Театр • 03 Наурыз, 2021

Қазақ вальсінің королі

662 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры сүйікті көрермендерінің назарына жаңа премьераны тарту етті. 1 наурыз күні Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығарма­шылығынан көрініс беретін «Шәмші» мюзиклінің премьерасы өтті. Авторы – Мадина Омарова, қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров, режиссердің ассистенті – Мекан Джумабаев.

Қазақ вальсінің королі

Қойылымның тұсаукесері Алғыс айту күнімен тұс­па-тұс кел­гендіктен театр ұжымы қо­ғам­­да пайдалы әрі игі іспен айна­лысып жүрген волонтерлердің еңбегін елеуді жөн көрді. Оларға алғыс білдіру мақсатында спектакльге 30-ға жуық жас ерікті арнайы шақырылды. Театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров: «Қиын кезеңде көмек беріп, мем­ле­кеттің көтеріп жатқан үлкен жү­гіне араласып, теңізге тамған там­шыдай болса да, үлкен еңбек еткен­деріңіз үшін мың рахмет», деп премьераны алғыспен бас­тады.

Қойылым белгілі тұлғаның кү­рескерлік, ғашықтық және ком­позиторлық қырларын таны­тады. Нақтырақ айтқанда, кү­рескер Шәмшінің рөлін Аман Ғұ­маров, композитор Шәмшінің рөлін Сұлтан Кеңшілік, ғашық Шәмшінің рөлін Саламат Мұқа­шев сомдады. Үш актер сахна алдында композитордың өмір жо­лында кезіккен қиындықтарын, адам мен қоғамға деген философиясын, ішкі жан дүниесіндегі толқыған сезім иірімдерін, ға­шық­тық сырларын әуезді әндер ар­қылы көрермендерге жеткізе білді. Сонымен қатар қонақтар мюзиклде Мұқағали Мақатаев, Роза Бағланова, Әбілахат Еспаев, Төлеген Айбергенов, Жұмекен Нәжімеденов, Ақан сері сынды тұлғалардың бейнелерін кез­дес­тіріп, олар Шәмшінің өнерін қалай қолдап, шыңдала түсуіне қандай септігін тигізгендеріне куә болды.

Музыкалық жас көрермен ­театры «Шәмші» мюзиклі арқы­лы өнер жолына қызығушылық­пен қарайтын дарынды жасөспірім­­дер мен балалардың қиялын қоз­ғап, оларды өнерге қызықтырып, қа­наттандырды. Қойылымды тама­шалаған жас көрермен Шәмші­ге қарап, оның шығармашылығы­на зер салып, күрделі өмір жолын­дағы киелі өнердің ба­ғасы адамзат ғұмырын арнауға тұратындай құдіретті де таза екен­дігіне көз жеткізді.

Ерқанат Ташен «Астана жас­тары» ұйымында волонтерлікпен айналысып келгеніне екі жылдан асты. Ол қойылымнан алған әсері ерекше екенін жеткізді.

– Екі жылдан бері осы волон­терлік іспен айналысамын. Ал­ғаш­қыда экологияға байланыс­ты ұйымдарға бардым. Өйткені көктем айларында, қар ерігенде жердің бетінен тұрмыстық қал­дық заттардан көзімізді арылта алмаймыз. Бұл табиғатқа үлкен зиян әкеледі. Осыдан кейін мен тұрғындарға үйден шыққан қал­дықты сұрыптап, оларды арнайы ыдыстарға салуды және жинау­ды насихаттаймын,  – дей­ді Е.Ташен.

Әлемді әбігерге салған пандемия кезінде белсенді азаматтық ұстанымдары жоғары еріктілер қоғамға айтарлықтай септігін тигізген. Елі­мізде өз еркі­мен қо­ғамға пайдасын тигізуді көздейтін еріктілердің қатары жыл санап артып келеді.

Театрдағы Камералық ор­кес­тр­­дің сүйемелдеуімен өткен спек­такльде композитордың 15-ке жуық әні орындалды. «Жан аға», «Арыс жағасында», «Әнім сен едің», «Қайықта», «Өмір өзен», «Бақыт құшағында», «Сағы­нышым менің», «Қуаныш вальсі», «Ақ маңдайлым», «Сы­ған әні», «Ақан сері», «Ана ту­ралы жыр» және өзге де ән­дері көрермен көңі­лін баурап, жүрек түкпіріндегі мейірімі мен махаббатын оята түсті. Қала тұр­ғындары мен қо­нақ­тары «Шәм­ші» мюзиклін 3 наурыз күні тамашалай алады.