Қысқасы, Ұлыбританияның қарт құрлықпен қоштасуы ешкімге оңай тиер емес. Еуропалық одақты әбігерге салған «Брексит» жырының тамыры тереңде жатыр. Ұлыбритания ЕО құрамына сонау 1972 жылы енген-тұғын. Содан бері Тұманды Альбионда ұйымның пайдасы мен зияны туралы әңгіме әрдайым айтылып келді. Елде 1975 жылы Еуропалық одақта қалу-қалмау туралы референдум өтіп, қатысқандардың 67 пайызы қарт құрлықпен бірге болуды қолдап дауыс берді.
Әйтсе де, ұйымның тиімсіздігі жөніндегі әңгіме жиі сөз болатын. 2013 жылы осы мәселеге біржола нүкте қою үшін сол кездегі премьер-министр Дэвид Кэмерон Еуропалық одаққа қатысты референдум өтетінін мәлімдеді. 2016 жылғы 23 маусымда Ұлыбритания халқы дауыс беріп, Еуропалық одақтан шығуды қолдайтындар 52 пайызбен жеңіске жетті.
Халықтың қарт құрлықтан бас тартпайтынына сенімді болған Кэмерон мырза референдумнан соң қызметінен кетті. Бірақ содан кейін ел тізгінін қолына алған Тереза Мэй де «Брекситпен» басы қатып, ақыры орынтағын босатты. Борис Джонсон кезектен тыс сайлауда премьер-министрлікке сайланып, «Брексит» мәселесіне ақыры нүкте қойды.
Ұлыбритания Еуропалық одақпен қоштасу үшін көптеген келісімді қайта қарап, өзекті мәселелердің оңтайлы шешімін табуға тырысты. Мәселен, Еуроодақтан шыққаннан кейін Солтүстік Ирландия мен Ирландия арасындағы шекара, сауда-экономикалық қатынас секілді мәселелер Еуропа саясаткерлерінің де, Даунинг стриттің де әбден басын қатырғаны есімізде.
Енді ақырғы келісім бойынша Ұлыбритания мен ЕО қарым-қатынасы өзгереді. Мәселен, тауар айналымында айтарлықтай жаңалық күтіп тұр. Қарт құрлықтан британ аралдарына, Тұманды Альбионнан Еуропаға жөнелтілетін өнімдердің бәріне салық салынбақ. Әрине екіжақты келісім бойынша кей жеңілдіктер жасалатыны түсінікті. Бірақ мұның бәрі тауар құнының өсуіне әкеледі.
Сондай-ақ «Брексит» көші-қон мәселесіне де әсер етіп отыр. Биылғы 1 қаңтардан бастап Англияға жұмыс істеуге келетін еуропалықтарға қойылатын талап күшейтілді. Олардың жылдық жалақысы кемі 20 мың фунт-стерлингті құрауы тиіс. Ал Римдегі Колизейді тамашалап, Ницца мен Барселонаның жағажайында тынығып, Эйфель мұнарасы түбінде кофе ішуді қалаған ағылшындарға 90 күндік мұрсат беріледі. Бірақ олар Еуропада жұмыс істеуі үшін арнайы виза аштыруы қажет. Бұдан бөлек «Брексит» әкелген қолайсыздықтар жетерлік. Енді, міне, соның қатарына Еуропалық одақта қолданылатын тіл қосылып отыр.
Жалпы, Еуропалық одақтың құрамындағы 27 мемлекетте 24 тіл ресми мәртебеге ие. Солардың бәрі ЕО-да тең құқыққа ие. Яғни кез келген латыш пен болгар Брюссельде өз ана тілінде қызмет көрсетуді талап ете алады. Алайда іс жүзінде олай емес. Еуропалық одақтың да, Еуропалық комиссияның да, Еуропалық парламенттің де қызметкерлері негізінен ортақ тіл ретінде ағылшыншаны қолдануды жөн көреді.
Мәселен, қазіргі таңда ЕО-ға мүше мемлекеттер азаматтарының жартысынан астамы ағылшынша біледі. Салыстырмалы түрде қарасақ, немісше білетіндердің үлесі – 32 пайыз, французша білетіндердің үлесі 26 пайызды құрайды. Яғни, ағылшын тілінің басымдығы айқын. Бұл – мәселенің бір жағы.
Екінші жағынан, ағылшынша сөйлей алатындардың бәрінің тілі туа сала Шекспирдің тілінде шықпаған. Олар уақыт өте келе мектептерде, білім ордаларында үйренген. «Брекситке» дейін Еуропалық одақта ағылшыншаны ана тілі ретінде білетіндер үлесі 13 пайызды құраған-ды. Ұлыбритания қарт құрлықпен қоштасқан соң олардың саны 1 пайыздан сәл асады.
Бір қызығы Тұманды Альбион ЕО-дан шықса да, ағылшынша сөйлей алатындар саны 44 пайызға дейін ғана азайды. Ендеше, ағылшын тілі әлі де қарт құрлықта басымдыққа ие десек, қателеспейміз.
Ертеректе ЕО-ның жұмыс тілі ретінде неміс, француз, нидерланд және италия тілдері таңдалған-тұғын. Тіпті француз тілі 1990 жылдарға дейін lingua franca есебінде жүріп, басымдыққа ие еді. Бірақ ұйым аясы кеңейіп, жаңа елдер мүшелікке қосылған сайын ағылшын тіліне мұқтаждық арта түсті. Өйткені одақ құрамына енген елдер өз ана тілінен бөлек, ортақ тілде сөйлесу үшін ағылшыншаны көп қолданатын. Осылайша, Шекспирдің тілі бірте-бірте Еуропалық одақтың жұмыс тіліне айналып, басқаларын ығыстырып шығарды.
Бірақ оқиғаның бұлай өрбігені француздарға ұнамаған сыңайлы. Үш жолақты елдің саясаткерлері талай жылдан бері француз тілін ресми түрде жиі қолдану мәселесін әрдайым айтып отырады. Соның нәтижесінде Брюссель ұйымдастырған бүкіл баспасөз жиындары ағылшын және француз тілінде өтеді. Пресс-релиздер де, негізінен осы екі тілде таратылады.
«Брексит» аяқталып, Ұлыбритания ЕО-мен қоштасқан соң ағылшын тілін Брюссельде жұмыс тілі ретінде қалдыру қаншалықты қажет деген әңгіме айтыла бастады. Мәселен, биылғы қаңтарда Францияның ЕО істері жөніндегі министрі Клеман Бон ендігі жерде ағылшынша сөйлесуге қажеттілік жоқ деп мәлімдеді. Оның айтуынша, алдағы уақытта көп тілде сөйлесуге қайта оралу қажет.
Клеман Бон мұндай әңгіменің ұшығын шығарған алғашқы француз саясаткері емес. Бұған дейін Франция президенті Эммануэль Макрон, Еуропалық комиссияның бұрынғы президенті Жан-Клауд Юнкер де француз тілі ЕО аясында кеңінен қолданылуы тиіс деп айтқан-ды.
Қысқасы, Ұлыбританияның ЕО құрамынан шығуы Брюссельде жоқ жерден тілге қатысты мәселе туындатты. Мұның шешімі ретінде қазірдің өзінде түрлі ұсыныстар айтылып жатыр. Кейбіреулер француз тілін негізгі жұмыс тілі ретінде қолдануды жөн көреді. Бірақ бұл ұсыныстың жүзеге асуы екіталай. Біріншіден, ұсыныс қабылданып, ортақ мәмілеге келу үшін ЕО-ға мүше мемлекеттердің бәрі бір ауыздан қолдауы қажет. Ал шығыс блоктағы мемлекеттер үшін ағылшын тілінде сөйлескен ыңғайлы. Сондықтан олар француз тілін қолдай қоюы неғайбыл.
Екіншіден, Еуропалық одақ құрамындағы екі елде – Мальта мен Ирландияда ағылшын тілі әлі күнге ресми мәртебеге ие. Рас, аталған мемлекеттердің негізгі ресми тілі тиісінше мальта мен кельт тілдері. Бірақ ағылшынша білетіндер саны жетерлік. Сондықтан олардың грамматика мен сөздікті қайта қолға алып, басқа тілді меңгеруге ынта танытуына сену қиын.
ЕО тілі ретінде айтылып жатқан келесі ұсыныстың бірі – «Еуропалық ағылшыншаны» қолдану. Соған сәйкес еуропалықтар ағылшын тілін өздеріне сай бейімдемек. Америкалық ағылшынша мен британиялық ағылшынша арасындағы секілді өзіндік ерекшеліктері болады.
Әйтсе де, бұған қарсылар жетерлік. Олардың пайымдауынша, тілді бұлай бейімдеу келешекте түсініспеушілікке әкелуі мүмкін. Бұдан бөлек, қазіргі таңда әлемнің түкпір-түкпірінде ағылшын тілін өздеріне бейімдеп алғандар жетерлік. Мәселен, Үндістанда – Hinglish, Малайзияда – Manglish, Сингапурда Singlish секілді диалектілер қалыптасты.
Аталған диалектілердің бәрі, негізінен ағылшын тілін қолданғанымен, оларды қолданатын адамдар бір-бірімен түсінісіп кете алмайды. Өйткені диалектілерге жергілікті халықтың төл сөздері кірігіп кеткен. Алда-жалда еуропалықтар да ағылшын тілін осылай бейімдесе, Францияда французша, Германияда немісше, Испанияда испанша сөздердің қосылып кететіні түсінікті. Мұндай жағдайда, еуропалық шетелдіктер былай тұрсын, өздерінің ағылшыншасын түсіне алмай қалады.
Қорыта айтқанда, ағылшын тілі «Брекситтің» біткеніне қарамастан, ЕО-ның ресми тілі ретінде қала беретін сыңайлы. Өйткені Шекспирдің тілі бүгінде халықаралық деңгейге шыққан. Оның үстіне, қазіргі таңда ағылшын тілі әлемдегі 70-ке жуық мемлекеттің ресми тілі саналады. Сондай-ақ бұл тілде сөйлейтіндер саны миллиардтан асады. Сондықтан Брюссельдің шенеуніктері мұндай артықшылықтан бас тартуы екіталай.