Аймақтар • 01 Наурыз, 2021

Созақтық полицейлер боранда жолда қалғандарды құтқарды

324 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысы аумағында қалың қар жауып, ақ түтек боран басталды. Бірнеше күн боран мен қар жауып облыс жолдарының барлығында көліктердің жүруіне кедергі келтіріп, дамылсыз соққан ақ түтек боран жолаушыларды жолда қалдырды, деп хабарлайды Egemen.kz

Созақтық полицейлер боранда жолда қалғандарды құтқарды

Ауыр жүк көліктері мен жеңіл көліктер жол жиегіне шығып кетіп, тіпті кейбірі бір-біріне соқтығысып жатты. Ауа райының тосын мінез танытып, ысқырып соққан суық желде азаматтардың амандығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Түркістан облысының бүкіл жеке құрам қызметкерлері облыс жолдарына жұмылдырылды. Таң атпастан күшейтілген режимде жұмысқа кіріскен полицейлер барынша тұрғындарға сақ болулары мен үйден шықпауларын ескертті.

Ал жолда қалған жолаушыларды қызметтік көліктерімен жылы орынға жеткізіп, қарға батып, жүре алмай қалған көліктерге қарын күреп, қайтадан жүріп кетуіне ықпал жасады. Күрек ұстап қар күреген, көлік итеріп, көмек көрсеткен полицейлер суыққа қарамастан қызметтерін тәуліктеп атқарды. Мәселен, Созақ АПБ-нің полиция қызметкерлері ауа райының кенеттен бұзылып кеткеніне байланысты «Ұланбел-Созақ-Екпінді» тас жолдары жабылған. Полицейлер қар құрсауында қалып қойғандарға көмек берді. Нәтижесінде бір тәулік ішінде төрт автобус, төрт жеңіл автокөлік жол шетіне шығып қалған. Соның ішінде тәртіп сақшылары 100-ден астам жолаушыларды құтқарып үй-жайларына жеткізілді. Өз кезегінде жүргізушілер мен жолаушылар созақтық полиция қызметкерлеріне: «Рақмет, еңбектеріңіз жана берсін! Түркістан облысы полиция қызметкерлеріне алғыс айтамыз», деп жылы лебіздерін жеткізді. Ал күннің ызғарына қарамастан қызметін жалғастырып жатқан полицейлер жолаушыларға жолдың тайғақ екенін, абай болу керектігін айтты. Ұзақ жолға шықпау керектігін айтып, ескерту жасады.

Созақ АПБ-ның қызметкерлері ауа райының тосын мінез танытып, бұрқасын болуына, қардың қалың жаууына байланысты жолдың жабық екенін ескертеді. Барша тұрғындар мен қонақтарға жолға шықпауға кеңес береді. Тәртіп сақшылары жолаушылардың амандығы үшін, жолдарда кірпік ілместен қызмет етуде. Тезірек жолдың ашылып, қардан тазалануына көмектесуде.