Сол арқылы алаштың рухани кеңістігінің рухани тұтастығы бұзылмай сақталған-ды. Сонау сексенінші жылдары осы өңірде бір ғана «Қазақстан пионері» газетінің 20 мыңнан аса оқырманы болыпты.
Мыңдаған шақырым жердегі қазақ баласының Алматының «Қайраты» дегенде жанкүйерлігі бөлек-тін. «Дос-Мұқасан» десе, делебесі қозатын. «Құрманғазы» оркестрінің өнерінен қанаттанған жастар жергілікті жерде өнер ұжымын құруға ықыласты болды. Бесқала өңірінде ауыл-ауылда құрылған ансамбльдер Алматыға арнайы адам жіберіп, музыкалық аспаптарды алдыратын-ды. Ал Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қазақ баласы атажұртқа көш басын бұра бастады. Солардың қатарында бесқалалық қандастар да бар. Қарақалпақ, өзбек ағайындармен ауылы аралас, қойы қоралас отырған ондағы қазақ жұртының біршамасы ғасырлар бойы мекендеген жұртымен қимай қоштасқан. Задында қоштасты деп айтуға келмейді де. Жарты миллионнан астам бауыры бар ағайынның барыс-келісі алдағы уақытта әсте үзілмек емес.
Соңғы кездері Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынас жаңа белеске көтерілді. Екі мемлекет арасындағы ресми делегациялардың барыс-келісі көбейді, экономика, мәдениет салаларында келісімдер жасалып, бауырлас елдердің ынтымақтастығы бұрынғыдан да нығая түсті. Бұл қарым-қатынас өз кезегінде Өзбекстандағы қазақ жұртының рухани жаңғыруы мен дамуына да септігін тигізіп отыр. Жақында Бесқала өңірінен жеткен жағымды жаңалық осының айғағы іспетті.
Жыл құсындай жаңалықты жеткізген сүйінші хабар Қарақалпақстанның Төрткүл ауданындағы Қасым Нұрымбетов атындағы мәдениет орталығы жанындағы «Айналайын» қазақ фольклорлық-этнографиялық ансамблі мен Тақтакөпір аудандық мәдениет сарайы жанынан «Сарыжайлау» ән-би ансамблінің құрылғандығы жөнінде еді.
Тақтакөпір ауданындағы ансамбльдің тұсаукесер салтанатында аудан әкімі Жамбыл Әділов Қарақалпақстан қазақтарының музыкалық мәдениетін насихаттауда, өзара бауырластық қарым-қатынасты қолдауда маңызды рөл атқаратынын атап өтіп, ансамбль жетекшісі, айтыскер ақын Еркебұлан Қолғанатовқа Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрлігінің «Көркемөнерпаздар өнерін дамыту және ұлттық құндылықтарды қалпына келтірудегі белсенді қызметімен жоғары орындаушылық шеберлігі үшін Тақтакөпір ауданының мәдениет орталығы жанындағы «Сарыжайлау» ән және би ансамбліне «Халық көркемөнерпаздар ұжымы» дәрежесі берілді» делінген арнайы дипломын тапсырды. Шараға қатысушы көрермен аталған өнер ұжымының орындауында ұлтымыздың ән-би өнерін тамашалап, руханияттың қайнар бұлағынан мейір қанғанша сусындады.
Аталған өңірде, Тақтакөпір ауданының Жаңадария кеңшарында «Сарыжайлау» атты қазақ этнографиялық ансамблі бұған дейін де болған еді. Өзбекстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, домбырашы Рүстем Дәрібаев жетекшілік еткен аталған өнер ұжымы кезінде Қарақалпақстанның барлық аудандары мен ауылдарын аралап, қазақтың музыкалық бай мұрасын насихаттау ісіне көп еңбек сіңірді. Алайда, заман талабынан туындаған қиындыққа байланысты ұжымның қызметі тоқтап қалған-ды. Кезінде сол ансамбльде әнші, домбырашы болып өнер көрсеткендердің бірқатары бүгінде тарихи Отанына оралып, ұлттық мәдениетіміздің даму жолында еңбек етіп келеді. Солардың бірі – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық оркестрінің домбырашылар тобының мүшесі Жұбатхан Тәжбенов. Ол қазіргі кезде ұлттық өнердің өрісін кеңейтуге өзіндік үлес қосып жүр.
«Сарыжайлау» ансамблінің жетекшісі Еркебұлан Қолғанатовтың айтуынша, жаңадан құрылып отырған өнер ұжымы бұрынғы ансамбльдің атауын қайта жаңғыртып, олардың игі істерін жалғастыруды жөн санайды. Сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттерінің татулығы мен достығын жастарға үлгі ете отырып, Бесқала қазақтарының күйшілері мен ақын-жырауларының шығармаларын насихаттауды және ел ішіндегі дарынды жастардың өнерін өрістетуді жоспарлап отыр.
Күнқожа ИСЛАМҚОЖАҰЛЫ