Руханият • 24 Ақпан, 2021

Қазақтың Қыз Жібегі

8303 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Кез келген ұлттың «төлқұжатына», киелі бойтұмары мен мақтанышына айналған аяулы тұлғалары болады. Есімі өзінің туған елімен біртұтасып кеткен сондай саңлақтардың бірегейі – «Қазақтың Қыз Жібегі» атанған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, көрнекті театр және кино актрисасы, профессор Меруерт Өтекешова.

Қазақтың Қыз Жібегі

Осыдан жарты ғасыр бұрын қазақ­тың руханият әлеміне жанартау болып келген режиссер С.Қожықовтың «Қыз Жібек» фильмі – қазақ киносы ғана емес, сол кезеңдегі Кеңес Ода­ғы өнер кеңіс­тігінде шын мағына­сын­дағы құбы­лысқа айналды.

«Қыз Жібек» кино туын­ды­сының өн бойында ұлтымыздың тамыры тереңде жатқан фольклоры мен этнографиясы, философиясы мен дүниетанымы, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, бай музыкалық мұрасы мен өмір сүру салты, барлығы біртұтас күйінде көрінеді. Қыз Жібек – қа­зақтың бар болмыс-бітімін арқау еткен өнердегі хрестома­тия іспеттес қай­таланбас ғажайып туынды. «Қыз Жібек» – қазақтың қасиетті рухы, ар-ұяты­ның айнасы. Сондықтан өзінің өзектілігін, өмір­шеңдігін жоғалтпай, шынайы ма­хаб­­бат туындысы ретінде ұр­пақтан-ұр­­паққа жалғасып ке­леді.

Қыз Жібек пен Меруерт Өтеке­шова – егіз ұғым. Себебі, халқы­мыздың сана­сына жатталған Қыз Жібектің ақылы көркіне сай. Жан сұлулығы мен сыртқы сыр-сымбаты ерекше жарасым тап­қан ұлы даланың ару қызы.

Халқымыздың жан сара­йын­дағы, қия­лы мен арманындағы Қыз Жібекті экран арқылы Ме­руерт Өтекешова сондай шына­йы, мөлдіретіп сомдай білді. Ха­лықтың ыстық ықыласы мен махаббатына бөленуінің астарында Жібек бейнесін сомдаған актрисаның бойын­да да сол ұлы дала аруының асыл қасиеттері жатқандығында да шығар.

Көп балалы Өтекешовтер отба­сын­да өскен Меруертті де әкесі Қаратай мен анасы Кәмила жастайынан адал, еңбексүйгіш болуға тәрбиеледі. Ұлы Абай­дың адамның адамшылығы жақсы ата-ана, жақсы ұстаз, жақсы құрбыдан дегені де бекер айтылмаса керек. Қан майданнан от кешіп жеңіспен елге орал­ған майдангер Қаратай әкенің 8 перзенті де жақсы адам болуға талпынды, өмірден өз жолдарын тапты.

Меруерт Қаратайқызы өнер­ге бала жасынан ерекше іңкәр болды. Алматыдағы қазақ өне­рі­­нің қасиетті шаңырағы Абай атын­дағы мемлекеттік ака­де­мия­лық опера және балет теат­рының қо­йылым­дарынан қал­майтын. Әсі­ресе ұлт­тық опера­мыздың інжу-маржаны іспет­тес «Қыз Жібек» қойылымын қан­шама рет тың­даса да жалыққан емес. Театр­да отырып ақ қанат армандарының қана­тына мінеді, өз қиялында сахнадағы Жібек­пен бірге егіліп, бірге жылап, бірге тебі­ренетін еді. Опера соңында ұзақ қол ша­палақтап, сахнадағы өнер адам­дарының шеберлігіне тәнті болады. Әрине өнерге құштар жас арудың жан сарайында «актриса боламын» деген балаң арман болғанымен, оның іске асуы кейде кездейсоқ сәттерден тұратыны белгілі. Он алты жастағы Меруерт өнерге ойла­маған жерден кездейсоқ келді.

1967 жылдың соңында сол кездегі «Лениншіл жас» газетіне режиссер Сұл­тан Қожықовтың романтикалық дра­маны түсіргелі жатқандығынан дүйім жұртшылық құлағдар болды. Фильм­дегі басты кейіпкерлерге іріктеу бас­та­лып кетті. Бұл туралы Меруерт Қара­тайқызының өзі былай дейді: «Шы­ны керек, бұл киноға түсуге ойда жоқ­та кел­­дім десем болады. Ол кезде мек­теп­те оқимын. Іріктеудің өтіп жатқаны­нан хабардар болып барсам, толған қыздар. Әрі бәрі де әдемі. Әрқайсысы өз-өзіне сенімді. «Мәссаған, мына сұлу­лардың арасында маған не бар?» деп ойлап қоямын». Кейін режиссерден білгенімдей, келген 400-ге жуық қыз­дың жүзі көрікті болғанымен, жүректерін­де өнерге деген сүйіспеншілік аз екен. Оның үстіне, тапсырылған рөлді өз деңгейінде ойнап шығуға біразының қабілет-қа­рымы жетпеген деседі. Содан болар шы­­ғармашылық топтағы өнер иелерінің көп­­шілігі менің қабылданғанымды қа­лап, сабақты ине сәтімен демекші, көп ұзамай Жібектің рөліне бекітілдім».

Режиссердің көрегенділігінің ар­қасы, міне, елу жылдан астам уақыт өтті, Сұлтан Қожықовтың өз фильміндегі Жібек пен Төлегенін дәл тапқанына бү­кіл ел куә болып келеді. Мектепті әлі аяқ­тамаған жас қызға сенім артуының өзін­де де, көркем фильмде махаббат сезі­мін ойнау мүмкін емес, шынайы ға­шық адамның болмысы, адалдық пен пәк­тікке толы арудың жанары арқылы экраннан көрерменге жететінін ұққан биік суреткерлік пен сұңғылалық жатыр. «Қыз Жібек пен Төлегенді тәжірибелі ак­терлерден гөрі жас, көздерінде ұшқын оты жалындаған жастар ойнауы керек», деген Сұлтан Қожықовтың азаматтық ұстанымы мен режиссерлік қағидасы­ның арқасында өнер әлемінде Меруерт Өтекешова мен Құман Тастанбековтің тұсауы кесілді.

Кейін кинотуындыдағы Жібек пен Төлегеннің арасындағы ғашықтық сезім, шынайы өмірде махаббатқа ұласып, Құман ағамыз бен Меруерт апамыз өмірде де, өнерде де жарасымды жұпқа, өнегелі шаңырақ иелеріне айналды. Исі қазақ үшін Меруерт Өтекешова мен Құман Тастанбеков – махаббаттың символына айналды. Меруерт Қаратайқы­зы тағы да өз ойын былай жеткізеді: «Есімде, мен де ел қатарлы фотосынақ­қа қатысып жүргенімде бір түс көрдім. Таудың құзар биігінде басында үкілі бөркі, ақ көйлегі бар бір әсем қыз екі қолын құстың қанаты сияқтандырып, қомданып тұр екен. Барлық ой-санам «Қыз Жібек» фильмінде жүргендіктен болар, бұл «Қыз Жібек қой», бекер кірмеген болар, байқауда бағым жанар деп жорыдым өзімше»... Шынымен де өнерге жан-тәнімен ғашық Меруерттің түсі өңінде орындалды.

Фильмнің ал­ғашқы түсірілімдері Алматы маңында, Күрті, Іле өзендері бойында басталды, Жаркентте жалғасын тапты. Кино ленталар көз алдыңнан өткенде ұлан-ғайыр даланың ғажайып табиғатына, күрең қызыл таулар, көгілдір шыңдарды көріп, еріксіз тамсанасың. Парижде өткен ­«Қыз Жібек» фильмінің тұсаукесер көрсе­тілі­мінде, француздық көрерменнің бірі: «Мынау кинотаспаға қанша бояу кетті екен?!» деп таңғалған көрінеді. Түсіруші топ та қазақ даласының төл табиғатының өз бояуы қанық екендігін мақтанышпен айтып береді. Фильмнің алғашқы түсірілімдері сол жылдың кү­зінен бастау алған болатын. Ал 1969 жылдың көктемінде түсірілім Ақшиде жал­ғасты. Алланың құдіреті-ай десеңші, сол көктем мамыражай болды. Көл маңы толы қызғалдақ. Тек түсіруге үлгеріп тұрсаң болды дегендей. Солай бола тұра, түсіру барысы қиындай түскендей. Бәрімізде былғары күрте болатын. Маңдайдан тер шып-шып шықты. Бірде күн бұлт тасасында қалса, енді бірде күн шақырайып кетті. Түсірілім барысында небір қызықтар мен қиын сәттер де болды. Десе де оның бәрі киноның табиғатына тән жұмыс процесі еді», дейді актриса.

Махаббаттың өміршең дастаны іс­пе­ттес кино туындыдағы сюжет те лиро-эпостық поэмадағы секілді Қыз Жі­бек (М.Өтекешова), Төлеген (Қ.Тас­тан­­беков), Бекежан (А.Әшімов) се­кіл­­ді үштаған бейнелердің арасында өтеді. Актерлік ансамбльдың үйлесім табуы­ның астарында – талант, артистизм, шеберлік секілді өнерпаздық қасиеттер менмұндалайды.

Әкесінің теріс батасын алған Төлеген – сүйген жары Қыз Жібекке жету үшін жолға шығып, Бекежанның қолынан ажал құшады. Қыз Жібек сүйгенінің қа­засына қатты қайғырып, аяғында өзі де өлім құшады.

Жібек болмысын жан-тәнімен ұғын­ған жас актриса Меруерт Өтекешова­ның тұңғыш қадамы сәтті болғанына дау жоқ. Сол заман қызына тән иба-ілтипат, бия­зы мінез, жайдары қылық табу – көп ізденудің жемісі. Әне, көз байлаулы, қолда жебе, қиын асу, қыл көпір. Аттай тулаған жүрек. Жібектің өзі таңдаған тұсау – оны кесетін тек тағдыр ғана. Жұм­бақ тәуекел. Жібек бар болмысымен жебені емес, тағдырын, бақытын таңдап алады.

Құман Тастанбеков сомдаған Төле­ген де әсерлі бейнелердің бірі. Жасты­ғына келбеті, ақылына қайраты сай жас батыр өзін әке ұлы емес, халық ұлы­мын деп санайды. «Шектіні шауып, олжа­лап кел» деген әке үкімін орындамай, ол әс­ке­рін қайырып жібереді де, қа­залы ел­дің қайғысына ортақтасады. Беке­жанмен жекпе-жек, Қособа түбіндегі кө­ріністерде Құман Тастанбеков Төлегенді Жібек сынды арусүйер нағыз батыр бейнесінде дәл көрсетеді. Елдің бірлігі, махаббат бостандығы Төлегеннің ас­қақ арманы осы. «Қайран қазағым-ау, дүниеден еншіңе тигені осы ма еді?» де­ген Төлегеннің соңғы сөзі өз зама­ны­ның асыл арманы болып экран ар­қылы көрермен санасына еріксіз әсер етеді. Құман Тастанбеков Төлеген бей­несін кәсіби жоғары деңгейде жасай ал­ды. Дәлел ретінде Төлеген мен Жібек­тің некесін қию сәтін айтуға болады. Фильм­нен эпизод: ақ отауда, неке төсе­гінде отырған екі жастың ортасында жатқан күміс белдік, екеуінің бірде-бір қозғалыссыз алып-ұшқан сезімді бере білуі, актерлік ым-ишара арқылы сол бір ғажайып сәтті психологиялық тұрғыда өте нанымды көрсетеді. Жібектің қо­лындағы моншақ. Ірі планмен көзге тү­сетін Жібектің қолы кейіпкердің ішкі жан дүниесін суреттейді. Келесі кадр­ларда ақ төсекке шашыла жайылған моншақтар, олардың неше түрлі түс­термен құбылғаны кейіпкерлердің ара­сындағы қарым-қатынасты, ол қарым-қатынастың қандай әдемі де мөлдір екеніне поэтикалық теңеу ретінде қол­данылған. Осы екі жастың сезімін Шеге (Ә.Молдабеков) домбырасының үні өр­нектеп отырады.

«Қыз Жібек» фильмінде қазақтың бір­туар дарын иелері Кененбай Қожабеков, Сәбира Майқанова, Кәукен Кенжетаев, Асанәлі Әшімов, Әнуар Молдабеков, Фарида Шәріпова, Ыдырыс Ноғайбаев, Құман Тастанбековтермен әріптес болу өнер жолына алғашқы қадамын жа­са­ған Меруерт Қаратайқызының шы­ғар­машылығына үлкен серпін берді. Фильм­нің түсірілуі кезіндегі атақты су­­рет­ші Гүлфайруз Исмаилованың жас актрисаға көрсеткен қолдауы тіпті ерек­­ше болды. Жібектің анасын ойнай жү­ріп әрі картинаның суретшісі бол­ған Гүлфайруз Исмаилова – Меруерт Қара­тайқызының көркем бейне жасауына қолдан келген көмегін аямады.

Қазір «Қыз Жібек» фильмін білмейтін жан жоқ шығар. Тіпті алыс-жақын шет­елдіктер Қазақ елін осы фильм ар­қы­лы таныды. «Қыз Жібек» – тек қана мәң­гілік махаббатты емес, сондай-ақ елдік сезімді ұлықтап, қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын кеңінен қамты­ған кино. Содан болар, ол басқа картиналармен салыстырғанда, өміршең болды. Тіпті бастапқыдай халықтың сүйіс­пеншілігінен әлі де тайған жоқ. «Қыз Жібек» лиро-эпостық жыры ойдан шы­ғарылған емес, шынайы өмірде болған­ды­ғымен де қызықты шығар. Демек, халық­тың аңыз-әпсанадан бұрын, тарихи оқи­ғаны бағалайтыны байқалады. Одан бөлек бұл картинаға Сұлтан Қо­жы­қов режиссерлік етіп, Ғабит Мү­сі­репов оның сценарийін жазса, ком­пози­тор Нұрғиса Тілендиев пен ақын Қа­дыр Мырза Әлі ағаларымыздың да атсалысуының өзі киноны классикаға айналдырды.

«Қыз Жібек» фильмінен кейін бір­ден қалың көрерменге танылған Ме­руерт Өтекешова қазақ киноларында көп­теген туындыға түсті. Олардың ішінде – «Ғани Мұратбаев» (1971), «Ұл­дың оралуы» (1977), «Қосымша сұрақ­тар» (1978), «Тентек балалар» (1980), «Аждаһа жылы» (1981), «Өрнек» (1981), «Өтелмеген парыз» (1983), «Жауын», «Ақ бақсы» («Мосфильм», 1982), «Шоқан Уәлиханов» (1983), «Провинциялық хикая» (1981), «Ауылым Көктөбенің бөктерінде» (1985), «Махамбеттің жебесі» (2008), «Арман қала» (2009), «Секіріс» (2010) фильмдерінде, сондай-ақ «Хабар» агенттігінің «Жаным» (2010-2012) телесериалы бар.

КСРО және Қазақстанның халық әр­­тісі Хадиша Бөкееваның шеберхана­сын ойдағыдай тәмамдаған Меруерт Қаратайқызы жас актриса болып 1973 жылы М.Әуезов атындағы Қазақ мем­ле­кеттік академиялық драма театры­­на келді. Ұлттық сахна өнерінің көк­­жие­гін кеңейтіп әлемдік аренаға шы­ға­руға атсалысқан ерекше дарын иесі, Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәм­бетовтің режиссерлік мектебінен өтті. Ә.Мәмбетов сахналаған қойы­лым­дар ұлт құндылығы десек, актриса Ме­руерт Өтекешова ұлттық клас­сик­­те­ріміздің драматургиясын кә­сіби биік тұр­ғыда меңгере білді. М.Өте­ке­шо­ваның кинодағы бойтұмары Қыз­ Жібек десек, актрисаның «сахналық төл­құ­жаты» М.Әуезовтің «Қарагөз» траге­дия­сындағы – Қарагөз бейнесі. М.Әуе­зовтің қаламынан туған қай дүние болсын, барлығына биіктік пен тереңдік тән. Өмір-өнерге келген жүздеген кейіп­кер­лер, алуан бейнелер бұл күнде ұлты­мыздың асыл қазынасына айналды.

М.Әуезовтің ұлы суреткерлігін дә­лел­дейтін дүниесінің бірі, бірегейі – «Қара­гөз» трагедиясы, міне, сексен жылдан астам уақыт, сахна төрінде ұлттың тағ­дыры мен болмысын шертіп келеді.

«Қарагөз» трагедиясының көр­кем­дік ерекшеліктері мен стилі, драма­тургиялық тілі, сахналану тарихы ха­қында Ә.Тәжібаев, Р.Нұрғалиев, Б.Құн­дақбаев, Т.Жұртбай, Б.Нұрпейіс, т.б. көптеген зерттеушінің еңбектері мен ғылыми мақалалары бар. Жан-жақты зерттелген. «Қарагөз» шығармасы қай жа­ғынан алсаң да, әлемдік драматур­гия­ның үздік үлгілерімен иық теңестіре алатын кесек дүние. Трагедияға тән көркемдік компоненттердің барлығы қамтылған. Психологиялық иірімдері мол, эмоциялық бояулары өте қанық.

Трагедияның басты тақырыбы дәс­түр мен жаңашылдықтың қарама-қай­шылығы, махаббат пен ғадауаттың, на­мыс пен қызғаныштың текетіресі, тен­тектік пен тектіліктің, еркелік пен есті­ліктің, ғашықтық пен парасаттың күресі.

Қазақ драматургиясының алтын қо­рына қосылған бұл шығарманың идеялық мазмұнын ұлы суреткер М.Әуезовтің өзі былайша ашып көрсетеді. «Жалпы, трагедия тақырыбы беймезгіл заманда жолсыз өмір кешіп, ерте тартқан қайғы-зардың уынан қаза тапқан өнерлі жастар жайы: асықтық пен ақындық құмарлығына елтіген уыз жастар жайы.

Трагедияның екінші айқындаған идеясы азаптан туған ақындық, қан-қай­ғыдан туған қаза, жеке бастың ғана күй-шерінен басталып барып, халықтық қайғы-қамды ұсынуға беттеген шабытты көрсетпек». Трагедияның басты қаһармандары, бір-біріне ессіз ғашық Сырым мен Қарагөздің өзара іңкәрлік сөздері мына диалогтермен айқын кө­рінеді.

Сырым: Қара түндей қасірет орта­сында жалғыз шырақ-жарығым, маң­дайдағы жұлдызым! Торға түскен ақто­тым...келші күнім!..

Қарагөз: Жаным, Сырым! Менің бар дүниеден бөліп-жарып алғаным – бір ға­на сен өзіңсің. Қандай азап көрсем де, қай қайғыда тебіренумен жүрсем де, жүрегімнің түбінде құпия боп тығылған жалғыз бір сәулем бар. Өз ішімде жанған сол күнім, сөнбес жарығым бар...Соным-өзіңсің, сен ғанасың...

Меруерт Өтекешова сомдаған Қа­рагөз – адалдықтың, өршілдіктің, ма­хаб­­баттың синонимі іспеттес бейнеге айналды. Қойылым финалында сах­­на кеңістігінен Сырымды ойлап азап пен қай­ғының қасіретін кешкен, на­ғыз ма­хаббаттың құрбанына ай­­нал­­ған Қа­рагөзді көресіз. Қара­гөз – Меруерт, Сы­рым – Әнуар, Нар­ша – Құ­ман үш­таға­нын көріп көз­айым болған, мәскеулік театртану­шылар, Ә.Мәмбетов режиссурасымен сах­наланған бұл қойылымға ұлттың болмыс-бітім мен өмір сүру дәстүрін арқау еткен заманауи формалармен қаруланып, бүгінгілік сипатқа ие бол­ған спектакль деп жоғары баға берді. Актриса М.Өтекешова Қарагөздің психо­логиялық толғаныстарын, күйзелген, жынданған сәттердегі ішкі иірімдерін ше­бер жеткізе білді. Бұл спектакль Ре­сей­дің «Культура» арнасының алтын қо­рында сақталған.

М.Әуезов драматургиясындағы сөз ас­тарын ашу, қала берді сырт­қы физи­к­алық әрекет пен ішкі психоло­гия­лық жай-күйді ұштастыру жолында М.Өте­кешова кәсіби жоғары шеберлік пен биік артистизмді көрсетті. Меруерт Қа­ра­­тайқызы сомдаған Қарагөз бейнесі – тұтас бір әлем.

Белгілі театр реформаторы В.Неми­рович-Данченконың «Бүгін. Дәл қазір. Осы жерде» деген атақты принципін еске алсақ, «Қарагөз» – бүгінгі таңда өте өзекті дүние. Қазіргі қазақ қо­ға­мы­ның өзекті мәселелерін дөп баса­тын шы­ғарма. Дәстүрге қарсы күре­се­тін «Сы­рымдар», оған қарсы шы­ға­т­ын «Нар­шалар», өз сезіміне өзі тұн­шық­қан «Қарагөздер» ортамызда әлі бар. «Қара­гөз» трагедиясы сонысымен еш­қа­шан ескірмейтін, адами биік рухани құнды­лықтарды арқау еткен өміршең дүние.

М.Өтекешова театр сахнасында «Қа­­­ра­гөзден» бөлек, М.Әуезовтің «Ең­лік-Ке­бек» трагедиясындағы – Еңлік, Ш.Айт­матовтың «Ана – Жер-Ана» дра­ма­сын­дағы – Әлиман, Ғ.Мүсіреповтің «Аман­гелді» драмасындағы – Бану, Т.Ах­та­новтың «Жоғалған дос» драма­сын­дағы – Ғайни, Д.Исабековтің «Әпке» др­ама­сындағы – Гауһар, Н.Әбуталиевтің «Өт­тің, дүние» драмасындағы – Ханша, С.Мұ­қановтың «Мөлдір махаббат» дра­ма­­сын­дағы – Бәтестің анасы және қазіргі за­манғы драматургияның көрнекті өкіл­де­рі А.Сүлейменов, Д.Исабеков, Т.Нұр­ма­ғанбетов, Р.Мұқанова туындыларында за­манауи кейіпкерлерді сомдады. Қазақ ару­ларының біртуар бейнелерін Ме­руерт Өтекешова өзінің табиғаты мен та­лантына тән өміршең болмыс-бі­т­імімен өрнектеді.

Меруерт Қаратайқызы – бү­гін­гі таңда перзенттерінен немере сүйіп отыр­­ған ­аяулы ана, асыл әже. Ел­ор­да­­мыздағы Қа­­зақ ұлттық өнер уни­вер­­ситетінің ­про­­­­­фессоры ретінде өз ше­­бер­­ханасында бо­­лашақ әртістерге кә­сіби білім бе­реді. М.Өте­кешованың ұлт­­тық театр және кино өне­ріндегі ак­­терлік шығар­ма­шы­лығы мен өмір ­жолы – жас буынға жар­қын үлгі.

 

Асхат МАЕМИРОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

PhD докторы, профессор