аз еді. Бұл салада өз ісінің ұңғыл-шұңғылын жан-жақты, терең білетін мамандар мүлдем жетіспей жатты. Осындай әрі-сәрі, алмағайып шақта рес­публикамызда Қазақ мұнай құбыры жүйесін құру жөнінде Үкімет шешімі қабылданып, аталмыш құрылымның басшылығына Ресейде жүріп мол тәжірибе жинақтаған Қайнолла Қасенов тағайындалды. Міне, бүгінде төрт аяғынан тік тұрып, жан-жақты қалыптасып үлгерген әрі қазіргі күнде саланың күретамырына айналып отырған «ҚазТрансОйл» АҚ-тың Қазақстан мұнай-газ өндірісіндегі алғашқы қадамы осылай басталған еді.

Қай жерде жүрсе де, қай елде қызмет атқарса да Қайнолла Қасеновке тән қасиет – оның намысқойлығы, намысты қолдан бермейтіні дей аламыз. Әсіресе, ұлттық намыс сынға түсетін сәттерде ол бетің бар, жүзің бар демей турасын айтып, елдік намысты әркез қорғап, жоғары қойып жүретіндігіне куә болып келеміз. Оның қазақ мемлекеттілігінің тарихына қатысты қабырғалы ой-пікірлері таласқа түсуші жақтың уәждері мен қисынынан әлдеқайда салмақты, орнықты әрі дәлелді түсіп жатады.

– Елдік пен мемлекеттіліктің белгілері мен көріністерін бұ­рынғы тарихымыздан да бай­қай аламыз. Оны елемеу тарих­қа қиянат. Елдік пен дербес мем­лекеттілікті мұрат тұт­қан­ Абылай мен Әбілқайыр хан үлгі­лері, Сырым Датұлы өне­гесі, бұдан берідегі Алаш арыстарының ой-армандары бүгінде шындыққа айналды. Қадыр ақын жырлағандай қалың тарих бола тұрса да, оқулығы жұп-жұқа біздің тарихтың беттері бүгінде түгенделу үстінде. Бұған Елбасымыздың өзі бастамашы болғаны сүйсіндірмей қоймайды, – дейді Қайнолла Қасенов.

Намыс дегеннен шығады. Осы орайда орынды әзіл айта білу арқылы да сөзбен ұтуға, намысын қолдан бермеуге болатынын Қайнолланың шетелдік, соның ішінде ағылшындық мұнай саласы алпауыттарымен арадағы әзіл сөздері айғақтай түседі. Айталық, ағылшынның сэр деген сөзі қазақтың сері деген түсінігінен шықса, джентельмен деген жігіттер сөзінің түп-төркіні, ал ағылшынның Уильям Теккерей деген жазушысының есімі тегім керей дегенді білдіріп тұрған жоқ па, деп әзіл тастаған екен ол ағылшындық әріптестерімен кездесу сәттерінің бірінде.

Сондай-ақ, батыр, нағыз ер-азамат аңғал келеді деген де сөз бар халқымызда. Бұған да бір мысал. Сонау 1995 жылы Қ.Қасенов Қарашығанақ кенішінде бас директор болып тұрған кезінде қазақтың қос дүлдүл ақыны, қос құрдас Қадыр Мырза Әлі мен Тұманбай Молдағалиев шығармашылық сапармен кеншілер қаласы Ақсайға барса керек. Жақсы кездесу өтеді. Сол кезде Ресейден келгеніне көп уақыт өте қоймаған, алайда, есімдері бала кезінен жүрегінде жатталып қалған Қайнолла Қадекең мен Тұмағаңа: «Сіздерді осы кезге дейін тірі жүр екен деп ойламаппын», деп қойып қалыпты. Жиналған жұртшылықтың бәрі оның сөзіне ду күледі...

Күн, су және жел қуаты секілді арзан энергия көздерін өмірге әкелу – жасыл экономиканың басты қағидаты болғанымен, дәл бүгінгі күні мұнай мен газға балама қуат көздері табыла қойған жоқ. Ендеше, оның пайдалы әсер коэффициентін жоғарылата түсу – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі болып қала бермек. Бұған қазақтың намысты ұлдарының бірі Қайнолла Қасенов басқаратын «Карповский Северный» ЖШС геологиялық барлау жұмыстары мен бұрғылаушылар ұжымының қосып отырған үлесі қомақты. Қазір мұндағы ұңғылардың сүңгілері жердің жеті қабат қойнауын тілгілеп күн сайын тереңдеп келеді. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ҚР Мұнай және газ министрлігінің «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталған біздің бүгінгі кейіпкеріміз, Қайнолла Қасенов ертеңіне үлкен үмітпен, сарабдал сеніммен және сергек сезіммен қарайды.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан».

Батыс Қазақстан облысы.

Соңғы жаңалықтар