Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы – Шымкент қаласында аузымен сурет салатын қылқалам шебері тұрады. Бұл туралы «Жетінші» телеарна хабарлады.
Шымкент қаласының 31 жастағы тұрғыны Анатолий Бауэр сал ауруына шалдыққалы өзінің жан дүниесін сурет арқылы түсіндіргісі келді. Оның 27 жыл бұрынғы ең алғашқы туындысы өзінің емдеуші дәрігеріне арналыпты.
«Мен алғаш рет өзімнің дәрігерімді суреттедім. Әрине, 4 жастағы туындым өз жасыма сай болды. Дегенмен, дәрігерім өзін бірден танып, менің суретіме жоғары баға берді. Аяқ-қолым салданып қалса да, мен өзімнің өнерімді аузым арқылы паш ете аламын. Қаламды тістеп, осы күнге дейін әр түрлі туындыларды салдым», - дейді А. Бауэр.
Суретшінің қабілетіне тәнті болғандар, арнайы тапсырыс береді екен. Қамкөңіл жанның еңбегін елеусіз қалдырғысы келмегендер, оған ақша ұстататын көрінеді. Осыған дейін Анатолий 5 рет көрмеге қатысыпты.
«Ұлымның осындай дарын иесі болғанына өз басым өте қуаныштымын. Оған мен үнемі көмектесемін. Қажетінің барлығын қамтамасыз етіп отырмын. Оның туындыларын бірге талқылаймыз. Көбіне жаңадан салынған суретке алғашқы болып, өзім баға беремін», - дейді суретшінің анасы Лидия Бауэр.
Бақытбек Кенешұлы.
Дереккөз: «Жетінші» телеарна
Фото: Subscribe. ru