Руханият • 02 Наурыз, 2021

Бөрте ханым

8364 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Бөрте ханым – әлемді билеген әйгілі Шыңғыс қағанның сүйікті жары, сенімді серігі әрі дана кеңесшісі. Ұлы қағанның атының тұяғы жетіп, құлашы қармаған күллі империясын мұрагерлікпен билеген осы Бөрте ханымнан туған төрт ұлы – Жошы, Шағатай, Үгедей, Төле. Бір ханға сүйікті жар, төрт ханға қадірлі ана болған Бөртедей арудың қасиет-қадірі ерекше. Сондықтан да оның есімі ұлы қағанмен қатар аталып, мерейі үстем болды.

Бөрте ханым

Тарихи жылнамаларға, фольклор мұраларына жүгінсек, Бөрте ханым Қоңырат тайпасының белгілі де беделді адамы Дай-шешеннің қызы. Шамамен 1154-1230 жж. аралығында өмір сүрген. Ата-баба жолымен Қият тайпасының батыры Есукейдің ұлы Темучинге атас­тырылады. Есукей батыр ерте қай­тыс болып, Шыңғыс атастырылған қалың­дығын уақыты келгенде ұзатып әкеледі.

Бөрте  ханым Шыңғыс хан­ның ата­ғы шықпай тұрып-ақ се­німді серігіне ай­налған. Қиын кезеңдерде де, алғаш жауға аттанып, жеңіске жеткенде де қа­сында жүріп, ұлы қағанның айнымас сүйіспеншілігіне ие болған арудың тағ­дыр талайы оңай бола қоймаған.

Бөрте туралы тарихи жазбалар көп емес. Ақ жібектен киініп, шашына алтын тиын тағынып жүретін көркіне ақылы сай ханым ретінде сипатталатын тым аз дерек бар.  

Тарихшы Зардыхан Қинаяттың жаз­ғанына сүйенсек, ХІ-ХІІ ғасыр­ларда, моңғол даласында түркі, моңғол тайпа бірліктері тығыз байланыста өмір сүрді. Олардың салт-дәстүрі, тілі, мәдениеті бір-бір­леріне ұқсас келеді. Ру-тай­палар арасындағы құда түсу салты тайпалар ынтымақтастығын нығайтып, бейбіт қатар өмір сүруге ұйтқы болды. Міне, осы салтты ұстанған  хамаг тайпасының батыры әрі көсемі Есукей батыр ұлы Темучинге (Шыңғысқа) нағашы жұрты олхунуд тайпасынан қыз айттыруға жол­ға шығады. Бірақ әкелі-балалы екеуі діттеген жерге жетпей, жол-жөне­кей қоңырат тайпасының көсемі Дай-шешенге (Дей-шешен) жолығып қала­ды. (Қинаят З. Жошы ханның ата-тегі төңі­регіндегі ақиқат. // «Шыңжаң қоғам­­дық ғылымы» журналы. 2000 ж, № 1.)

«Моңғолдың құпия шежіре­сін­де» бұл оқиға былай баяндалады:

«61. Есүкей батыр Темүжін тоғызға келген кезде, Уәлін шеше­сінің төркіні олқұноуыт елінен, на­ғашы жұртынан қыз іздейін деп, оны ертіп барады. Жолай Сексір мен Шікіркудің арасында отырған Қо­ңы­рат­тың Дей шешеніне кезі­геді.

  1. Дей шешен бүй дейді: «Есү­кей құда, қайда барасыз?» Сонда Есүкей батыр: «Менің ұлым­ның нағашысы – олқұноуыт елінен қыз сұра­мақ болып бара жатырмын», – дейді. Дей шешен: «Мына ұлың­ның көзі отты, беті алмасты», – екен дейді.
  2. «Есүкей құда, өткен түнде түс көрдім. Түсімде ай мен күнді шеңгелдеп ұстаған бір аппақ сұңқар қолыма қон­ған екен... Ай мен Күнді біз көзбен көру­ші едік. Ал, ай мен күнді ақ сұңқар шеңгел­деп әкеліп, менің қолыма қонуы неткен ғажап! «Қандай жақсылық кезігер екен» деп мен басқаларға да айтқан едім. Есу­кей құда, балаңызды ер­тіп келгеніңіз менің осы түсімнің жо­руы болғай, қият руы­ның киесі маған түс болып көрінген болар.
  3. Біздің Қоңырат ежелден

Жиені сұлу,

Қызы өңді ел.

Басқаның жерін жауламай,

Болдырмай, сірә, дау-дамай,

Бидай өңді қыздарды,

Былқылдақ күйме мінгізіп,

Жетелетіп біз нарды,

Желдіртекеп жүргізіп,

Желегін бүркей тұрғызып,

Құтты қосақ еткенбіз...

Қоңырат сынды жұртымыз,

Қашаннан да сыйтымыз,

Қатын сұсы болатын,

Қыздың мысы болатын

Жиеннің түсі болатын,

Солай сынға толатын.

  1. Ер ұғұлұм,

Елді аралап

Ақылды қыздың

Ажарын байқағай.

Есүкей құда, үйге барайық. Титімдей қызымды да көріңіз», – деп Дей шешен Есукейді үйіне ертіп барады.

  1. Дей шешеннің қызын көрсе: беті ажарлы, көзі отты екен. Есукей батырға ұнайды. Қыздың есімі – Бөрте екен. Темү­жіннен бір жас үлкен, онда екен...» (Моңғолдың құпия шежіресі. Аударған М.Сұл­танияұлы. Алматы: Өнер, 1998. 34-36 бб.). Есүкей батыр сол кездегі салт­­ты сақтап, ұлын уақытша бола­шақ құдасының үйінде қал­ды­рып, үйіне қайтады. Жолда дұш­пан­дары берген удан қайтыс болады...

«Құпия шежіренің» баянда­уында, Шыңғыс есейе келе Бөртені алуға бар­ғанда Дей-шешен батасын беріп, қызын қосады. Дей- шешеннің бәйбішесі, Бөртенің анасы Сотан бәйбіше жас жұбай­лармен бірге Шыңғыстың еліне келеді. Енесі еліне қайтқан соң Шыңғыс Бөртенің ақыл қосуымен, қасы­на жанашыр туыс-достарын ертіп, Сотан әжей китке әкелген қара бұлғын ішікті алып, әкесі Есукейдің досы болған керейдің Оң (Тұғырыл) ханына келеді. «Сізді әкемдей көріп, енем әкелген бұлғын ішікті Сізге әкеліп отырмын» деп, тарту етеді. Оң хан болса бар ықыласымен:

Қара бұлғын ішігің

Қар боп текке кетпесін,

Тозғындаған еліңді

Топтастырып берейін,

Бытыраған еліңді

Біріктіріп берейін,

Ай дейтін болсын ажасы,

Қой дейтін болсын қожасы, – деп риза болады. (Моңғолдың құпия ше­жіресі. Аударған М.Сұл­тания­­ұлы. Алма­ты: Өнер, 1998. 47-48-бб.)

Шыңғыс хан мен Бөрте ха­ным­ның бас қосқан уақыты, түркітанушы ғалым Л.Гумилев дерек­терінде 1178-1179 жж. шамасы. Бұл деректің шындыққа жақын екенін бекіте түсетін Саган Сэценнің 1663 жылы жазылған «Құнды қазына» («Эрдэнийн товч») атты тарихи жылнамасы. Бұл кітапта Шыңғыстың  он жеті жасын­да он сегіз жасар Бөртеге үйлен­­гені айтылады.

З.Қинаяттың түсіндіруінде, Бөр­­те және Шыңғыс ханның ана­сы Өлун екеуі «ежен»  (үжін) деп ата­лады.  «Ежен» (үжін)  сөзі  яғни «хан ана», «ханды туған ана» деген ұғым береді. Шыңғыс әулеті тарихын­да «ежен» («үжін») атанған осы екі ана ғана.

Жазба деректерде және ел жадында жатталған әңгімелерде ең көп айты­латын оқиға – Бөр­те ханым­ның жау қолы­на тү­суі. Рашид-ад-диннің «Жамиғ-ат-тауарих» кітабында, моңғолдың «Құпия шежіресінде» Бөрте сұлуды меркіттердің тұтқын етіп алып кетуі туралы айтылады. Осы оқиға, кейбір деректер бойынша, кейіннен Шыңғыс пен Жошы ара ­қатынасының күрделенуіне әкеп соғады. Шыңғыс хан тұлғасы ар­қау болған көркем туындыларда да бұл мотивке ерекше мән беріледі...

Рашид-ад-Диннің баянда­уында, Бөрте фуджин (ханым) Жошыға аяғы ауыр кезінде меркіт­тер тұтқиылдан ауылды шауып, тұт­қындап әкетеді. Меркіттер Бөр­тені бұрыннан араздықта болса да, дәл сол кезде татулықта болған Керейдің Оң ханына  жібереді. Шыңғыстың әкесі Есукеймен дос болған Оң хан Бөр­те ханымды құрметтеп, келіндерінің қата­рында, күтімде ұстайды. Бұл туралы білген соң Шыңғыс Оң ханға Жалайыр тайпасынан шыққан әмірі Сабаны аттандырады. Оң хан Бөртені Сабамен бірге жолға салады. Осы жолдың үстінде келе жатқанда Бөрте босанып, дүниеге ұл баланы әкеледі. Жол үстінде туғандықтан балаға Жошы есімі берілген екен.

Моңғолдың «Құпия шежіресі­нің» баянында бұл оқиға сәл бас­қаша баяндалады. Бөртенің жау тұтқынына түсу оқиғасы Шың­ғыстың жаңа үйленген кезі делінеді. Оқ­шау тұрып жатқан аз үй­лі ауылға меркіт тайпасы тарапы­нан шабуыл жасалып, жаңа түскен жас келін Шыңғыстың әкесі Есукейдің ес­кі дұшпандарына тұтқын болып кетеді. Кезінде Есу­кей баһадүр мер­кіт Чилә­дүден Өлүн үжінді тар­тып әкеткен бо­латын. Шыңғыс осы Өлүн үжіннен туа­ды. Соның қарымтасы ретінде мер­кіт­тер Бөр­тені Чиләдүдің інісі Чилэгэр балуан­ға береді. Шыңғыс хан әйе­лін қайтарып алу үшін Керей ханы Оңнан (Тұғырыл) көмек сұрайды. Сонда Оң хан баяғы сөзінде тұрып:

Жетемін мен сөзіме,

Жебеу келді кезіне.

Бүкіл меркітті быт-шыт қып,

Бөрте-үжінді

Бергізейін өзіңе.

Қалың меркітті қопа қып

Ханша Бөртеңді

Қайтарайын өзіңе, –

деп жауап берген екен. (Моңғол­д­ың құпия шежіресі. Аударған М.Сұлтания­ұлы. Алматы: Өнер, 1998. 52-бб.)

Жамұқа мен Оң ханның екі түмен әскері күш қосып, Шыңғыс ханның адамдарымен бірігіп, меркіттерді тас-талқан етіп жеңеді. Сөйтіп, Бөртені қай­тарып алады. Бөрте ханымның тұт­қыннан азат болып, Шыңғыспен қауы­шуы «Құпия шежіреде» өте әсерлі баян­далған. Селеңгі өзенін бойлап, түн ішінде үрке қашқан меркіт ауылының соңына түскен Шыңғыс қаш­қан елдің ішінен Бөртені іздеп, «Бөрте! Бөрте!» деп айғайлаумен болады. Шыңғысты дауысынан таныған Бөрте күймеден түсе жү­гіріп, Шыңғыстың шылбырына оралады. «Айдың жарығымен та­ны­ған Темүжін оны құшақтап айма­лайды... Бөрте-үжін меркіт­тердің шең­гелінен шығып, Темү­жінмен осы­лай  кездескен еді»,  деп сурет­тейді «Құпия шежіре» (Моңғолдың құпия шежіресі. Аудар­ған М.Сұл­тания­ұлы. Алматы: Өнер, 1998. 57- бб.).

Күллі дүниені қаһарымен ті­тірет­кен Шыңғыс хан да абзал ана­дан туған, алған жарын барынша қадір тұтып, сүйген жан. Оның Бөр­тені құтқару жолындағы әрекеті әрине, әуелі намыс, содан соң жастай қосылған қосағына деген ерекше сүйіспеншілігі десек болар.

Белгілі ғалым Зейнолла Сәнік Моң­­­ғолдың «Құпия шежіресі» ту­ра­­­лы зерттеуінде былай деп жа­­за­ды:

ХІІІ ғасырдың басында, тышқан жылының күзінде Шыңғыс хан меркіттің Тоқта бегін жеңеді. Убас Меркіттің зәң­гісі Дайыр ұсұн Шыңғыспен соғысудан бас тартып, қызы Құланды қағанға береді. Жылдан аса уақыт Құлан қа­тынды қасына ертіп, жорықта жүрген Шыңғыс ордасына бет түзер алдында Бөртеден рұқсат сұрау үшін серігі Мұ­қалиды жұмсайды. Бұл оқиға «Алтын шежіреде» былай баяндалады:

«Боғда иеміз: «Бөрте ханым жас ке­зімде жолыққан жарым еді. Енді бетін көруім қиын болды. Үйіне тура кір­сем, жөні қалай болады? Ал­дымен жөнін білмей, барған кезде, оның ашуланып бұлқан-талқан болғанын көру ұят іс секілді. Тоғыз кеңесшімнің бірі барып, сөз сап келгені оңды болар деп ойлап отырмын», – деді» (Лувсанзадан. Ал­тын шежіре. Моңғол тілінен ауд. А.Мауқараұлы. Алматы: Өнер, 1998. 129-б.). Ұлы қағанның бұл тапсырмасын орындау Жалайыр Мұқаға (Мұқали) жүктеледі. «Мұ­қали Бөрте ханымның алдына барып, бас иді. Ол: «Ием есен бе, сен мұнда не үшін келдің?» – деп сұрады. Мұ­қали бүй деді: «Хан ием сізге әмірімді жет­кіз деп мені жіберді. Айтқан әмірі мынау:

«Өзім құрған өкіметке көнбедім,

Өктем тұрған өкіметке

беріл­медім.

Ақыл қосқан билеріме сенбедім,

Ақ орданың сәндігіне кенелдім.

Ару Құлан ханыммен

Тағдыр қосып келемін!»

Сонда Бөрте ханым:

«Хан иемнің құдіреті бұл –

Қалың Моңғолдың еркіндігі.

Боғда иемнің кереметі бұл –

Бар дүниенің есендігі.

Көлде жүзген аққу-қаз бар,

Көңілінің қалағанын

Хан ием өзі таңдап аулар.

Байтақ елде

Қыз-келіншек көп дейді,

Қалағанын

Хан ием өзі таңдап алар.

Қамыс көлдің

Қаз бен құсы көп дейді,

Қаншасын ауласа да,

Хан ием өзі білер!

...Артық болса, несі жаман?

Кемдік етсе, несі жақсы.

Қабат шапан тоңдырмас

Қабат арқан тоздырмас!», –

деп, ықыласын беріпті. (Лувсан­задан. Ал­тын шежіре. Моңғол тілі­нен ауд. А.Мау­қараұлы. Алматы: Өнер, 1998. 130-б.).

Бөртенің ерін сыйлап, қадірлеуі, ару анаға тән асқан ақылы Шың­ғыстың ұлы жорықтарының жеңіс­пен аяқталуына ықпал еткені сөзсіз. Асыл ананың алтын құр­сағынан өрбіген төрт ұлдың дү­ниенің төрт тара­бына билік жүр­гізуінің өзі Бөр­те ханымның тұлға­сын асқақтата түс­пей ме?!

Ел жадындағы мұңлы аңыз, домбыра шанағынан төгілген зарлы күй, жырау көмейінен ақтарылған шерлі толғау болып бүгінге жеткен Жошы ханның қазасы  – ұлы қаған мен Бөрте-үжін үшін ауыр соққы еді. Ұлы қағанға айбарынан өзі іштей сескенетін жаужүрек, қаһарман ұлының мезгілсіз ажал құшуы өте ауыр болды. Әйгілі Кет­бұқа жырау­мен жауаптасуында:

Теңіз бастан былғанса,

Тұндырар ұлым Жошы-дүр,

Терек түптен жығылса,

Тұрғызар ұлым Жошы-дүр, –

деп, ерекше сенім артқан, арқа тұтқан ұлының қазасынан соң қырық күн өткенде өзі де дүниеден өтеді... Одан бұрын, аяулы жары Бөрте-үжінге сүйік­ті перзенті, тұла бойы тұңғышы Жошы­ның қазасын тура естіртуге жүрегі дауаламай, кеңесшісі Елюй Чу Цайға: «Хан ұлым Жошы Қыпшақ даласының бір үстіртінде, ата-бабасының жұр­тында дүниеден өтіпті. Жошы аты затына сай алланың әмірімен бізге жіберген қонағы екен, міне ол тәңіріне қайтты», – деген мазмұнда арнайы жарлық жаздырады.

Күллі әлемге даңқы жайылған, алып империяның айбарлы билеу­шісі болған ұлы қаған Шың­ғыс­тың бұл қарекеті кімнің болмасын жүрегін шым еткізбей қоймас.

Сайын даланы аңыздың сарыны әл­дилеп келгенін, біз, сан буын ұрпақ жақсы білеміз. Сол аңыз сарынын құлағымызға құйып, санамызға сіңіріп өстік.  Сондай аңыздардың бірі – Бөрте үжіннің Шыңғыс ханға тоқтау салуы.  Қазақ­тың күй өнерін зерттеген көр­некті энограф ғалым Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың күй өнері» атты еңбегінде келтірілген аңыз былай дейді:

«Қаралы хабар жеткен соң, Шыңғыс хан өзін-өзі іштей қажап, өкініштің уы­на белшесінен батып, үш күн, үш түн дөң­бек­шиді. Ешбір басу сөзге жұбанбай, қай­ғы өзегін өртеп, құмыға береді. Сонда Шың­ғыс ханның бәйбішесі, ақылы кемел Бөрте алдымен ес жиып, болған іске беріктік танытып, күйеуіне былай деген екен:

– Хан ием, сен қайғырып жат­қанда халқың ғау-ғау көтеріп, бү­лік шығарғалы жатыр!

– Е, менің халқым бүлік шыға­ра­тын­дай не болыпты?! –  дейді Шыңғысхан.

– Сенің халқыңды екі дай етіп, егеске түсірген дау бар көрінеді, – депті Бөрте, – оның себебі, бір бай өзінің ықыласы ауып, көңілі жарасқан тамырына ат басындай алтын сыйлаған екен. Сәті тү­сіп, орайы келгенде қарымтасын қай­тарар деп ойлайды бай. Бірақ арада біраз уақыт өтсе де, тамыры қарым­­та қайтаратын шырай танытпайды. Сонда бай ренжіп, өз алтынын қайта сұрайды. Тамыры бер­мей, дау болып, төрелету үшін биге жү­­гін­­се, билер де әділдік қылмай, жар­­тысы «бергенін қайтарсын» дейді, жар­­­тысы «қайтармауға тиісті» дейді. Осымен елдің арасы екі дай болып тұр.

Мұны естігенде Шыңғыс хан ренжіп:

– Ах, бұлары қалай! Билік әділ бол­маған екен. Сыйды ала білген кісі, бере де білсе керек емес пе! – депті.

Бөртенің де күткені осы болса керек:

– Хан ием, сабыр қыл! Тәңірім саған бала беріп еді, оны уақыты жеткенде өзі алды. Құдіреттің ісіне көну керек. Тәңірі саған Жошыны сыйлап еді, енді сол сыйын мерзімі келгенде сен де қиналмай қайтара біл! – деген екен.

Шыңғыс хан Бөрте бәйбішенің осы бір басу сөзінен кейін есін жиып, еңсесін көтереді» (Сейдім­бек А. Қазақтың күй өнері. Моно­гра­фия. Астана: «Күлтегін» баспасы, 2002.275-276-бб.).

Аңыз анасы – шындық. Солай болар. Солай болмағанның өзінде Бөртенің кезі келгенде қағанға ақыл-кеңес беруі, қолтығынан де­меуі шындық. Ақыл-парасаты кемел ару ананың еріне сенімді серік бол­­ғанын бізге жеткен осындай аңыз сарындары да айғақтай түссе керек.

Дәуірден даңқын оздырған ұлы тұл­ғаға ақыл қосар аяулы жар, жөн айта алар ақылшы болған Бөрте ханымның ата жолымен жастай қосылған қосағының ғұмыр бойғы сарқылмас сүйіспеншілігі мен таусылмас мейір-ықыласына бөле­ніп өткеніне біз келтірген деректер куәлік ете алса керек.

Бөрте ханымның аяулы бейне­сі Шың­ғыс хан туралы өнер туын­дылары­ның бәрінде дерлік орын алып, ерекше болмысымен, ақыл-парасатымен көрін­ген. В.Янның «Шыңғыс хан» романында және М.Мағауиннің «Шыңғыс хан» эпо­пея­сында, сондай-ақ ұлы қа­­­ған туралы киноларда Бөрте ханым­ның образына ерекше мән беріл­ген. Жазушы Сәуірбек Бақбергенов «Бөрте – Шыңғыс ханның жұбайы» атты повесінде Бөрте ханымның ерекше сипатты көркем бейнесін сомдаған. Би өнерінің хас шебері Шұғыла Сапарғалиқызының орын­дауындағы «Шыңғыс ханның сүйік­ті жары Бөртенің биі» хас арудың асыл бейнесі мен асқақ рухын танытады.

Дей-шешеннің көрген түсінде Ай мен Күнді шеңгелдеп ұстаған аппақ сұңқар қолына қонса, ол түстің жоруы өзіне күйеу бала етіп қабылдаған Шың­ғыс ханның, одан туған төрт ұл – төрт жиенінің төрт­күл дүниені билеуі болды. Ал Бөрте сұлу Шыңғыс ханның басына қонған бақ құсы еді... Ол бағын ұлы қаған аялай білді...

 

Жанат Аймұхамбет,

филология ғылымдарының докторы, профессор