Қазақ мәдениеті мен өнері ауыр қазаға душар болды.
2013 жылдың 27 желтоқсанында 86 жасқа қараған шағында КСРО халық әртісі, Күләш Байсейітова атындағы ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының және «Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты, көрнекті опера әншісі Роза Үмбетқызы Жаманова дүниеден озды.
Қазақ мәдениеті мен өнері ауыр қазаға душар болды.
2013 жылдың 27 желтоқсанында 86 жасқа қараған шағында КСРО халық әртісі, Күләш Байсейітова атындағы ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының және «Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты, көрнекті опера әншісі Роза Үмбетқызы Жаманова дүниеден озды.
Роза Жаманова мемлекеттік өнер институтының студенті бола жүріп 1953 жылы Абай атындағы Қазақ опера және балет театрының сахнасында опера әншісі ретінде өнер көрсетті. Оның өзіндік дауысы, сомдаған образдарының тереңдігі, жоғары әншілік мәдениеті көрермендер мен баспасөз назарын аударып, жас әншінің театрдың жетекші солистерінің бірі болуына, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі (1957) және КСРО халық әртісі (1959) құрметті атақтарын алуына жол ашты.
Роза Үмбетқызы театрдың опералық спектакльдерінде барлық дерлік басты әйел партияларын: Джузеппе Вердидің «Аидасында» Аиданы, «Бал-маскарадында» Амелияны, «Травиатасында» Виолеттаны, «Дон Карлосында» Елизаветаны және «Трубадурында» Леонораны, Джакомо Пуччинидің «Тоскасында» Флорияны, «Богемасында» Мимиді, «Чио-Чио-сандағы» мадам Баттерфляйды, Шарль Франсуа Гуноның «Фаустында» Маргаританы, Жюль Массненің «Манонында» Манонды, Петр Чайковскийдің «Иолантасында» Иолантаны және «Евгений Онегинінде» Татьянаны орындады. Ол Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай», Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара», Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» пен «Ер Тарғын», Сыдық Мұхамеджановтың «Айсұлу», Еркеғали Рахмадиевтің «Қамар сұлу» мен «Алпамыс», Құддыс Қожамияровтың «Назугум», Ғазиза Жұбанованың «Жиырма сегіз» бен «Еңлік-Кебек» сияқты 20-дан астам қазақстандық композиторлардың операларында басты партияларды шеберлікпен шырқады.
Роза Жаманова шетелдерде гастрольдік сапарларда болып, концерт әншісі ретінде көпшілік ықыласына бөленді.
Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваториясының профессоры Роза Үмбетқызы жас орындаушыларды даярлауға, оқу-әдістемелік әдебиеттерін жасауға сүбелі үлес қосты. Ол 20 жылдай Қазақ театр қоғамына басшылық етті және халықаралық театр институтының вице-президенті қызметін ойдағыдай атқарды.
Роза Жаманова Ленин, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, «Парасат» ордендерімен марапатталған. КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Тәуелсіздік жылдары оған жыл сайын шығармашылық зиялы қауымға арналған президенттік стипендия тағайындалды.
Қазақстан опера өнерінің мақтанышы, өз елінің лайықты қызы, көрнекті мәдениет қайраткері халықтың жадында әрдайым сақталады.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі,
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі,
Қазақстан Театр қайраткерлері одағы,
Қазақстан композиторлары одағы,
Музыка қайраткерлері одағы.
ӨНЕРІ ХАЛҚЫМЕН БІРГЕ ЖАСАЙДЫ
Қазақ өнеріне төтеннен келіп жатқан соңғы ауыр соққылар қабырғамызды қайыстырып, жанымызды күйзелтуде. Қараша айында ғана Ерекеңді – ардақты Ермек Серкебаевты жерлеп едік. Осы өнер тарланының қырқын өткізе сала, міне, аяулы құрбым Роза Жаманованың суық хабарын естіп отырмын. Ұлтымыздың мәдениет саласы үшін ауыр шығын, халқымыз үшін қиын қайғы. Жақсылық тілер Жаңа жылдың алдында осындай аймаңдай өнер иелерін жоғалтуымыз, әлбетте, үлкен өкініш.
Біз консерваторияда бірге оқыдық. Студент кезімізден әншілік жолында қол ұстасып бірге жүрдік. Театрда бірге жұмыс істедік. Роза құрбым өнер жолында бақытты болды. Театрдың босағасын берік ұстап тұрған ұстынындай еді десем, қателеспеймін. Ермек екеуміз көбіне гастрольдерге кеткенде негізгі партияларды түгелдей Роза орындап, бүкіл ауыртпалық жүгін өзі көтеруші еді. Сонда қыңқ етпейтін, ешбір реніш білдірмейтін. Қазіргі кезде операда жастар көп қой. Біздің кезімізде санаулы, екеу-үшеу ғана едік.
Розаның жансебілдігі ғой, театрдан басқаны білмейтін. Ән өнерін өркендету үшін көп қоғамдық жұмыстарды да мойымай мойнына алатын. Депутат та болды. Біраз жылдар Театр қоғамын басқарды. Консерваторияда ұстаздық та етті. Бар ғұмырын операға арнаған қазақтың бір әншісі болса, сол Роза Үмбетқызы. Бірінші ойнаған операсы Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сарасы» болатын. «Чио-Чио-сандағы» мадам Баттерфляй, өзіміздің «Абайдағы» Ажар. Қатысқан спектакльдері көп. 50 шақты болып қалар. Әсіресе, күрделі партиялардың бәрін Роза айтатын. «Евгений Онегиндегі» Татьяна, т.т. Оның даусын сопрано дейміз. Мұндай дауыс біреу-ақ болатын. Меніңше, ол күйіп кетті, күйеуі көп жылдан бері төсек тартып ауырып жатыр ғой. Жүрегі нәзік, мейірімді адам осыған қатты қайғырушы еді. Бақытсыз өмір сүре алмаймын деп отыратын. Енді Бақыттың алдында, міне, аяқ астынан өзі кетіп қалды.
Өмір қандай қысқа десеңші. Қандай қызық дәурендер өтті басымыздан. Абыройға да кенелдік. Мәртебе-марапаттарды қатар иелендік. Бақытты шақтарды бастан кештік. Мәскеуге де талай бірге бардық. Конкурстарда бірге төрелік еттік. Ана жылы Венецияға бірге барып сайрандап қайтып едік. Соның бәрі көзді ашып-жұмғанша өтті де кетті. Бір ғана дәтке қуат, Роза Жаманова сияқты дарынның өзі өлсе де, өнері халқымен бірге жасайды. Топырағы торқа болып, нұры пейіште шалқысын.
Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА,
КСРО халық әртісі.

ОПЕРАНЫҢ РАУШАН ГҮЛІ ҮЗІЛДІ
Өнер көгінен өміріңе өшпестей сәуле құйып, ізгілігі мен ілтипатын аямаған, өзің ерекше қадір тұтатын әзіз бір жанды сұм ажал араңнан аяусыз жұлып әкеткенде, жүрегіңнің түбіндегі ең аяулы гүліңді ызғарлы дауыл түбінен қопара суырып алғандай алай-дүлей күй кешесің.
Опера ордасының асқаралы шыңы – Ермек Серкебаев ағамызды жоқтаған көңілдегі даланың мұңлы сазы әлі толық аяқталмай жатып, сол қайғының соңынан жаны жайсаң Роза апамыздың қазасын есту кім-кімге де тым ауыр соғар хабар еді. Осыдан бір ай бұрын ауруханада сырқаттанып жатқанда ұлағатты ұстаздың көңілін сұрай барып, екеуара емен-жарқын әңгіме-дүкен құрғанбыз. Жүзінен сырқаттың қылаудай белгісін көрсетпей, ақжарқын қалпында қала берген жанның ауруынан айығып кетуіне еш шүбә келтірмей риясыз қуанып, ұстаз мейіріміне молынан малынып қайтқан жайым бар еді. Жаратқанның өлшеп берген ғұмырына ешкімнің қарсы тұрар қайраты жоқ. Қайтеміз, қабырғамыз қақырай сөгіліп, қалың елі жоқтаған қазалы үнге қосыла толқып егілерміз. Соңында қалған ғажайып көркем бейнелерін қаз-қатар тізіп, қадау-қадау мұрасының мұратқа айналарын ағыл-тегіл күңіренген күпті көңілге медет етіп, жұбанармыз. Қазақ ұлттық опера өнерінің асқаралы асуына айшуақ із болып қосылған толайым еңбегінің кейінгі ұрпаққа таусылмас азыққа айналарын, тарихта аты мәңгі сақталып қала бермегін дәтке қуат етерміз. Өнердің балауса топырағына өзі шаншыған көкөрім шыбықтар қанатын жайып, әлі-ақ алып бәйтеректей саялы, салиқалы саңлақтарға қосылады деп үміттенеміз. Олардың арасында алды қазірдің өзінде елімізге белгілі, сахналық қолтаңбасы қалыптасқан Балапан Жұбаева, Инна Тарасова, Дина Дүтмағанбетова, Рузия Рамазанова сияқты шәкірттері бар.
Абай атындағы мемлекеттік академиялық қазақ опера және балет театрында Роза Үмбетқызымен бірге өнер көрсете жүріп, мен ол кісіден көп нәрсе үйрендім. Консерваторияда Бекен Жылысбаевтың класын бітіріп, әншілік дауыстың қыр-сырын меңгерсем, ал театрдағы кәсіби өнердің қатпарларына терең батырып, түбінен інжу-маржан тергізген, сахна әртісінен талап етілетін барлық шеберлікті санама тоқытқан алғашқы ұстазым осы кісі. «Ер Тарғын» операсында ол Ақжүністі, ал мен Дананың рөлін сомдадым. Танымал тұлғаларға сырттай табыну бір басқа да, өнер жұлдызымен қатар ойнаудың бақыты өз алдына бөлек сезімге бөлейтін шың. Сондағы Ақжүністің бейнесін сомдаудағы ерекше еңбекқорлығы мені қатты тамсандырды. Жаратылысында жаны өте нәзік, жұмсақ болып көрінетін адамның сол болмысқа мүлде қайшы, батыл да қайсар кейіпкерді дәл бере білу таланты сүйсінтті. Рөлге, өзіңе берілген бейненің үстінен оңашада қалай жұмыс істеу керектігін алғаш мен Роза апайдан үйрендім десем, қате айтпаймын. Роза Жаманова сомдаған мадам Баттерфляй («Чио-Чио-сан»), Жібек пен Ақжүніс («Қыз Жібек», «Ер Тарғын»), Сара («Біржан-Сара»), Ажар («Абай»), Татьяна мен Иоланта («Евгений Онегин», «Иоланта»), Амелия («Бал-маскарад») қашанда шоқтығы биік болып қалатын мәңгілік бейнелер. Оның күміс қоңыраудай құлаққа жағымды естілетін лирико-драмалық сопрана дауысы жоғары вокалдық мәдениеттің ұмытылмас сарыны ретінде санамызда ұдайы жаңғырып тұра беретіні тағы аян.
Осы бір аяулы ұстазбен қоштасар сәтте бәріміздің көңіліміз қандайлық ауыр күй кешсе, үнемі іші-бауырыма кіріп, ағынан жарыла сөйлейтін ұстазбен енді шұрқыраса табыса алмайтыным менің де жанымды соншалық қайғыртады. Онымен бірге қазақ ұлттық опера өнерінің тұтас бір жарқын дәуірі төбемізден көшіп бара жатқандай қинайды. Өнердің үлбіреген нәзік бір гүлі желтоқсанның желімен үзіліп кете барды. Қош бол, ұлағатты ұстаз!
Нұржамал ҮСЕНБАЕВА,
Қазақстанның халық әртісі.

ҮЛКЕН ЖҮРЕКТІ ӘНШІ ЕДІ
Роза Үмбетқызының қазақтың классикалық опера өнеріндегі болмысы бөлек, орны ерекше еді. Біздің ұлы әншілеріміз Күләш Байсейітова, Шабал Бейсекова сынды асыл апаларымыздан кейінгі толқынның топ жарғаны осы кісі. Абай атындағы опера және балет театрында халқымыздың классикалық әндерін, еуропалық және орыс операларындағы сопрано дауысты партияларды орындауда ең алдыңғы шептен көрінген ұлы әншіміз деп те батыл айта аламын. Роза Үмбетқызы театрда қырық жыл бойы үздіксіз еңбек етті. Қазақ әншілерінің ішінде бүкіл әлемге биік деңгейімен танылған, әншілік өнердің шыңына шыққан талант иесі еді.
Роза апай отыз жыл бойы Құрманғазы атындағы консерваторияның профессоры болып ұстаздық етіп, жастарға дәріс берген кезінде тығыз байланыста, бір шаңырақта жұмыс істедік. Мінезге бай, байсалды да мейірімді, ақылды кісі болатын. Жүрегі таза, туған елі мен халқын сүйетін абзал жан еді. Мен ол кезде консерваторияда факультет деканы, одан кейінгі жылдары кафедра меңгерушісі едім. Осы жылдарда отыз шақты дарынды шәкірттерді баулып тәрбиелегеніне куәмін. Олардың ішінде Дина Дүтмағанбетова, Балапан Жұбаевалар Глинка атындағы конкурс лауреаттары атанды, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері деген мәртебелі атақ алды. Абай атындағы опера және балет театрының танымал солистеріне айналды. Осының бәрінде Роза Үмбетқызының көптен-көп ұстаздық үлесі бар екені сөзсіз.
Роза апай бірқатар халықаралық ән конкурстарының жюри мүшесі, Күләш Байсейітова атындағы әншілер конкурсының төрайымы болды. Опера өнеріндегі мұндай үлкен тұлғаның орны әркез ойсырап тұрары анық. Бірақ қазақ халқы тұрғанда қазақ өнерінің бағына туып мерейін асырған Роза Үмбетқызы апайымыздың есімі ешқашан ұмытылмақ емес. Консерватория мен опера театрының алтын кітабында, жарқын шежіресінде осынау ұлы дарынның сомдаған рөлдері, айтқан партиялары әрқашан біздің жас әншілерімізге үлгі бола бермек.
Шахмардан ӘБІЛОВ,
Қазақстанның халық әртісі,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
ОРНЫ ОЙСЫРАП ҚАЛДЫ
ХХ ғасырдағы қазақ опера өнерінің көрнекті өкілі, КСРО халық әртісі, профессор, бір тұлғасына әнші мен актриса образын сыйдырған Роза Жаманова бойындағы қайталанбас тереңдігімен, сезімталдығымен, мақсатты мойындатуға деген талпынысымен дараланып тұрушы еді. Оның қазақ ән өнеріндегі орны бөлек.
Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының түлегі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының сахнасында Батыс Еуропаның және орыстың классикалық операларының шығармаларындағы әйел партияларын, атап айтқанда, Аиданы («Аида»), Дж.Вердидің Виолеттасын («Травиата»), Ж.Массненің Манонын («Манон»), П.Чайковскийдің Татьянасын («Евгений Онегин») және т.б. орындады. Бірақ, оның ең сүйікті кейіпкері – Дж.Пуччинидің «Чио-Чио-сан» операсындағы мадам Баттерфляй болғанын айтуымыз керек. Бұл бейнені сомдауда әртіс талантының жан-жақтылығы мен вокалдық мәдениетінің жоғары деңгейі жарқырай көрінеді.
Роза Жаманованың репертуарында 20-дан астам Қазақстан композиторлары операларындағы жетекші партиялар да болды. Ол Қ.Қожамияровтың «Назугум» шығармасындағы Назугум партиясының бірінші орындаушысы. Сондай-ақ, атақты әнші Е.Рахмадиевтің «Қамар сұлуындағы» Қамар сұлу, Жібек пен Ақжүністің (Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» және «Ер Тарғын»), Ажардың (А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абайы»), Сараның (М.Төлебаевтың «Біржан мен Сарасы»), Еңліктің (Ғ.Жұбанованың «Еңлік-Кебегі») және т.б. жарқын да қайталанбас бейнелерін сомдады.
Р.Жаманова театрдағы еңбегін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы қабырғасындағы педагогикалық қызметке ұштастырды. Одан тәлім алған 40-тан астам шәкірттері қазіргі уақытта, Ресей, Грекия, Қытай, Моңғолия, Қазақстанда табысты еңбек етіп жүр. 20-дан астам шәкірттері халықаралық және республикалық байқаулардың жүлдегерлері мен лауреаттары. Роза Үмбетқызы 2003 жылдан осы уақытқа дейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында вокал кафедрасының кеңесшісі болып келді.
Роза Үмбетқызынан айырылған қазақ опера өнері жетімсіреп қалды. Бұл еліміз үшін де ауыр қайғы.
Жәния ӘУБӘКІРОВА,
Қазақтың Құрманғазы атындағы ұлттық
консерваториясының ректоры.