Шынында өтіп бара жатқан жыл кәсіпқой боксшы Геннадий Головкиннің абыройын бұрынғыдан да асырып, атағына атақ қосқан айтулы жыл болды. Осыдан бірнеше күн бұрын еліміздің спорт журналистері оны «Қазақстанның 2014 жылғы ең үздік спортшысы» деп таныды. Ал Американың USA Today басылымы «Жыл боксшысы» деп атады. Тағы бір қауым алдағы 2014 жыл әлден қарағандылық қабылан үшін бұдан да жоғары белестердің кезеңі болады деп кесіп-пішіп отыр.
Шынында өтіп бара жатқан жыл кәсіпқой боксшы Геннадий Головкиннің абыройын бұрынғыдан да асырып, атағына атақ қосқан айтулы жыл болды. Осыдан бірнеше күн бұрын еліміздің спорт журналистері оны «Қазақстанның 2014 жылғы ең үздік спортшысы» деп таныды. Ал Американың USA Today басылымы «Жыл боксшысы» деп атады. Тағы бір қауым алдағы 2014 жыл әлден қарағандылық қабылан үшін бұдан да жоғары белестердің кезеңі болады деп кесіп-пішіп отыр.
Әр нәрсенің бір себебі болады. Тегінде Геннадий Головкиннің бұлайша барша жұрттың жанарында қалықтап, ынта-ықыласына бөленуіне оның биылғы жылы төрт мәрте шаршы алаңға шығып, соның төртеуін де мерзімінен бұрын аяқтағаны айрықша әсер етсе керек. WBA болжамы бойынша әлемнің орта салмақтағы суперчемпионы болып саналатын жерлесіміз осы ұрыстардың бәрін ерекше бір екпінмен, жаңаша бір жігермен өткізді.
Ал беделді америкалық басылымның жоғарыдағы «Жыл боксшысы» деген аталымы үшін талас ресейлік Сергей Ковалев пен канадалық Адонис Стивенсон үшеуінің арасында өтіпті. Дәуір көкжиегінен кетіп бара жатқан жылы бұлардың үшеуі де рингке төрт реттен шығыпты. Осының өзі бүгінгі таңдағы кәсіпқой бокстағы элиталы былғары қолғап шеберлері үшін сирек кездесетін дерек болып табылады. Бұлар соның төртеуінде де жеңіске жеткен. Соның ішінде Ковалев қарсыластарының бәрін төртінші раундтан арыға жібермей, талқандап отырған. Алайда, USA Today басылымы түйінді сәл басқаша түйген. Оның сарапшылары сондықтан: «Бірақ оның «төрттігі» бұрын ешқашан бірінші раундта жеңіліп көрмеген әлемнің жартылай ауыр салмақтағы экс-чемпиондары Таворис Клауд пен Чед Доусонды тізерлеткен Стивенсонның жеңістері қалқасында оншалықты көрнекті болып көріне қоймайды», – деп бір түйдектетіп өтеді де, ең соңынан: «Жеңімпаз Головкиннің стилі, шеберлігі, жойқын соққысы оның телевидениеден көрсетілген барлық айқастарын бокс жанкүйерлері үшін керемет тартымды көріністер етіп шығарды. Сол себепті де біз тап осы Головкинді «Жыл боксшысы» етіп таңдадық», – деп ағынан ақтарылады. Бұдан басқа, америкалық басылым Генаға британиялық Мэттью Макклинмен өткізген шайқасының үшінші раундында қарсыласына берген дүлей соққысы үшін ынталандыру сыйлығын да тапсырыпты.
Осы тұста Американың Bleacher Report атты танымал сайты Геннадий Головкиннің бір жылдың ішінде келешегінен үлкен үміт күттіретін қатардағы боксшыдан супер жұлдыз дәрежесіне дейін жетіп үлгерген тарлан талант екенін ерекше атап өтті. Ал біздің жерлесімізге осыншалықты биік баға беріліп, жоғары атақтар таңылуына себеп болған ұрыстардың ілкісі үстіміздегі жылдың 13 қаңтарында Нью-Йоркте тегі мексикалық АҚШ боксшысы Габриэль Росадомен өтіп еді. Сол жолы Гена өзінің WBA болжамы бойынша әлем чемпионы деген атағын алтыншы мәрте, IBO нұсқасы бойынша үшінші рет қорғады. Сонымен бірге, бұл оның НВО телеарнасынан көрсетілген екінші жекпе-жегі болды. Бірақ бұл жұрттың біразы алдын ала бал ашқандай, бірден Росаданың мұрыны жер иіскейтіндей текетірес болған жоқ. Керісінше өз жанкүйерлерінің қуатты қолдауына сүйенген алаң иесі алғашқыдан арындап алға ұмтылды. Бір кезде қарсы шабуыл тактикасына жақсы еніп алған ол бірте-бірте дәл соққысының санын да арттыра түсті. Дегенмен, бұл жұдырық сілтестер кейін келе Головкиннің ауаның апшысын қуырып барып, қарсыласын қарып түсетін сүргін сүрмелеріне қарағанда, баланың ойыншығындай ғана болып көріне берді. Ақырында қарсы жақтың командасы өз бағландарының мүшінің күші басым қазақстандық боксшының сұрапыл тегеурініне төтеп бере алмай бара жатқанына анық көздері жеткесін, ортаға орамал тастап, сауға сұрады. Сөйтіп, Геннадий ұрысты 7 раундта техникалық нокаутпен аяқтады.
Қарағандылық қаршығаның ел есінде қалған екінші шайқасы 30 наурыз күні Монако кінәздігінің Монте-Карло қаласында көген жазды. Ол осында жапон жұлдызы Нобухиро Исидамен қолғап түйістірді. Бұл жолы Гена бірінші болып алға тартты. Бірақ өжет жапон да кері шегіне қоймады. Дегенмен, чемпионның шірене тастаған шеңберлері Окинава оғланын біраз теңселтіп те тастады. Алғашқы екі раунд осылайша Головкиннің үстемдігін үлпілдетіп көрсетті. Жұрт бұл кезде оның осыншалықты ауыр соққыларға төтеп беріп тұрған бәсекелесіне де қайран қала бастап еді. Жоқ, ұзамады, үшінші раунд аяқтала берген шамада біздің бағлан тайталасқан тарланын кескен теректей сұлатып түсірді. Нокаут! Бұған Гена сол қолымен апперкот жасап, жапонның оң құлағын жапыра соғуы арқылы ояға келтірді.
Шахтерлер шаһарының шәкірті Американың Машантакет қаласында ағылшын Мэттью Макклинмен болған үшінші кездесуінде осылай таза нокаутпен аяқтады. Бұл жолы да ол үшін жеңістің жалауы үшінші раундта желбіреді. Жоғарыдағы басылымның тартымды тартуына ие болған бұл шайқас та қазақстандықтың айқын басымдығын танытты. Бірақ ұрыс екі жақты да қайтпай ұрыс салуы арқылы өрбіп ала жөнелді. Қазақстандық жігіт раундтың соңғы ширегі келгенде ғана өзінің артықшылығын көрсетіп үлгерді. Алдымен оның тікелей ұрған кросы көздеген жеріне бірінші рет дәл тиіп, соңынан сол қолымен берген хугі Макклинді шатқаяқтатып жіберді. Ал, үшінші раундта бәрін Генаның бір соққысы шешіп кетті.
Головкин төртінші шайқасын да АҚШ жерінде өткізді. Тағы Нью-Йорктің атақты «Мэдисон Сквер Гарден» сарайында керуен керген кездесу енді америкалық Кертис Стивенстің шама-шарқын байқауға арналды. Мұнда Гена қарсыласын төрт рет нокдаунға жіберді. Алғаш рет екінші раундта орын алған сондай сұрапыл соққы Кертисті сегізінші раундта үш рет қолымен жер тіреуге мәжбүр етті. Осыдан кейін алаңдағы арбитр ұрысты аяқтауға пәрмен берді.
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкиннің 2013 жылдың жүлгесіндегі жеңісті жорықтарының жай-жапсары осындай. Бауырының осы толағай табыстары оған жаттықтырушы болып қызмет етіп келе жатқан егіз сыңары Максим Головкинге де биыл құт болып дарыды. Ол жақында ғана «Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы» деген жоғары атаққа ие болды.
Ал біз биылғы жылғы сәуір айында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Менің әкем – орыс, анам – корей қызы, ал мен – қазақпын!», – деген мәлімдемені таза қазақ тілінде жеткізген Геннадий Головкиннің жеңістеріне алдағы уақыттарда да қуана қол соғудан үміттіміз.
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан».