30 Желтоқсан, 2013

Олимпиялық құрама киім үлгілері таныстырылды

326 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

photo 27751Алматы қаласындағы Балуан Шолақ спорт сарайында Сочи қаласында өтетін қысқы Олимпиялық ойындарда Қазақстан құрамасының спорттық киімдері таныстырылды.

Спорттық үлгідегі киімдер тігумен айналысатын ҚазСПО-N компаниясы ұсынған спорттық кәстөмдер жиынтығына 26 үлгідегі киімдер кіреді. Олардың ішінде Олимпиаданың ашылу салтанатында киетін шерулік формадан өзге, баскиім, жаттығу формасы, бөкебай, суық өткізбейтін ішкиім, жылы кеудеше және басқалары бар. Бір спортшыға арналған бұл киім топтамасының бағасы шамамен 2300 АҚШ доллары тұрады.

Киімнің түсі Қазақстан туының түсіне сәйкес, ал ою-өрнегі ұлттық безендіру кейпінде берілген. Онда еліміздің ежелгі жазба үлгілері мен тас мүсін секілді мәдени ескерткіштері де көрініс тапқан. Сонымен қатар, тау-тасқа қашап салынған бұқа, барыс, салт атты адам және бас орнына күн бейнеленген суреттерді де біздің спортшылардың киімінен көруге болады.

Компания директоры Елена Свечникованың айтуынша, отандық спортшылардың киім үлгісін жасарда тігінші-суретшілер еліміздің білгір тарихшыларынан кеңес алған екен.

Бұл киімнің үлгісі жақын күндерде еліміздің спорт дүкендеріне түсіп, тіпті жас балаларға арналған үлгілерін де ел сатып алуына жағдай жасалмақ.

Қанат Ескендір.

Алматы.

Соңғы жаңалықтар