Экономика • 25 Ақпан, 2021

Magnum Өзбекстан нарығына шықпақ

263 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Өзбекстан 2021 жылы сауда серіктестігін нығайтып, экономикалық мүмкіндіктерді бірлесіп игеруге ниетті. «QazTrade» АҚ бас директоры Азамат Асқарұлы Өзбекстан Республикасына жұмыс сапары аясында инвестициялар және сыртқы сауда министрінің орынбасары Бадриддин Абидовпен кездесу өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Magnum Өзбекстан нарығына шықпақ

Қазақстан Өзбекстанның жетекші сыртқы экономикалық әріптестерінің бестігіне кіреді, бұл ретте Ташкент Қазақстанның Орталық Азия өңіріндегі негізгі сауда серіктесі саналады. Азамат Асқарұлы екі елдің үкіметі екіжақты тауар айналымын 10 млрд долларға дейін арттыруды жоспарлағанын еске салды.

– Өкінішке орай, пандемияға байланысты 14 пайызға төмендеді. Бірақ биыл елдеріміздің тауар айналымын қалпына келтіріп, арттыра алатынына сенімдіміз, – деді «QazTrade» басшысы.

Дәп қазір Қазақстан Өзбекстанның жеміс-көкөніс және жеңіл өнеркәсібіне мүдделі және ауыл шаруашылығы тауарларын, фармацевтикалық тауарлар мен құрылыс материалдарын ұсынуға дайын. Келіссөз барысында ірі қазақстандық «Magnum» ритейлерінің Өзбекстан нарығына кіруі де сөз болды. Сауда орталығы 2021 жылдың қыркүйегінде Өзбекстанда алғашқы гипермаркетті ашуды, ал 2023 жылға қарай тағы 11 дүкен ашуды жоспарлап отыр. Оның үшеуі гипермакет болмақ. Азамат Асқарұлы бұл ритейлердің Қазақстанда кең дәрежеде танымал екенін де айтып өтті.

Өзбекстандағы Magnum сөрелерінің 30 пайызы қазақстандық өндіріс өнімдерімен толықпақ. Оның ішінде бұрын Өзбекстан нарығына шықпаған қазақстандық брендтер де бар.

Келіссөздер кезінде тараптар екі елдің өндірушілерін қолдау және олардың өнімдерін Қазақстанның мүмкіндіктерін пайдалана отырып, үшінші елдердің нарықтарына шығару бойынша бірлескен іс-шаралар құру мүмкіндігін де талқылады.

– Қазақстанның дамыған көлік инфрақұрылымы, соның ішінде транзиттік инфрақұрылымы бар. Бірлескен кәсіпорындар құру арқылы, оның ішінде Болашақ халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығы шеңберінде бірлескен қазақстан-өзбек кәсіпорындарының өнімдері Еуразиялық одақ елдерінің нарығына кеденсіз қол жеткізе алады. Бұдан басқа, біз бірлесіп өндірілген тауарларды логистикалық орталықтарымыз арқылы Қытай нарығына да, ЕО елдеріне де ілгерілете аламыз, – деп атап өтті Азамат Асқарұлы Өзбекстан Республикасының сауда-өнеркәсіп палатасы төрағасының орынбасары Фаризшох Усмановпен болған кездесуде.