Аймақтар • 02 Наурыз, 2021

«Дәрмек» республикалық операциясының бірінші кезеңі аяқталды

239 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Есірткі құралдарының, психотропты заттар мен прекурсорлардың заңды айналымы саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтау мақсатында ІІМ республика аумағында “Дәрмек” кең ауқымды  арнайы операциясын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

«Дәрмек» республикалық операциясының бірінші кезеңі аяқталды

Іс-шара өткізілген бес күн ішінде өз қызметінде аталған заттарды қолданатын 700-ге жуық кәсіпорын мен ұйым тексерілді. Бақылаудағы заттардың айналымы саласында 102 құқық бұзушылық анықталып, олар бойынша әкімшілік өндіріс қозғалды. Оның ішінде олар сақталатын объектілер мен үй-жайлардың техникалық нығайтылуы талаптарын бұзудың 38 дерегі анықталды.

Қолданыстағы заңнаманы бұза отырып сақталған немесе сатылған құрамында есірткі бар  препараттардың барлығы – есірткі құралдарының 1200  ампуласы және психотропты заттардың 1800-ден астам таблеткасы мен 200 ампуласы айналымнан алынды. “Дәріханалық” нашақорлықтың таралуын есепке ала отырып, “Дәрмек” операциясы барысында полицейлер тәуелділік тудыратын және  есірткіге ұқсас масаю күйіне түсу үшін пайдаланылуы мүмкін дәрілік  препараттардың рецептсіз сатылуын анықтауға бағдарланды. 

Еліміздің дәріханаларында осындай препараттарды рецептісіз сатудың 53 фактісі және заңсыз фармацевтикалық қызметтің 2 фактісі анықталды. Осылайша, Жамбыл облысында тұрғылықты жері бойынша қатаң есептегі препараттарды сатуды ұйымдастырған Тараз қаласының 30 жастағы тұрғыны ұсталды. Одан дәрігердің рецепті бойынша сатылуы тиіс 1550 таблетка трамадол және 110 таблетка сомнол алынды. Мұндай препараттарды қолдан сатудың екінші фактісі  Балхаш қаласында анықталды, онда жергілікті тұрғын күшті әсер ететін препаратты сатпақ болған жерінде ұсталған. 

Ұсталған азаматшаларға қатысты заңсыз фармацевтикалық қызмет фактісі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Барлық анықталған  құқық бұзушылықтар бойынша материалдар денсаулық сақтау органдарының аумақтық фармацевтикалық бақылау бөліністеріне жолданды.