Әлем • 02 Наурыз, 2021

Вакцина куәлігі: Пікірлер екіге жарылды

601 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

COVID-19 індетінің ғаламдық пандемия деп жарияланғанына жақында бір жыл толады. Осы уақыт аралығында вирусты әлемде 113 млн-нан астам адам жұқтырып, 2,5 млн науқас қайтыс болды. Ғалымдар мен елдер үкіметтерінің бірлескен жұмысының нәтижесінде адамзатты әуреге салған індеттің вакцинасы да табылды. Ең ауыры артта қалғандай көрінгенімен, дүние жүзін экономикалық-әлеуметтік дағдарысқа түсірген пандемияның салдарын әлі де тартатын секілдіміз.

Вакцина куәлігі: Пікірлер екіге жарылды

Вакцина табылып, үкіметтер ресми тіркеген күннен бастап, көптеген мем­лекет індетке қарсы жаппай ек­пені бастап кетті. Мұны тарихта ең ірі вакциналау науқаны десе де болады. Bloomberg агенттігі жинаған мәліметтерге сәйкес, 103 елде 236 мил­лионнан астам доза вакцина са­лынған. Вакцина алу міндетті емес, әр азаматтың өз еркі бойынша салынуы керек деп айтып жүргенімізбен, соңғы ере­желер мен шаралар екпе алмасқа амал қалдырмай тұр. Мәселен, Еуропа одағы азаматтың вакцина алғаны туралы куәлік енгізетінін мәлімдеді. Бұл дегеніміз – вакцина салдырмаған адам ЕО-ға мүше елдердің аймағына кіре алмайды деген сөз. Мұндайда не істемек керек? Еуропаға барғың келсе, вакцина салдырасың. Сонда жоғарыдағы «екпе алуға міндеттелмейді» деген сөздің еш салмағы болмайын деп тұр. Бір жағынан ерік өзіңде, екінші жағынан ережеге бағынбасқа амалың жоқ. Бұл сонда қандай демократия?

Мұндай қауіпсіздік шарасына қа­тысты ЕО мүшелерінің пікірлері екі­ге жарылды. Грекия мен Испа­ния секілді туризмге тәуелді Оңтүс­тік Еуропа елдері сертификаттар­ды қолдаса, Германия сияқты солтүс­тіктегі мемлекеттер мұндай жүйенің тиім­ділігіне күмәнмен қарайды. Гер­мания канцлері Ангела Меркель алдымен вакцина алған адамдардың ауру жұқтырмайтынына көз жеткізу керектігін айтады. Сондай-ақ вакцина алғандардың саны алмағандардан әлі де аз екенін ескере отырып, екі топты бөліп-жарып қарастыруға болмайтынын алға тартады. Франция мен Бельгия вакцина куәліктерін ен­гізу иммундалмаған адамдарды кем­сітеді деп алаңдап отыр. Франция президенті Эммануэль Макрон ше­шімді енгізбестен бұрын, кейбір эти­калық мәселелердің түйінін тарқату керектігін айтқан. Оның пікірінше, вакцина кезегінде ең соңғы болып тұрған жастар үшін бұл әділетсіз болуы мүмкін. Ал Дания, Швеция, Финляндия азаматтардың вакцина алғаны туралы мәліметті өздігінше тіркеу үшін электронды паспорт енгізбекші. Осылайша, ЕО елдері бұл мәселеде ортақ келісімге келе алмай отыр. Десе де ұйым басшылығы Еуро­пада еркін саяхаттауға мүмкін­дік беретін құжаттың жазға дейін дайын болатынына сенімді. Атал­ған шараның Еуропада қауіпсіз саяхат­тағысы келетін туристерді тартуға бағытталған қадамдардың бірі екенін ескерсек, керісінше бұл олардың ке­луін­е қолбайлау болатын құжатқа айналмасына кепіл жоқ.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вакцина туралы куәліктің тиім­ділігіне әуелден күмәнмен қарады. Екпе COVID-19-дың алдын алуда тиім­ді екенін көрсеткенімен, оның вирустың жұғуын болдырмайтыны туралы дәлел жоқ. Яғни індеттің таралуы мен жұғуына әсер ете алмайды. Вакцина алғаны туралы құжат шекарадан өтуде ғана емес, мекемелерге, әуежайға, қоғамдық тамақтану орындары мен адам көп жиналатын іс-шараларға кіруде де шешуші рөл атқаруы мүмкін. Мұндай жағдайда қо­ғамда адамдарға «вакциналанған» және «вакциналанбаған» деген айдар тағылатын болады. Бұл әсіресе вакцина сатып алуға мүмкіндігі жоқ дамушы елдер үшін қиынға соқпақ. Сарапшыларға сенсек, кейбір табысы төмен елдер 2024 жылға дейін екпеге қол жеткізбеуі мүмкін екен. Одан бөлек, бұл қадам адамдардың жеке дере­гі мен қауіпсіздігіне қатысты түйт­кілді мәселелерді қозғайтыны тағы бар.

Еуропа одағының халықты жаппай вакциналауға қатысты қатаң сынға қалғаны белгілі. Қыркүйектің соңына дейін ересектердің 70 пайызын егуді жоспарлаған ұйым басшылығы 255 млн халыққа вакцина салу қолдан келетініне сенімді. Шынтуайтына келгенде, бұл меже әлі 10 пайызға да орын­далмаған. Осыған қарамастан, Еуропа талабын бір сатыға да төмендетуге тырыспайды. Вакцина куәлігінің қа­лай жүзеге асатыны белгісіз. Алайда мәсе­леге қатысты пікірлер екіге жарылып үлгерді.