Аймақтар • 02 Наурыз, 2021

Құсбегі Қуаныш этноауыл ашуды армандайды

324 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жетісу жерінде ит жүгіртіп, құс салған саятшылықтың жүлгесі үзілген емес. Бүгінде бұл дәстүр атадан балаға мирас болып жал­ғасуда. Балдақтаулы бүркітті бала күнінен баптап үйренген Қуаныш Исабековтің құсбегілік жолы бұл сөзі­мізге дәлел.

Құсбегі Қуаныш этноауыл ашуды армандайды

Қуаныш бүркіт баптауды он алты жасынан бастапты. Әкеден көрген үлгі баланың өмірлік ұс­танымына айналып, құсбегілік пен аңшылықты кәсіп етуге жетелеген екен. Қазір Қуаныш баптаған бүркіттер  республикалық және халықаралық деңгейдегі саятшылар байқауының жеңімпазы болып жүр. Ол үйінде жеті бүркіт, екі қаршыға, екі ителгі және сегіз тазы ит өсіріп отыр. Саятшылықты қызық пен құмарлықтан бөлек тә­лімдік бағыттағы өнер деп ұғын­ған. Құсбегіліктің де тамыры тереңге кеткен дәстүрлі салт еке­нін үнемі айтып жүр. Осы мақсат оны «Жеті қазына» атты от­басылық музей ашуға әкел­ген. Қазір Еңбекшіқазақ ауданы­на қарасты Нұра ауылындағы бұл шағын музей өңірдегі құс­бе­гі­лік өнердің өткенінен сыр шер­тіп, бүркіт баптаудың, ит жү­гір­ту­дің ерекшеліктерін дәріп­тей­тін танымдық орынға ай­нал­ған. Қуаныштың бұл бастамасы аң­шылыққа аңсары ауған жұрт­тың көңілінен шығып отыр. Ит жү­гіртіп, құс салатын мез­гілде құс­бегіні арнайы іздеп келіп, саят­шылықтың сырын үй­ренгісі ке­ле­тіндердің қатары көбейе­тін кө­рінеді. Тіпті Нұра ауылы­на ше­телден туристер келіп, аңшы­лық­тың қызығына кенеледі екен.

– Құсбегілік маған әкемнен ауысты. Әкеме атамнан мұра болып қалды. Енді бұл істі менің ұр­пағым жалғастыруы керек қой. Жалпы, аңға салатын құс пен итті ерте жастан бастап баулып, үй­реткен дұрыс. Бұл өзі ас­қан шыдамдылықты, сабыр мен төзім­ді әрі жануарлар әлеміне деген құр­мет пен махаббатты талап ете­тін өнер десе болады. Оның үс­тіне бүркіт пен тазыны үнемі бабында ұстау оңай шаруа емес. Жаз мезгілінде бүркіт күніне 2-3 кг жас ет жейді. Бұл жеке адамның қал­­­тасына түсетін салмақ. Сол себепті құсбегілікті кәсіп ретін­де қа­­былдап, шығындарын суб­сидиялау­ды енгізу керек. Қалай дегенде де ынталандыру шара­лары қажет. Шүкір, елімізде бүр­кітшілік жақсы дамып келеді. Мысалы, Моңғолия мен Қыр­ғызстандағы бүркітшілер Қазақ­стандағы құсбегілік өнерінің дамуына тәнті. Себебі  біздің елде бұл өнермен айналысатын жастар саны көп, – дейді Қуаныш.

Құсбегі енді төл өнерді төрге оздыруға бел шеше кірісіпті. Ол ұлттық мұратқа сай этноауыл ашуды ойлап жүр. Өзі туып-өскен Нұра ауылының маңында бұған толық мүмкіндік бар екен. Ауыл Алматы қаласынан 141 шақырым жерде орналасқан. Осы жер түлкі, қоян сияқты аң аулауға қолайлы мекен. Оның үстіне жыл сайын құсбегілікті тамашалауға 20-30 турист келеді дейді. Тіпті сонау Еуропадан жыл сайын Нұраға келуді дәстүрге айналдырғандар бар екен. Яғни Қуаныштың бүр­кіт­шілік өнері шетелдіктердің де қызығушылығын тудырып отыр­ғаны анық.

– Туристер үшін аң аулау, біздің табиғатымыз бен әдет-ғұр­­пымыз өте қызықты. Әдетте құс­бегілік маусымы қазан айын­да басталып, ақпанның ортасына дейін жалғасады. Дәл осы ке­зеңде туристер бірнеше топпен ке­ліп тұрады. Олар бүркіт салып, аң аулаудың ерекшеліктерімен танысады. Биылғы маусымда пандемияға байланысты шектеу­лер болды. Ал былтыр Канада, Ұлы­британия, Швеция, Германия, Франциядан арнайы келгендер қатары көп болды.Олардың арасында кәсіпкерлер, саяхатшылар мен фотографтар бар. Кейбірі, тіпті, жыл сайын, осы мезгілде келу­ді дәстүрге айналдырған, –дей­ді құсбегі Қуаныш.

Айтпақшы, биыл пандемияға байланысты шектеу кезінде Қуа­ныш қол қусырып қарап жатпапты. Ол облыстық кәсіпкерлер па­­ла­тасынан кеңес алып, бизнес негіз­­дерін оқытатын «Бизнес Мек­­теп» жобасына қатысқан. Одан кейін «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша қай­тарымсыз грант алуға өтінім берді. Жоба сәтті шы­­ғып, комиссия жобаны қар­жылан­ды­руды ма­құл­дапты. Енді осы қа­ра­жатқа жас кәсіпкер өз ойын жүзеге асы­­­ру­ды жоспарлап отыр. Яғни, аң­шы­­­лық дәстүр мен құс­бе­гілікті дә­ріп­­тей­тін этноауыл ашуға кіріс­пек.

Қазір Қуаныш үш жас жеткін­шегін ата жолына бағыттап, бүр­­­кіт баптаудың қыр-сырына үй­­ре­тіп жүр. Бұйырса, Шығыс Қа­зақстан облысында және Түр­кия­да бүркітшілердің жарысы өтпекші. Балаларының да, бүркіт­терінің де ебі мен бабын сол бәй­геде сынап көрмекші.

– Бүркіт те бала сияқты, ерекше қамқорлықты қажет етеді. Олар­ға жақсы күтім жасап, сүйіс­пен­шілік таныту керек, сонда ғана құс екеш құс иесіне бас иеді. Ал  бүркітшінің өзі жаман әдеттерден аулақ болып, ойы мен бойын таза ұстауы  маңызды. Сол себептен құс­бегілікке бала жастан келген дұрыс, – дейді ол.

 

Алматы облысы