Тәуелсіздік • 02 Наурыз, 2021

«Тәуелсіздік» теоремасы

760 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл еліміз қастерлі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басты. Осыған орай «Egemen Qazaqstan» халық­қа еліміздің 30 жылдық белесінің мәнін түсіндіріп, осы кезеңде жаңа мемлекет құруға атсалысқан барша халқымыздың ерен еңбегінің шежіресін жүйелі жаза бастады.

«Тәуелсіздік» теоремасы

Еліміздің бас газетін оқи отырып, мен де тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қол жет­кізген, білім беру мәсе­ле­сіне қатысты кейбір шығар­ма­шылық жұмыстарым жайлы бір-екі ауыз сөз етуді жөн көрдім.

Еліміздің тәуелсіздік алуы бізге, ресейлік ғалым­дар жаз­ған геометрия оқулық­та­рын­дағы кейбір қателерді түзетіп, ұғымдардың кейбірін толықтырып оқытуымызға мүмкіндік берді. Ескі оқу­лықтарда осыдан төрт мың жылдан астам уақыт бұрынғы ежелгі мысырлықтардың қате түсінігімен трапецияның «тік бұрышты трапеция» және «тең бүйірлі трапеция» деген екі түрі ғана қарастырылатын. Мектептегі қалыпты сабақ­тардың бірінде, осыдан тура ширек ғасыр бұрын, трапе­цияның бұрын ғылымда қа­растырылмаған «сүйір бұ­рышты трапеция» және «доғал бұрышты трапеция» деген тағы да екі түрінің болатынын анықтадым.

Осымен қатар «Трапеция­ның табандарының қо­сын­­дысы оның диаго­наль­дары­ның үлкен табанға немесе оның созын­дысына түсі­ріл­­ген проек­ция­лары­ның қо­сын­­дысына немесе айыр­ма­сына тең болады» деген заң­дылықты анықтап, дәлел­дедім. Әдетте, осы сияқты теоремаларды бірінен-бірін ажырату үшін олардың әр­қай­сысына белгілі бір ат қояды. Мен бұл теореманы ел тәуел­сіздігімен қатар­лас табыл­ғандықтан, «Тәуелсіздік» теоремасы деп атадым.

Ғылымға белгілі болған қандай да бір жаңалықтың ол ғылымда тағы да бірнеше заңдылығының анықталуы­на жол ашатыны бар. Мен де «Тәуелсіздік» теоремасы­ның көмегімен, трапецияның жоғарыдағыдан бөлек бір­неше қасиетін анықтап, тра­пецияның ауданын табатын екі жаңа формула, Пифагор теңдеуін шешуге қатысты бірнеше формула қорытып шығардым. Бұл мәселелер­ді өз алдына бөлек әңгіме етуге болады.

Бұл заңдылықтарды өз сабақтарымда жиыр­ма бес жылдан бері қолда­нып келемін. Оларды қол­дану оқушылардың трапе­ция­ға қатысты танымын бұрын­ғыдан әлдеқайда кеңей­тетінін көріп жүрміз. Ол жұмыстарды талқылаудан өткізген бірнеше жоғары оқу орынының ғалымдары жаңалықтарды геометрия оқулықтары мен оқу-әдіс­темелік құралдарына енгізу туралы пікірлерін білдірген-ді. Осы жаңалықтар үшін еліміздің Әділет ми­нистр­лігі екі авторлық куә­лік берді. Ал оқулық автор­ларының қазақ мекте­бінде анықталған жаңалық­тарды жатсынып, баяғы мысырлықтардың ескі түсініктерін көшіріп жаза беруінің не сыры барын біле алмадым.

 

Қалмырза ІЗТІЛЕУҰЛЫ,

мұғалім

 

ШЫМКЕНТ