Аймақтар • 01 Наурыз, 2021

Ресей инвесторлары Атырауға бет бұрды

455 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау облысында Ресей инвесторларының қатысуымен 3,6 млрд теңгенің екі жобасын іске асыру көзделіп отыр.

Ресей инвесторлары Атырауға бет бұрды

Ресейлік инвесторлармен кездескен облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің айтуынша, Атырауда инвестициялық жобаларды іске асыруға мол мүмкіндік бар.

«Инвестициялық жобалар аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпалын тигізеді. Сондықтан, облыс экономикасының өркендеуіне септігі тиетін инвестициялық жобаларды қолдауға дайынбыз», дейді Махамбет Досмұхамбетов.

Атырауда екі жобаны қолға алатын инвестор – «УльтраСтаб» ЖШҚ-ның директоры О.Костылевтің мәліметінше, қазір инвестициялық жобаның бірінші кезеңі үшін шетелден екі станок сатып алыныпты. Енді өндірістік жабдықтарға тапсырыс беріліпті. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайын тұр.

«Жылына 3 млн шаршы метр геосинтетика шығару цехына 38 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделді. Ал, экструзиондық геосинтетика цехына 44 адам тұрақты жұмысқа орналасады. Оның қуаты жылына – 5 млн шаршы метр. Бұл цехтар жыл соңына дейін іске қосылып, өнім шығара бастайды», дейді О.Костылев.

Бұл жобаларға қажетті шикізат әзірге шетелден тасымалданады. Кейін шикізат  Атыраудағы KPI компаниясы іске асырып жатқан интеграцияланған газ-химия кешенінен алынады.

Ресей инвесторлары іске асыратын жобаларда құрылысқа қажетті сан түрлі дайын өнім шығаруды көзделіпті. Оның ішінде автокөлік пен теміржол құрылысына, өнеркәсіптік қалдықтарды сақтау мен жағалауды бекітуге қолданылатын материалдар бар.