28 Желтоқсан, 2013

Адымы алымды Астана

326 рет
көрсетілді
29 мин
оқу үшін

Астана, ең алдымен, еліміздің ер­теңін айшықтап тұрған Елбасының ерекше назарындағы қала. Әрине, бұл бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұл ретте Елбасының қойған нақты міндеттерін жүзеге асыру жолындағы Астананың аяқ алысы жаман емес. Жалпы, 2013 жыл елордамыз үшін табысы толайым, экономикасы үшін оңтайлы, әлеумет үшін қолайлы жыл болды. Осылайша елордамыз өз дамуының 15 жылдық белесінен беделі мен қуаты асқан, тұтас елдің дамуына үлес қосқан жасампаз қала ретінде асып отыр.

Ponaram astana 7

 

Ponaram astana 7

ҚАБІЛЕТІНЕ ҚАЙТАРЫМЫ САЙ ҚАЛА

DSC 5348Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ,

Астана қаласының әкімі.

Астана, ең алдымен, еліміздің ер­теңін айшықтап тұрған Елбасының ерекше назарындағы қала. Әрине, бұл бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұл ретте Елбасының қойған нақты міндеттерін жүзеге асыру жолындағы Астананың аяқ алысы жаман емес. Жалпы, 2013 жыл елордамыз үшін табысы толайым, экономикасы үшін оңтайлы, әлеумет үшін қолайлы жыл болды. Осылайша елордамыз өз дамуының 15 жылдық белесінен беделі мен қуаты асқан, тұтас елдің дамуына үлес қосқан жасампаз қала ретінде асып отыр.

Ең бастысы, мұның өзі – Елбасының «Астананы өзін-өзі қамтамасыз етуге қабілетті, қарымына қауқары сай шаһар ету» міндетінің алғашқы жемісі. Бұл межеге біз нақты мақсатты жолмен ғана емес, ертеңге азық болатын қордалы қормен жеттік. Оған елордамыздың жалпы даму ахуалы куә. Мәселен, 2013 жылы қаламыздың ішкі жалпы өнімі 7 пайызға өсіп, 2 трлн. 700 млрд. теңгеден асады деп күтілуде. Өнеркәсіп өнімі 230 млрд. теңгені құрайды. Астаналықтардың орташа жалақы мөлшері 165 мың теңге болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 15 пайызға артық. Биыл шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың нәтижесінде олар өндіретін өнім көлемі алғаш рет 1 трлн. 100 млрд. теңгеге жетті. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде жалпы құны 87 млрд. теңгеден асатын 19 инвестициялық жобаның жұмысы жолға қойылды. Осының арқасында қаламызда 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Ал жалпы қала бойынша 2013 жылы 18 мың жаңа жұмыс орны ашылса, оның 12 мыңы шағын және орта бизнес саласына тиесілі. Атқарылған осы ауқымды жұмыстардың арқасында биылғы жылы қала қазынасына түскен салық түсімінің көлемі 600 млрд. теңгені құрады.

Осы орайда ерекше атап өтетін мәселе, Астананы бірте-бірте өзін-өзі толық қамтамасыз ететін қала дәре­жесіне жеткізу жөніндегі Мемлекет бас­шысының тапсырмасы толық орын­далды. Бүгінгі күні Астана өзін-өзі қамтамасыз етуге толық қабілеті бар қала болып саналады. Қаланың негізгі көрсеткіштерінің индикаторы қала экономикасының құрылымында ерекше өзгерістер орын алғанын көр­сетеді. Біріншіден, соңғы бірнеше жыл бойы жалпы түсім құрылымында қа­ланың жеке табысы 2008 жылғы 25 пайыздан 2013 жылы 44 пайызға дейін өсті. Осы орайда қалаға бөлінетін транс­ферттер мен несиелер бірте-бірте тиісінше 70 және 56 пайызға тө­мен­деген. Екіншіден, үстіміздегі жы­лы елорданың жалпы өңірлік өнім көлемі 2,7 трлн. теңгені құрап, 2008 жылғы көрсеткіштен екі еседен астам өсіп отыр. Үшіншіден, мемлекеттік бюджетке түсетін төлемдер 2008 жылғы 269 млрд. теңгеден 2013 жылы 600 млрд. теңгеге дейін немесе екі еседен астам артты. Оның бергі жағында жергілікті бюджеттің шығындары үшін барлық түсімдердің бестен бір бөлігі ғана қалдырылады. Төртіншіден, бұл – инвестиция. Елорда алғаш салына бастаған күннен оның экономикасына 4,8 трлн. теңге қаржы салынған. Оның 2 трлн. теңгеге жуығы немесе 40 пайызы мемлекеттік қаржы. Егер 1998 жылы бұл қаржыдағы бюджет үлесі 62 пайыз болса, 2013 жылы бұл көрсеткіш 34 пайызға дейін төмендеді. Керісінше, қала экономикасына құйылған жекеменшік инвестиция көлемі 1998 жылғы 38 пайыздан бүгінгі 66 пайызға дейін артты. Өз кезегінде бұл өнеркәсіп өндірісі көлемінің 2008 жылғы 110 млрд. теңгеден 2013 жылғы 230 млрд. теңгеге дейін өсуін қамтамасыз етті. Сонымен бірге, шағын және орта бизнес субъектілері өндіретін өнім көлемі екі есе артып, ағымдағы жылы 1 трлн. 100 млрд. теңгені құрап отыр. Қазіргі күні Астана өзінің қалыпты тіршілігін толық қамтамасыз ете алады. Оның үстіне 2015 жылдан бастап, республикалық бюджетке 7,5 млрд. теңге, 2016 жылы 17,3 млрд. теңге аударатын болады. Бұл – үлкен жетістік, тамаша көрсеткіш.

Елорданың инфрақұрылымын дамыту мәселесі тұрақты да, жүйе­лі түрде жүргізіліп келеді. Энер­ге­­ти­калық салада бұл бірқатар ірі ин­вестициялық жобалардың іс жүзіне асырылуымен айшықталады. Cоңғы жылдары біз №1 ЖЭО және №2 ЖЭО-ны елеулі түрде жаңғырттық. Сонымен бірге, №3 ЖЭО-ның құрылысы жүргізілуде. Өткен жылы №2 ЖЭО-ның төрт бу қазанын іске қосу арқылы біз жылу энергиясын артық өндіру дәрежесіне қол жеткіздік. Қаламыздың жылу жүйелерін жаңғырту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылды. Алдағы уақытта Мыңжылдық аллеясын, жаңа теміржол вокзалын және қаламыздың Оңтүстік-Шығыс бөлігін сенімді жылу жүйесімен қамтамасыз ету үшін 4-ші жылу магистралінің құрылысы басталады. 2015 – 2017 жылдар аралығында ЭКСПО қалашығын сапалы да тұрақты жылумен қамтамасыз ету мақсатында 5-ші жылу магистралінің құрылысы салынады. Электр энергиясын тарату желілерін жаңғырту мақсатында да ірі жобалар жүзеге асырылды.

Елордада құрылыс қарқыны жоғары. Жыл сайын біз 1 млн. шаршы метр тұрғын үй алаңын пайдалануға береміз. 2013 жылдың қорытындысы бойынша 1 млн. 200 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылады. Міне, осы көрсеткіштерді Астана қаласының қалыптасу жылдарына шағатын болсақ, осы кезеңде елордамызда 12 млн. шаршы метр тұр­ғын үй пайдалануға бе­­ріл­ген екен. Жалпы алғанда, бар­лық мем­лекеттік бағдарламалар мен же­кеменшік құрылыс салу бағ­дар­ламалары шеңберінде 18 мың отбасы не­месе 60 мың адам жаңа пә­термен қам­тамасыз етілді.

Сөйтіп, соңғы 15 жыл ішінде Ас­тана тұрғындарының тұрғын үймен қам­тамасыз етілуі 1 адамға шаққанда 15 шаршы метрден 25 шаршы метрге дейін өсті. Астана қаласын абат­тан­дыру аясында қаламыздағы өт­кен ғасырдың ортасында салынып, тозығы жеткен апатты тұрғын үй­лер­ді жаңғыртудың маңызы зор. Осы­ған байланысты елімізде алғаш рет елордада 2017 жылға дейін 228 көп­пәтерлі апатты тұрғын үйлерді бұзып, тұрғындарды жайлы да жаңа пәтерлермен қамтамасыз ету жөнінде қанатқақты бағдарлама қабылданды. Қаламыздағы апатты тұрғын үйлердің жалпы көлемі 150 мың шаршы метрден асады. Яғни, осы бағдарлама аясында 3519 отбасын апатты үйлерден жаңа пәтерлерге көшіру керек. Бұл игі шара іс жүзіне асырыла бастады. Қаламызда осы мақсат үшін салынған 189 пәтерлі 2 тұрғын үй кешеніне қа­ладағы 11 апатты көпқабатты үйлердің тұрғындары көшірілетін болады.

Мемлекет басшысы бекіткен қа­ланың Бас жоспарына байланысты алдағы уақытта елорданы дамыту басымдық берілген 5 бағыт бойынша жүзеге асырылады. Бірінші – бұл «Қазақ елі» алаңы ауданындағы Тәуелсіздік сарайының сыртындағы «Мыңжылдық» аллеясы мұнда иге­рілетін аумақтың көлемі 335 гектарды құрайды. 2020 жылға дейін мұнда 25 тұрғын үй кешені салынбақ. Екінші – «Мәңгілік Ел» аркасы аумағындағы Орынбор көшесінің бойы. Болашақта бұл жерде елордамыздың ең сәулетті шағын ауданы бой көтеретін болады. Бұл жерде құрылыс алаңына бөлінген 182 гектар аумақта 42 құрылыс ұйымы жұмыс істемек. Олар 2017 жылға дейін 28 тұрғын үй кешенін пайдалануға береді. Үшінші – Тұран даңғылының бойы. Өздеріңізге белгілі, бұл – қаламыздың ең басты магистралінің бірі. Осы аумақта бөлінген 145 гектар құрылыс алаңында 24 құрылыс ұйымы 2016 жылға дейін 8 тұрғын үй кешенін пайдалануға бермек. Ең маңызды бағыт – «Жасыл квартал» аумағы болмақ. Мемлекет басшысының бастамасы бойынша бұл құрылыс аумағында «жасыл экономиканың» барлық тетіктері пайдаланылатын болады. Аталмыш квартал «Хан Шатыр» сауда орталығы аумағындағы 146 мың шаршы метр аумақта бой көтереді. Оның 100 мың шаршы метрі тұрғын үй кешендері болса, 45 мың шаршы метрі сауда-офистік орталықтар болмақ.

Елордада соңғы жылдары қар­қын­ды жүргізілген жобалардың бірі көлік инфрақұрылымын жаңғырту болып табылады. Соңғы жыл ішінде 330 шақырым жол салынды және күрделі жөндеуден өткізілді. Шағын көлік доғасының құрылысы шеңберінде 20,5 шақырым жол, 4 көлік айрығы, 3 жол бөлігі және 2 көпір салынды. Тек 2013 жылы Қорғалжын тас жолынан басталып, Сейфуллин көшесіне дейін созылатын Бейсекова көшесінің бойындағы жаңа көпір арқылы өтетін жол ашылды. Сөйтіп, Сарыарқа және Тұран даңғылдары бойындағы көлік кептелегі жойылды. Қаламызда қоғамдық көлік қатынасының сапасын арттыру мақсатында БРТ (арнайы бөлінген жолақ арқылы жүретін жүрдек автобустар қатынасы) жобасы жүзеге асырылатын болады. Қабылданған шешім бойынша 2016 жылы БРТ жобасының бірінші кезеңі пайдалануға берілмек. Бұл жоба жүзеге асырылған кезде жалпы ұзындығы 63 шақырым көшелер бойында қоғамдық көлік қатынасы жақсаратын болады.

Соңғы 4 жыл ішінде қалада түрлі деңгейдегі 80 балабақша пайдалануға берілді. 2014 жылы 17 мектеп жасына дейінгі балалар мекемесі іске қосылмақ. Үстіміздегі жылы бүгінгі заман талаптарына сай 8 балабақша пайдалануға беріліп, қалада өте күрделі болып тұрған балалар бақшасына деген кезек мәселесін аз да болса жеңілдетті. Жалпы алғанда, 2020 жылға дейін елордада тағы да 100 мектеп жасына дейінгі балалар мекемесі пайдалануға беріледі. Елордада өткір болып тұрған оқушы орындарының тапшылығын қысқарту мақсатында да кешенді шаралар атқарылуда. Тек үстіміздегі жылдың өзінде ғана 4 жаңа мектеп ғимараты есігін айқара ашты. 2014 жылы тағы да 10 орта мектеп пайдалануға берілмек. Осы жылы тағы да 5 мектептің құрылысы басталады.

Денсаулық сақтау саласында бір­неше заманауи медициналық меке­мелер бой көтерді. Бұл ретте біз емха­налардағы кезек мәселесін азайту жолында табанды жұмыстар жүргізіп келеміз. Өткен жылы қалада ірі емхана пайдалануға берілсе, биылғы жылы ауысымда 500 адам қабылдауға арналған амбулаториялық емхана кешені ашылды. 2014 жылы қаламызда нақ осындай тағы бір амбулаториялық емхана кешені, сонымен бірге, Ильинка кен­тінде жаңа емхана ашылады. Міне, осы медициналық нысандар пайдалануға берілген кезде біз қаламыздағы емхана тапшылығынан толық құтылатын бо­ламыз.

Иә, елордада атқарылып жатқан жұ­мыс ауқымы зор. Елбасының әрбір бас­тамасы баянды жалғасын тапса, әрбір тапсырмасы тиянақты шешімін табуда. Ол да болса Астананың мол мүмкіндігі мен Елбасының ерекше қамқорлығының арқасы. Елорда – еркіндік аңсаған ел тәуелсіздігінің тұғыры. Сондықтан да Астана Мем­лекет басшысының және әрбір қа­зақ­стандықтың жүрегінен лайықты орын алған. Ендеше, елорданы одан әрі көр­кейту үшін осы көпшілік үдесінен шығу жолында қолдан келгеннің бәрі жасалатын болады.

01-Слайд11 2

01-Слайд11 1

01-Слайд11 3

 

 

ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК

● 1998 жылы Астана қаласының жалпы өңірлік өнім өндіру көлемі 60533,1 миллион теңгені құраса, 2013 жылы бұл көрсеткіш 2,7 триллион теңгеге жетті. 15 жыл ішінде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 16,5 миллиард теңгеден 230 миллиард теңгеге дейін өсті.

● Жан басына шаққандағы ІЖӨ көлемі 1998 жылы 186,8 миллиард теңгеден 2012 жылы 3573,0 теңгеге өсті.

● Астаналықтардың орташа жалақысы 2013 жылы 165 мың теңге болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 15 пайыз артық.

● ҮИИД бағдарламасы бойынша Астанада жалпы құны 87 миллиард теңге болатын 19 инвестициялық жоба іс жүзіне асырылуда. Осы жобалардың нәтижесінде 3 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Ал жалпы қала бойынша 2013 жылы 18 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды.

● 2013 жылдың қорытындысы бойынша елордада 1 миллион 200 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы пайдалануға берілді. 15 жыл ішінде қалада 12 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 18 мың отбасы немесе 60 мың адам жаңа пәтерге қоныс аударды.

● Астана қаласында 1998 жылы тұрғын үймен қамтамасыз ету көлемі бір адамға шаққанда 15 шаршы метрді құраса, 2013 жылы бұл көрсеткіш 25 шаршы метрді құрады. Салыстырмалы түрде айта кететін болсақ, бұл көрсеткіш Мадридте бір адамға шаққанда 24 шаршы метрді, Санкт-Петербургте 24,5, ал Париж бен Лондонда 32 шаршы метрді құрайды.

● Астана тұрғындарының табиғи өсімі 15 жыл ішінде 12 еседен астам артты. Қазір елордада бала туу деңгейі жағынан елімізде алдыңғы орынға шықты. Мәселен, 2009 жылы қалада 12 710 сәби өмірге келсе, 2011 жылы 19 175 нәресте дүниеге келді, ал 2013 жылдың 11 айында елордада 20 698 сәби дүниеге келді.

● 15 жыл ішінде қаладағы мектеп саны 47 бірлікке артты. Тек үстіміздегі жылы ғана қалада 4 жаңа орта мектеп ғимараты есігін айқара ашты. 2014 жылы елордада тағы да 10 жаңа мектеп ғимараты бой көтермек.

● Елбасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Балапан» бағдарламасы аясында соңғы төрт жылда қалада 80 жаңа балабақша ашылды. Тек 2013 жылы ғана 8 жаңа балабақша бүлдіршіндерді қабылдай бастады. 2020 жылға дейін елордамызда тағы да жаңа 100 балабақша бой көтереді.

● Соңғы үш жыл ішінде қаламызда 330 шақырым жол күрделі жөндеуден өткізілді. 100 шақырым жаңа жол салынды. Қала көшелерінде 50 жаңа аялдама ашылып, 150 жаңа автобус сатып алынды.

● Астана республикамыздың басты мәде­ни орталығы болып табылады. Қазір қала тұр­ғын­дарына 508 спорттық ғимарат, оның ішінде 3 спорт сарайы, 4 стадион, 12 спорттық кешені, 19 жүзу бассейні, 176 спорттық зал, 22 теннис корты, 16 хоккей алаңы және басқа спорт мекемелері қыз­мет көрсетеді.

● Астанада 47 тарихи және мәдени ескерткіш, оның ішінде 35 қала құрылысы және сәулет өнерінің, 12 археологиялық ескерткіштер бар.

● Елордада 6 театр, 27 кітапхана, 8 музей, 1 цирк, 6 кинотеатр, 3 балалар музыкалық мектебі, 2 өнер және көркемдік мектеп жұмыс істейді.  

01-Слайд11 5

 

01-Слайд11 4

01-Слайд11 6

ТҰРҒЫНДАРҒА ТИІМДІ ҚАНАТҚАҚТЫ ЖОБА

Астананы абаттандыру мәселесі Мемлекет басшысының үнемі назарында тұратын өзекті мәселе екендігі белгілі. Еліміздің бас қаласы жылдан-жылға көркейіп, ерке Есілдің қос жағалауындағы көрікті көшелер күннен-күнге гүлденіп келе жатқандығына куәміз. Осы ретте қаламызда өткен ғасырдың ортасында салынып, бүгінде ескірген көппәтерлі үйлердің елорданы абаттандыруда көлеңке түсіріп келе жатқаны жасырын емес. Осыған байланыс­ты Елбасының тікелей тапсырмасымен өткен жылы қабылданған «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасында Астана қаласындағы тозығы жеткен апатты тұрғын үйлерді бұзу жөніндегі қанатқақты жобаны іс жүзіне асыру туралы арнайы бөлім қарастырылған.

«Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асыратын бұл қанатқақты жобаны белгілеу кезінде Анкара қаласының ескі үйлерді бұзып, олардың орнына жаңа әлеуметтік тұрғын үйлер салу тәжірибесі негізге алынған. Астана қаласының апатты тұрғын үй қорын бұзу мақсатындағы қанатқақты жобаны жүзеге асыру үшін Астана қаласы әкімдігінің арнайы қаулысымен осы келелі міндетті іс жүзіне асыратын өкілетті ұйым – «Елорда даму» ЖШС құрылды. Қала аумағын жаңғырту, апатты тұрғын үйлерді бұзып, мемлекеттік тұрғын үй қоры құрылысын дамыту жаңадан құрылған «Елорда даму» ЖШС-нің басты міндеті болып саналады.

Өткен жылдан бері Астана қаласының алып құрылыс алаңдарында өзінің қолтаңбасын қалдыра бастаған «Елорда даму» ЖШС-нің 100 пайыз жарғылық қоры жергілікті атқару органына тиесілі. Қазіргі таңда серіктестік несие қаржы есебінен 3 тұрғын үй кешенін пайдалануға беріп, 4 тұрғын үй кешенін салуда. Елорданың аудандық әкімдіктері өздеріне қарасты тұрғын үй қорын жан-жақты сараптаудан өткізді. Осы тексеріс барысында құрылыс құрылғылары мен инженерлік жүйелерінің әбден тозығы жеткен 228 көпқабатты тұрғын үй анықталды. Бұл тұрғын үйлердің басым көпшілігі өткен ғасырдың 1940-1970 жылдары салынған. Жалпы аудандар бойынша жүргізілген осындай жан-жақты тексеру жұмыстарының барысында Астана қаласында жалпы көлемі 588 мың шаршы метрді құрайтын 2978 тұрғын үй толық жөндеуді немесе түбегейлі бұзуды қажет ететін ескі тұрғын үй қорына жатқызылған. Оның ішінде 66-сы 5 қабатты, 13-і 4 қабатты, 19-ы 3 қабатты, 174-і 2 қабатты тұрғын үйлер болса, 127-сі 1 қабатты барактар, ал 2579 жеке тұрған жекеменшік үйлер болып табылады.

Қаланы абаттандыру мақсатында алда тұрған бұл келелі жұмысты іс жүзіне асыру үшін «Елорда даму» ЖШС 2013 және 2017 жылдар аралығында салынатын жалпы тұрғын үй көлемінің 30 пайызын осы апатты тұрғын үйлерден көшірілген тұрғындарды қоныстандыру үшін мемлекеттік тұрғын үй қорына тегін беретін болады, ал қалған тұрғын үй қорының 70 пайызын аталмыш қанатқақты жобаны қайта инвестициялау үшін жылжымайтын мүлік рыногында еркін сататын болады.

Бұл қанатқақты жобаны жүзеге асыру шеңберінде біріншіден, Астана қаласында 2017 жылдың соңына дейін жалпы көлемі 150,0 мың шаршы метр болатын 228 апатты тұрғын үйлерді бұзып, 3519 отбасын жаңа пәтерлермен қамтамасыз ету міндеті белгіленген. Екіншіден, коммерциялық тұрғын үй қорын сатудан түскен қаржы арқылы жобаны қайта инвестициялау нәтижесінде апатты үйлерді бұзу және апатты жекеменшік үйлері бар тұрғындарды көшіру үшін жұмсалатын жергілікті атқарушы органдардың бюджетіне түсетін салмақты жеңілдету көзделінген. Үшіншіден, елорданың жоғары дәрежесіне сәйкес ескі кварталдарды жаңғырту арқылы қаланың жаңа архитектуралық келбетін жасау болып табылады. Егер, Астана қаласында осы қанатқақты жоба ойдағыдай жүзеге асырылатын болса, онда ол еліміздің басқа өңірлерінде кеңінен қолданылатын болады.

Ағымдағы жылы осы мақсат аясында қаламызда жалпы көлемі 16,7 мың шаршы метрді құрайтын немесе 314 пәтерден тұратын 3 тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Жылдың аяғына дейін тағы 7 мың шаршы метрді құрайтын немесе 125 пәтерден тұратын 1 тұрғын үй кешені пайдалануға берілмек. Осы 4 тұрғын үй кешенінің 2-уі, яғни жалпы көлемі 9,6 мың шаршы метр немесе 189 пәтерден тұратын Тілендиев даңғылындағы тұрғын үй кешені және Сарайшық көшесіндегі тұрғын үй кешені бұзылатын 11 апатты үйлердің тұрғындарын қоныстандыруға беріледі. Ал Жәнібек тархан-Жұбанов көшелерінің қиылысындағы және Сауран көшесіндегі жалпы көлемі 13,7 мың шаршы метр болатын 2 тұрғын үй кешеніндегі 260 пәтер жобаны қайта инвестициялау үшін жылжымайтын мүлік рыногында еркін сатылатын болады.

Үстіміздегі жылдың қараша айынан бастап осы қанатқақты жоба бойынша қаламыздағы 1946-1960 жылдар аралығында салынған 2 қабатты 5 апатты тұрғын үй бұзылып, тұрғындары жаңа да жайлы пәтерлерге көшірілді, ал қалған 6 апатты тұрғын үй тұрғындар көшірілгеннен кейін бұзылады. Тарих табалдырығын аттағалы тұрған 2014 жылы бағдарлама аясында жалпы көлемі 79 мың шаршы метр болатын тағы да 3 тұрғын үй кешені пайдалануға берілмек. Бұл тұрғын үй қоры көлемінің 24 мың шаршы метрі апатты тұрғын үйлердің тұрғындары үшін мемлекеттік тұрғын үй қорына берілетін болады.

«Елорда даму» ЖШС-нің алдында тұрған міндеттер ауқымы зор. 2017 жылдың соңына дейін қаламыздағы апатты деп табылған 228 үйдің тұрғындарын жайлы да жаңа пәтерлермен қамтамасыз ету керек. Ол үшін серіктестік жалпы көлемі 616 мың шаршы метр болатын тұрғын үй кешенін салып, оның 187 мың шаршы метрін немесе 3519 пәтерін апатты жағдайдағы тұрғын үйлердің тұрғындарына тапсыруы үшін мемлекеттік тұрғын үй қорына беруі қажет. Елорданың одан әрі гүлденуі жолында бұл келелі міндетті жүзеге асыру үшін «Елорда даму» ЖШС-нің ұйымшыл ұжымы қолдан келгеннің бәрін жасайды.

Гүлнәр ЫБРАйыМБАЕВА,

«Елорда даму» ЖШС-нің

бас директоры.

01-Астана кыс 1

ШАҒЫН КӘСІПКЕРЛІК ЖЕТІСТІКТЕРІ

Шағын және орта бизнес Астана қаласының экономикалық дамуына, әлеуметтік проблемаларды шешуге, жұмыссыздықты азайтуға барынша ықпал етеді. Бүгінде елордада 105 187 шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілері тіркелген. Оның ішінде 35 276 заңды тұлға болса, 69 911 жеке кәсіпкер ретінде тіркелген.

2013 жылғы 1 қарашаға дейінгі жағдай бойынша, ШОБ субъектілеріне 81,8 миллиард теңге несие берілген. 2013 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша, ШОБ саласында еңбек ететін астаналықтар саны 179,6 мың адамды құрап отыр. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 9 пайызға көп. Астана қаласының жалпы экономикалық жағынан белсенді тұрғындарының 41,3 пайызы шағын және орта бизнес саласына тартылған.

ШОБ саласындағы белсенді субъектілер саны 47,4 мың бірлікті құрап отыр. 2013 жылдың 11 айы ішінде нақ осы субъектілер 1 087 743 миллион теңгенің өнімдерін шығарды және қызметтерін көрсетті. ШОБ саласын, оның ішінде әйелдер арасындағы кәсіпкерлікті дамытуға «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының ықпалы зор. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы басталғаннан бергі уақыт ішінде Астана қаласының үдемелі индустриялық дамуы жөніндегі үйлестіру кеңесі жалпы құны 51 808,8 миллион теңгенің 267 жобасын мақұлдады. Оның ішінде 2013 жылдың 11 айында 102 жоба мақұлданды. Осы бағдарламалардың ішінде қайта өңдеу өнеркәсібінің жобалары 33 пайызды, көлік саласының жобалары 33 пайызды, қонақүй бизнесі саласы 11 пайызды білім саласындағы жобалар 7 пайызды, денсаулық саласындағы жобалар 8 пайызды және басқа да жобалар 8 пайызды құрап отыр.

Көлік қызметі саласында жалпы құны 5,5 миллиард теңге болатын 89 жобаға қолдау көрсетілуде. 11 автобус паркі 2,9 миллиард несие алып, 200 жаңа автобус сатып алды. Шағын кәсіпкерліктің 67 субъектісі жүк тасымалдау қызметімен айналысу үшін 1,6 миллиард теңге несие алып, жүк көліктерін сатып алды. Такси қызметі саласында 11 жобаға қолдау көрсетілді. 1,0 миллиард теңге несие беріліп, 400 такси сатып алынды.

Қонақүй бизнесі саласында 30 жоба, денсаулық саласында 22 жоба, білім саласында 18 жоба және басқа 23 жоба мақұлданды. 30 миллион теңге көлеміндегі мемлекеттік гранттарды алу үшін 10 жоба мақұлданды. «Жол картасы-2020» бағдарламасына қатысушылар 5 мыңнан астам жұмыс орнын сақтап, жаңадан 3 мың жұмыс орнын ашты.

«Егемен-ақпарат».

___________________________________________

Айқарма беттің материалдарын дайындаған

«Егемен Қазақстанның» шолушысы

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.

Соңғы жаңалықтар