31 Желтоқсан, 2013

Үздіктерге қосылған Үсенбаева

426 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

01-Нуржамал УсенбаеваӨтіп бара жатқан 2013 жыл еліміз үшін де, өнер мен мәдениет, ғылым мен саясат саласындағы жекелеген тұлғалар үшін де жемісті әрі жеңісті болды. Шүкір, ауыз толтырып айтарлық жетістіктерімізді бір еске түсіріп алу артық болмас деп ойлаймыз.

 

Бекзат өнер – классикалық музыканың ханшайымы Нұржамал Үсенбаева үстіміздегі жылы «Алтын Еуропа» марапатын иеленген еді. Жемісті жыл қорытындыланып жатқан сәтте танымал әншіге хабарластық.

01-Нуржамал УсенбаеваӨтіп бара жатқан 2013 жыл еліміз үшін де, өнер мен мәдениет, ғылым мен саясат саласындағы жекелеген тұлғалар үшін де жемісті әрі жеңісті болды. Шүкір, ауыз толтырып айтарлық жетістіктерімізді бір еске түсіріп алу артық болмас деп ойлаймыз.

Бекзат өнер – классикалық музыканың ханшайымы Нұржамал Үсенбаева үстіміздегі жылы «Алтын Еуропа» марапатын иеленген еді. Жемісті жыл қорытындыланып жатқан сәтте танымал әншіге хабарластық.

– Нұржамал ханым, биылғы жыл сіз үшін табысты болды. Классикалық музыкадағы жетістігіңізден басқа, тағы қандай қуаныштарды бастан өткердіңіз?

– Осы 2013 жыл менің жеке өмірім үшін де, өнерім үшін де өте табысты, қуанышқа бөлеген жыл болды. Отбасымдағы қызықшылықтың ең үлкені – Қарлығаш қызымның шаңырағында Ажар есімді немереміз дүниеге келді.

Сахнаға шығу, әрине, мен үшін үлкен жауапкершілік және қуаныш. Өнерді сүйетін көпшілік алдына шығып, оларға классикалық өнердің мәйегін бере білу бір мәселе болса, ұлы туындыларды табиғатына сай шеберлікпен орындау ол да үлкен еңбекті талап етеді. Сондықтан да биылғы жылы өнердегі табысым да, қуанышым да Еуропалық өнер одағының берген «Алтын Еуропа» («Golden Europea»)деп аталатын мәртебелі марапатқа ие болдым. Чехия астанасы Пра­гада орналасқан дүниежүзіндегі ең үздік концерттік залдардың бірі Рудольфинумде өнер көрсеттім. Ауыр дертке шалдыққан балаларға қолдау көрсетіп, олардың заманауи технологиялық құралдармен жабдықталған үздік емханаларда ем қабылдауына мүмкіндік тудыру мақсатында өткізілген концерт еді бұл.

Рудольфинум концерттік залының акустикасы керемет, ол жерде әлемнің ең алдыңғы қатарлы өнер қайраткерлері ән салған. Ол жерде «Прага көктемі» секілді дәстүрлі шаралар жоғары деңгейде өткізіліп тұрады. Менің де бағыма сол Рудольфинумда өнер көрсету және оның үстіне сол концерттен түскен қаржыны сырқат балаларға деп қайырымдылық қорына салу мүмкіндігі бұйырды.

– Еуропа төрінде қандай туындылар шырқалды және сізге дейін бұл марапатты кімдер иеленген еді?

– Сол концертте мен әлем, Еуропа және қазақ композиторларының классикалық туындыларын орындадым. Концерт соңында Еуропалық өнер одағының өкілдері сахнаға шығып, маған «Алтын Еуропаны» табыстағанда әрі қуандым, әрі таңғалдым. Өйткені, мен концерттің соңына дейін ондай үлкен сыйға ие болатынымды білмеген едім.

Бұл марапатқа ең бірінші ие болған Пласидо Доминго еді. Одан кейін мұндай үлкен мәртебеге ие болу мен үшін үлкен құрмет болды. Бұл менің жеке өнерімдегі ғана емес, қазақ халқының бекзат өнердегі биігі деп есептеймін.

Негізі бұл марапатты Еуропалық өнер одағы «орындаушылық шеберлігіне», «өнердегі қайырымдылығы үшін» дейтін түрлі еңбектерді бағалап береді. Менен кейін «Алтын Еуропаға» чехтың Филип Банджак дейтін баритоны ие болды. Бұл наградаға аталмыш өнер одағының өзі менің өнердегі 30 жылдық еңбегімді бағалап, осы күнге дейін әлемнің қай жерінде, қандай сахналарында концерт қойғанымды ескеріп ұсынып отырғанын білгенімде еуропалықтардың шынайы өнерге деген құрметі мен жауапкершілігіне риза болдым.

– Алдағы 2014 жылдағы концерттік жоспарларыңыз?

– Келер жылы Қазақстанның барлық өңірін аралап, өзімнің өнердегі 30 жылдық еңбегіме есеп беру концертімді өткізуді ойлас­тырып отырмын. Қазақ, итальян, орыс, француз классикасынан, көптеген опералардағы ірі туындыларды, камералық концертімді халқыма жолдасам деймін. Өз тарапымнан «Егемен Қазақстан» газетінің қалың оқырман қауымына алдағы келе жатқан Жылқы жылы табысты, берекелі, молшылық заманның басы болсын дегім келеді. Дәрежесі мен деңгейі биік классикалық өнерді асқақтатқан Қазақ елі қашанда тыныш, бақуатты және абыройы асқақ бола берсін. Еліміздің намысын әлем алдында биіктетіп, жақсы атымыз жаһанға жайылсын деген ізгі тілегімді жолдаймын!

Әңгімелескен

Қанат ЕСКЕНДІР,

«Егемен Қазақстан».