Қазақстан • 26 Ақпан, 2021

Алға басқан азаматтық қоғам

41 рет көрсетілді

Еліміздегі азаматтық қоғамның даму жолы мен өркендеу кезеңі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ үкіметтік емес ұйымдар Тұңғыш Президентіміздің сенімді серігіне айналды. Тіпті үкіметтік емес секторды дамытудың қазақстандық үлгісі қалыптасты деуге болады. Соның нәтижесінде өткен 30 жылда ел дамуына елеулі үлес қоса алатын, азаматтық қоғамның ауыр жүгін арқалай алатын жаңа буын өсіп-жетілді.

ХХІ ғасырдың тыныс-тір­ші­лігін, мемлекеттің даму барысын азаматтық қоғамның қатысуынсыз елестету мүмкін емес. Әлемнің көп­теген мемлекеттерінде үкімет­тік емес сектордың қызметі мен оның қоғамдағы рөлі әлдеқашан айқын­далғанымен, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдары азаматтық қоғамның аяқ алысы көңіл көншіте қойған жоқ. Осы тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көп­те­ген түйткілді мәселелердің түйі­нін тарқатып, үкіметтік емес ұйым­дардың қызметі жүйелі жол­ға қойыла бастады.

Мәселен, Елбасы «Азаматтық қоғам және мемлекет: Диалог. Серіктестік. Сенім» тақырыбында өткен VIII Азаматтық форумның жалпы отырысында сөйлеген сөзінде «Үкіметтік емес ұйымдар саны 2003 жылы 5 мың болса, 2018 жылы 22 мыңға дейін же­тіп, төрт еседен астам өскен. Мем­ле­кеттік әлеуметтік тапсырысты қаржыландыру көлемі 65 есе өсіп, қазіргі кезде 20 мил­­лиард теңгеден асып отыр. Нәти­же­сінде, бүгінде үкіметтік емес ұйымдардың қызметі, іс жүзінде, қоғамымыздың маңызы бар барлық саласын қамтиды», деген болатын.

Үкіметтік емес ұйымдардың санының көбейгендігі – елі­міздегі азаматтық қоғамның дамы­ған­дығының, белсенді азаматтардың саны артқандығының бірден-бір көрсеткіші деуге болады. Мұның өзі билік пен қоғам арасындағы диалогты жандандыра түсті.

Бүгінде үкіметтік емес сек­тордың даму қарқыны Елбасы салып берген сара жолдан тайған жоқ. Мәселен, еліміздегі үкіметтік емес секторды дамытудың жаңа векторын қамтитын 2020-2030 жылдарға арналған тұжырымдама қабылданды. Бұл туралы 29 қаңтарда өткен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің алқа отырысында вице-министр Болат Тлепов айтқан болатын. 

«Азаматтық қоғам өкілдерінің халықтың жалпы әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақ­сар­туға қатысуы – мемлекеттік мүдде саналады. Бүгінде елімізде 22 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым тіркелген. Соның ішінде 16 мыңы іс жүзінде қызмет істеп жатқан болса, 5 мыңнан астамы белсенді ұйымдар қатарына кіреді. Осы ұйымдардың барлығына мемлекет тарапынан жыл сайын бөлінетін әлеуметтік тапсырыс­тар, гранттар мен қаржылай сый­а­қылар қолжетімді. Мәселен, был­тыр қоғамдық ұйымдардың қаты­суымен елімізде 1250-ден аса әлеу­меттік жоба іске асты. Жүздеген ұйым ары қарай дамуға мүмкіндік алса, 38 қоғамдық ұйым қаржылай сыйақы алды», дейді ведомство басшысының орынбасары.

Вице-министрдің айтуын­ша, Үкімет қаулысымен 2020-2030 жылдарға арналған азамат­тық қоғамды дамытудың тұжырым­дамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілген. Бұл тұжырымдама екі кезең бойынша іске асатын болады. Бірінші кезең 2020-2025 жылдарға негізделсе, екінші кезең – 2026-2030 жылдар аралығында қолға алынады деп жоспарлануда. Өткен жылы бірінші кезеңде іске асырылатын 5 негізгі бағыт бойынша 33 іс-шара қамтылған. Дәлірек айтқанда, аза­маттық қоғамның дамуын құқық­тық жетілдіру; азаматтық белсен­ділікті дамыту және қолдау; сондай-ақ, тұрғындарды мемле­кеттік басқаруға қатысуға кеңінен тарту сияқты шаралар қарастырылған.

«Волонтер жылы табысты аяқталып, осы саланың дамуында оң серпін байқалды. Атап айтқанда, бүгінде волонтерлер ұйымдары мен топтардың саны 3 есеге артты. 2020 жылдың басында небәрі 224 ұйым болса, бүгінде мұндай ұйымдардың саны 600-ге жетіп отыр. Ал волонтерлердің саны екі жарым есеге ұлғайып, былтыр пандемияның өршіген кезінде 100 000 адамға дейін жетті. «Biz birgemiz» бастамасы аясында 7 жоба жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен волонтерлердің республикалық Кеңсесі іске қосылып, оған ілесе еліміздің барлық аймағында 17 өңірлік фронт-кеңсе ашылды. Жыл бойы Сабақтастық, Саулық, Таза әлем, Асыл мұра, Қамқор, Үміт, Білім сияқты маңызды бағыттар бойынша 7 жалпыұлттық волонтерлік жоба жүзеге асырылды. Жалпы, республика бойынша волонтерлерді қолдаудың 18 орталығы ашылды», дейді вице-министр.

Ақпарат және қоғамдық даму ми­нистрлігі қолданыстағы үкімет­тік емес ұйымдарға арналған грант беру қағидаларын жетілдірген. Өзгерістер енгізілген нормативтік-құқықтық актінің жобасы аза­маттық қоғам саласындағы сарапшылармен бірлесе әзірленген. Жаңашылдықтар сарапшылар тізімін қалыптастыру және жүр­гізу тәртібін регламенттеуге қа­тыс­ты. Жаңа қағида бойынша, сарап­шылар тізімі 1 жыл мерзімге жасалады және көпшілікке жария­лы болып саналады. Сондай-ақ гранттардың тақырыптары қоғам талқысынан кейін жоспарланып, іске асырылады.

«Өткен жылғы нәтижеге ке­летін болсақ, жалпы 88 қоғамдық ұйымның қатысуымен 117 гранттық жоба орындалды. Соның аясында 667 оқыту іс-шарасы, 54 зерттеу жүргізілді. Сонымен қатар әлеуметтік қызмет көрсетуге негіз­делген 4 жоба іске асып, 15 веб-ресурс құрылып, 52 орталық ашылды. Жалпы, осы әлеуметтік жобалар барысында ел бойынша 1 млн-нан астам адам нақты көмек алды», дейді Б.Тлепов.

Вице-министр өткен жылы 1500-ден аса үкіметтік емес ұйым өкілдерінің басын біріктірген ІХ азаматтық форум өтіп, соның аясында 40-қа жуық зиялылық алаңы ұйымдастырылғанын, он­лайн форматта жалпы саны 20 000-ға жуық қатысушы тір­кел­генін жеткізді. Сонымен қатар орталық мемлекеттік орган бас­шыларының деңгейінде 12 кездесу өтіпті. Нәтижесінде, қоғамдық ұйымдардан 650-ден астам ұсыныс келіп түскен екен. Бүгінде аталған форумның нәтижесі бойынша әзірленген іс-шаралар Үкіметтік деңгейде жүзеге асырылып жатыр.

«Азаматтық қоғам өкілдерімен орталық және жергілікті мем­ле­кет­тік органдардың бірлесе атқарған жұмыстары мұнымен шектелген жоқ. «Халық үніне құлақ аса­тын мемлекет» қалыптастыру мін­деттерін орындауда қолға алынып отырған жұмыстардың басты ба­ғыттарының бірі – ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету. 2020 жылы 30 желтоқсанда ел Президенті тиісті заңға қол қойған болатын. Соған сәйкес, енді әрбір мемлекеттік органда ақпаратқа қол жеткізу мәселелері бойынша уәкілетті тұлға немесе бөлім айналысатын болады. Сондай-ақ биыл алғаш рет Мемлекет басшысына елдегі ақпаратқа қолжеткізу саласының жай-күйі туралы есеп әзірленеді», дейді ведомство басшысының орынбасары.

Осы отырыста еліміздегі үкі­мет­тік емес ұйымдардың мәні мен маңызын «Қазақстанның Азамат­тық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Бану Нұр­ғазиева да айрықша атап өтті. Оның айтуынша, белсенді азаматтық қоғам – мемлекеттің стратегиялық мін­дет­терін табысты шешудің басты факторы саналады. Бір ғана мысал, пандемия басталған кезде үкі­меттік емес ұйымдар әр түрлі салада жүргенімен, кез кел­ген қиыншылықты еңсере ала­тындығын байқатты. Отандастары­мыз індеттің айналасында аза­мат­тық қоғам өкілдерінің топтаса алғанына және үкіметтік емес ұйымдар халық пен билік арасын­дағы өзара тиімді диалогты қам­туға ықпал ететіндігіне куә болды.

Елбасы «Үкіметтік емес ұйым­дардың атсалысуымен мүмкін­дігі шектеулі адамдар, ерекше мұқтаж балалар мен жастар үшін аса белсенді ортаның қалыптасуы жақсы үрдіс саналады. Инклюзивті қоғамды дамыту – әлемдік тәжі­рибе және барлық дамыған елдер­дің азаматтық қоғамы жүзеге асыратын маңызды әлеуметтік міндеттердің бірі», дегені есімізде. Бұл ретте, елімізде 30 жылдан астам тарихы бар Қазақстан Мүге­дектері одағы жұмыс істеп келе жатқанын айтуға болар еді. Аталған ұйымның төрағасы Әли Аманбаев азаматтық қоғамның даму барысына тоқтала келіп, өткен 30 жылды еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы анағұрлым алға басқанын айтты.

«Біз кейде осыдан 10-20 жыл бұрын болған оқиғаларды, бас­тан өткерген көптеген қиын­шы­лықтарды ұмытып кетіп жатамыз. Эмоцияға ерік беріп, барды бағалай алмайтын кездеріміз де болады. Бірақ мен осынау жүріп өткен жолымызға қарап отырып, 30 жылда көптеген жұмыс істелгенін еске түсіре аламын. Жа­салған жақсылық пен игі істерді, тың бастамаларды жасырып қалуға болмайды. Мәселен, тоқсаныншы жылдары қаланың қақ ортасындағы көпқабатты үйлердің аулаларында от жағып, ас әзірлеген кездеріміз болды. Содан бері көп дүние өзгерді. Осы азаматтық қоғамның арқасында Үкіметтің ерекше қажеттілігі бар адамдарға деген көзқарасы өзгерді. Көптеген қоғамдық бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар құрылды. Сол ұйымдар бүгінде ауқымды жұмыстарды қолға алып жатыр. Оларға Үкімет тарапынан сан түрлі тапсырыстар беріліп келеді. Яғни үкіметтік емес сектордың қоғамды алға бастырудағы, дамытудағы үлесі зор. Сондықтан, үкіметтік емес ұйымдарды жұдырықтай жұмылып, мемлекетке барынша көмек көрсетуге шақырамын», дейді Ә.Аманбаев.   

Иә, 30 жылда еліміздегі үкі­мет­тік емес ұйымдар талай биікке табан тіреп үлгерді. Бұл – ең алды­мен, Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың оларға көрсеткен қолдауы мен қамқорлығының жемісі. Ендігі ретте, Елбасы айтып өткендей, «Үкіметтік емес ұйымдарға мем­лекеттік қызметтерді беру жө­ніндегі жұмыстарды жалғастырған жөн» дер едік. Осылайша, аза­маттық қоғамға жүктелген ма­ңызды міндет мемлекет дамуына да сенімді серпін беретіні анық.

Соңғы жаңалықтар

Бір шаңырақтан – үш майдангер

Руханият • Бүгін, 14:00

Қазақ дегеніміз – Бауыржан...

Руханият • Бүгін, 09:45

505-ші түрменің тұтқындары

Тарих • Бүгін, 09:15

Амманға аттанды

Спорт • Кеше

Ұқсас жаңалықтар