Парламент • 26 Ақпан, 2021

Сенаторлар көлік қауіпсіздігі деңгейін төмен деп санайды

185 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Парламенті Сенатында Палата Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіровтің төрағалық етуімен Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысы болды. "Ұлттық қауіпсіздік туралы" Заңның көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлігінің іске асыру барысын талқылау күн тәртібіндегі негізгі мәселе болды.

Сенаторлар көлік қауіпсіздігі деңгейін төмен деп санайды

Төраға орынбасары өз сөзінде Мемлекет басшысы серпінді инфрақұрылымдық жобалар, қызмет көрсету деңгейі мен транзит бағыттардағы жылдамдықты арттыру есебінен Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатын алға қойғанын еске салды. Атап айтқанда, 24 мың шақырым жолды, яғни барлық республикалық жолдар мен ондағы қызмет көрсетулерді 2025 жылға дейін қайта құру және қамтамасыз ету міндеті қойылды.

Сенаторлар осыған дейін Үкімет атына жолдаған депутаттық сауалында еліміздің транзиттік әлеуетін дамыту мәселесін айтқан болатын.

«Көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейінің жеткіліксіздігі, осы саладағы мемлекеттік саясатқа халықтың ризашылық деңгейінің төмендігі саладағы маңызды проблемалардың бірі болып табылады. Көліктегі қауіпсіздік деңгейін арттыруды мемлекеттік саясаттағы басым міндеттердің бірі ретінде қарастыру қажет», деді Асқар Шәкіров.

758

Отырыс барысында Бас прокуратураның, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, индустрия және инфрақұрылымдық даму, сыртқы істер және қорғаныс министрліктерінің, басқа да мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Сенаторлар көлік қауіпсіздігі саласындағы құқықтық, ұйымдастыру және техникалық проблемалар, сондай-ақ белгіленген мәселелерді шешу жөніндегі қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етілді. Атап айтқанда, салалық заңнаманы іске асыру барысы, әуе кемелерін пайдаланушылардың сертификаттау талаптарына түзетулер бойынша бастама жасау, көлік саласына инвестиция тарту жөніндегі халықаралық ынтымақтастықты кеңейту туралы айтылды.

Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед отырысты қорытындылай келіп, еліміздің экономикалық қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі болып табылатын көлік қауіпсіздігі деңгейін арттыру жөнінде барлық мемлекеттік органдардың келісілген қызметі қажеттігін атап өтті. Ол сондай-ақ отырыс барысында сенаторлар айтқан ұсыныстарды мемлекеттік органдардың ескеретініне сенім білдірді.

Депутаттар өз кезегінде заң шығару арқылы көлік қауіпсіздігі проблемаларын шешуге көмектесуге дайын екендіктерін атап өтті.