Әрине, ҮЕҰ мен бүкіл азаматтық қоғам қызметінің кең таралған түрінің бірі – волонтерлік, яғни қазақстандықтардың қанына сіңген ерікті қызмет. Біз ежелден «Асар» деп аталатын өзара көмек пен ынтымақтастықтың терең дәстүрін ұстанған халықпыз.
2020 жыл – әлем үшін ең қиын сынаққа толы жылдың бірі болды және бұл біздің елдегі «Волонтер жылына» тұспа-тұс келді. Бұл жыл қоғам мен мемлекетке волонтерлердің рөлін, олардың қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан нақты үлесін барынша жақсы көрсетуге мүмкіндік берді. Әрине, «Волонтер жылы» бүкіл азаматтық қоғам үшін өсудің қозғаушы күші болды. Бүкіл елде көптеген бастамалар туындап, жергілікті деңгейдегі еріктілердің бастамашыл топтарының, топтары мен жобаларының белсенді қызметі басталды. Былтыр біз 600-ден астам осындай бастамашыл топпен немесе үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істедік. Басталған нәтижелі жұмыстар жалғасып жатыр және біз оларды үнемі бақылауда ұстаймыз. Дегенмен, волонтерлік – тек еріктілердің қызметі мен көмегі емес, нақты азаматтық қызмет, өзің өмір сүретін ортаңа, адамдарға, аумаққа және маңызды шешім қабылдау істеріне қатысу.
2001 жылы мен Павлодар қалалық әлеуметтік-волонтерлік орталығында ерікті болып жұмыс істей бастадым. Сонда өткен жылдар ішінде біз көптеген әлеуметтік маңызы бар жобаны жүзеге асырдық. Жасөспірімдерге, жастарға және олардың ата-аналарына арналған сенім телефоны іске қосылды. Мектептер жанындағы еріктілер жасақтарының жұмысы жолға қойылды. Бірақ мен үшін ең үлкен жетістік – павлодарлықтардың еріктілер жұмысына деген қызығушылығының өсуі болды. Еріктілер қозғалысының жұмысына тікелей қатысқысы келетіндердің саны арта бастады.
2006 жылы жас көшбасшылардың тәжірибесімен бөліскеннен кейін мен басқа елдерде волонтерліктің қалай дамып келе жатқанына куә болдым. Содан кейін маған қазақстандық еріктілер ұйымдарын біріктіру идеясы келді. Бірігу ресурстарды ұлғайтуға және оңтайландыруға, дамудың жаңа кезеңіне өтуге мүмкіндік берді. Ұлттық волонтерлер желісі Қазақстанда осылай пайда болды. Еріктілер қозғалысында біз үлкен мәселеге де тап болдық. Күн сайын көмек сұрайтындар саны көбейді, бірақ волонтерлер жетіспеді. Сондықтан біз өзімізге орынды сұрақ қойдық: «Волонтерлердің жұмысын жүйелі түрде қалай құруға болады және осы игі іске өз үлесін қосқысы келетін жаңа адамдарды қалай тартуға болады?».
Бүгінгі таңда Ұлттық волонтерлер желісі бүкіл Қазақстан бойынша 80-нен астам ұйым мен бастамашыл топты құрайды. Волонтерлікті дамыту бағытында жұмыс істей отырып, қоғамда мейірімді және жауапкершілігі жоғары адамдар көбейіп келе жатқанын байқаймын. Менің көз алдымда ерікті мәртебесі өзгерді және өзгеру үстінде. Қазіргі таңда волонтерлер мемлекетке және қоғамға айтарлықтай және баға жетпес пайда әкелетінін түсінетін адамдар саны артып келеді. Менің осы игі іске қосқан негізгі үлесім – Қазақстанда елдің нақты тірегіне айналған волонтерлер тобын тәрбиелеуге еңбегім сіңді деп ойлаймын.
Биыл біз Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтеміз. Қазақстан – болашағынан зор үміт күттіретін керемет әлеуеті бар жас мемлекет. Бүгінгі күні шағын және орта бизнес жақсы қарқынмен дамып келеді. Менің ойымша, азаматтық қоғам әлі қалыптасу кезеңінде. Әрине, біз елеулі жетістіктерге жеттік, мемлекет пен азаматтық қоғам серіктестігіне үлкен қадамдар жасалуда. Бұған жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың рөлін бағалайтын әртүрлі Қоғамдық кеңестер мысал бола алады. Сындарлы диалог, тұрақтылық пен қоғамдық келісімді қамтамасыз ету, кезек күттірмейтін әлеуметтік мәселелерді шешу мүдделері үшін де азаматтық қоғам пайдалы және қажет.
Біз әлі қалыптасу сатысындамыз деуімнің себебі неде? Соңғы жылдары тиімді серіктестер ретінде қабылданған үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттік аппаратпен тығыз жұмыс істей бастады. Әлеуметтік жобалар мен ынтымақтастыққа салынған инвестициялар өз нәтижесін бере бастады. Ал болашақты болжайтын саясаткерлер мұны бағамдап, ҮЕҰ-ға мүмкіндігінше қолдау көрсетіп отыр. Яғни ынтымақтасқан жемісті жұмыс ұлттық деңгейде де, жергілікті деңгейде де байқалады. Қоғамның шынайы үніне құлақ асып, жұмыс істейтін ҮЕҰ – қазіргі кезде құнды алаң.
Азаматтық секторды институттандыру жүріп жатыр деген пікірімнің өзіндік негізі бар. Бастапқыда, яғни тәуелсіздік таңында ҮЕҰ көптеп пайда бола бастады. Яғни кез келген азаматтың жеке қоғамдық қор ашуына мүмкіндік туды, қажеттілік те болды. Содан кейін мәселелер өте қызу талқыланды. Қаржыландыру мен мемлекеттік тапсырыстардың келуімен институттандыру кезеңі келді. Бұл кезең әлі де жалғасу үстінде. Дәл қазір біз ҮЕҰ туралы, олардың қай салада жұмыс істейтіні, қандай жетістіктерге жеткені, қаржыландыру мөлшері және басқа мәселелер туралы көбірек білеміз. Уәкілетті мемлекеттік орган ҮЕҰ туралы арнайы мәліметтер базасын жүргізеді, гранттар, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар алуға мол мүмкіндік бар. Кейбір жоғары мамандандырылған ҮЕҰ, мысалы, мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысы мен бейімделуіне байланысты кейбір артықшылықтарға ие және бұл өте жақсы.
Жақын болашақта мен азаматтық сектордың өсуі мен біртұтас жүйеге келуін күтемін. Әлемдік тенденция, атап айтқанда пандемия жылындағы цифрландыру, заманауи ақпараттық технологиялар және жедел цифрландыру азаматтарға шешімдер қабылдау процестеріне, мемлекеттік бюджетті бақылауға, дауыс беруге және онлайн-өтініштер жасауға және басқаларға көбірек қатысуға мүмкіндік береді. Бұл азаматтық қоғамның табиғи түрде өсуіне және дамуына ықпал етеді. Қазірдің өзінде жүйеаралық мамандарға деген сұраныс артады деп болжануда. Мысалы, әлеуметтік мәселелерді шешу үшін краудсорсинг платформаларының әкімшілері, халық пен мемлекеттік органдар арасындағы коммуникациялық платформалардың модераторлары және қоғамдық орта мен ІТ саласындағы мамандықтарға сұраныс көбейе түспек.
Екінші тенденция – әлеуметтік мәселелерді бірлесіп шешу үшін бизнес пен үкіметтік емес ұйымдардың ықпалдасуының күшеюі. Ірі компаниялар корпоративті әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде түрлі жобалар жасап, ҮЕҰ-мен бірлесе күш жұмылдырды. Шағын және орта бизнес өкілдерінің алғашқылардың бірі болып белсенді әлеуметтік қызметке келуі – еріктілер бастамаларының бірі деп айтуға болады. Осылайша олар өз қызметінің құндылығы мен нағыз нәтижесін түсінеді. Алайда бұл өзара іс-қимыл көбіне зерттелмеген және іс жүзінде бизнес пен азаматтық қоғамның қаншалықты ықпалдасып жатқанын айту қиын. Әзірге біз бұл тақырыпты тек бұқаралық ақпарат құралдарында көтереміз. Сонымен бірге өз басым қазір бизнесмендердің қоғамға қаншалықты пайдалы болғысы келетінін байқап жүрмін және бұл тек қайырымдылық жасау емес.
Қазіргі кезде заң жобаларын әзірлеу барысында ынтымақтастық үшін үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық қозғалыстарды белсенді түрде жұмыс тобына тартып жүрміз. Азаматтық қоғамның көшбасшылары көбіне өз саласын жетік меңгерген мамандар болады және олардың сараптамалық пікірлерін ескеру өте маңызды. Бұрын мен ҮЕҰ өкілі ретінде өзім «Волонтерлер туралы», «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» және басқа заңдарды талқылау жөніндегі жұмыс топтарына қатыстым. Сондықтан қазір де белсенділердің пікірін тыңдауды құптаймын. Сонымен қатар бізде салалық үкіметтік емес ұйымдардың пікірлері мен ұсыныстарын тыңдау мақсатында белгілі бір салалық тақырыптарда іс-шаралар өткізіліп тұрады. Бұл да азаматтық қоғамның сапасын жақсарту, заң шығару сынды маңызды шешімдерге белсенділерді тартып, азаматтардың қоғамдық өмірге атсалысуын қамтамасыз етеді деген ойдамын.
Вера КИМ,
Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ұлттық волонтерлер желісі»
ЗТБ құрушысы