Қазақстан • 03 Наурыз, 2021

Ақылбек Күрішбаев: Селекциялық жұмыспен айналысамыз ба, әлде шет елден тағы да мал тасимыз ба?

53 рет көрсетілді

Соңғы жылдары «Етті мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін дамыту» бағдарламасы аясында елімізге 153 мыңнан астам асыл тұқымды малдың басын жаппай әкелу жүзеге асырылды. Оны сатып алуға (мемлекеттік субсидияларды қоса алғанда) 500 млн АҚШ долларынан астам қаражат жұмсалды.

Ғалымдардың пікірінше, бұрын елімізде болмаған, бізде тіркелмей жатқан Шмалленберг ауруы, инфекциялық ринотрахеит, вирустық диарея, моракселлез сияқты қауіпті экзотикалық жұқпалы аурулар сырттан әкелінді. Бұл мәселе отандық ветеринария жүйесінің қазіргі ауыр жағдайын одан сайын тығырыққа тіреді.

Біздің қоғам осы импортталған малдың қаншасы бейімделе алғанын, қаншасы өлгенін, жалпы жобаның алдына қойған мақсаттары қалай орындалғаны туралы нақты білмейді. Ал оны халық білуге құқылы, себебі аталған мал басы тек жеке инвестициялар есебінен ғана емес, салық төлеушінің ақшасына сатып алынған.

Жалпы, біздің министрліктеріміз қоғамдық аудитті тарта отырып, дамыған елдердегі сияқты осындай қымбат жобаларға бөлінген мемлекеттік қаражатты пайдаланудың тиімділігі туралы халық алдында есеп беруге үйрену керек.

Асыл тұқымды малға келетін болсақ, қазір сол ауыл шаруашылығы жануарларының популяциясын сақтап қалу және жақсарту өте маңызды. Аграрлық саланың ардагерлері кеңестік кезеңде Қазақстанға Еуропадан жүздеген мың асыл тұқымды ірі қара малдың  әкелінгенін және уақыт өте келе олар өздерінің асыл тұқымдық қасиеттерін жоғалтып, із-түссіз жойылып кеткенін жақсы біледі.

Біз оларды күтіп-бағу үшін тиісті жағдайлар жасаумен ғана емес, ең бастысы, жүйелі селекциялық жұмысты қалыптастыруымыз керек. Ол үшін селекцияның заманауи әдістерін қолдану қажет.

Бұл тұрғыда асыл тұқымды мал шаруашылығы саласында инновациялық технологияларды, оның ішінде геномдық селекцияны енгізу өте маңызды. Себебі жануардың тек молекулалық-генетикалық талдауы оның асыл тұқымдық құндылығын алдын-ала болжауға мүмкіндік береді және селекцияның тиімділігін қамтамасыз етеді.

Бүгінде барлық дамыған елдерде асыл тұқымды өнімді жақсарту қазіргі заманғы биотехнологиялық зерттеу әдістеріне, оның ішінде геномдық селекцияға негізделген.

Өкінішке орай, Қазақстанда кейбір компанияларды қоспағанда, селекциялық-асыл тұқымдық жұмыста геномдық сараптама жүйелі түрде пайдаланылмайды, бұл мал шаруашылығы саласының тұрақты дамуы мәселелерінде елеулі тежегіш болып отыр.

Сондықтан ауыл шаруашылығы жануарларының отандық гендік қорын қалыптастыруға қатысты бұл мәселені мемлекеттік деңгейде шешу қажет. Ол үшін өзіміздің фермерлерімізге көмек ретінде ғылыми зертханалардың базасында ұлттық генетикалық зерттеу орталықтарын ұйымдастыру керек. Бұл біздің жағдайымызға бейімделмеген асыл тұқымды малды шетелден әкелуге қарағанда, ақылға қонымды, әлдеқайда арзан және эпизотия тұрғысынан қауіпсіз жоба болар еді.

Малдың асыл тұқымдық қасиеттері мен өнімділігін арттырудың (әсіресе, сүт шаруашылығында) маңызды әдісі болып табылатын тағы бір жолы – оның жасанды ұрықтандыруы. Мамандардың мәліметтері бойынша, қазір сүт бағытындағы ірі қара малдың қолдан ұрықтандыру үлесі Белоруссияда – 95%, Украинада – 90%, Ресейде – кем дегенде 70%, Өзбекстанда – 55% болса, Қазақстанда 15%-дан аспайды, яғни 4-6 есе аз.

Бұл мысалдан біздің сауда серіктестерімізден селекциялық жұмыста қаншалықты артта қалғанымыз айқын көрінеді. Сонымен қатар, бізде заманауи фермалар, сапалы жем-шөп базасы жетіспейді. Салыстыратын болсақ, Қазақстанда сүт бағытындағы 2,7 миллионға жуық сиыр бар, ал Беларусь Республикасында 1,5 млн бас, әғни 1,8 есе аз. Алайда, Беларусь Еуразиялық  экономикалық одағына кіретін елдердің көпшілігіне сүт және сүт өнімдерін экспорттайды, ал біз болсақ, тіпті, өз халқымызды толық қамтамасыз ете алмай отырмыз.

 

Ақылбек КҮРІШБАЕВ,

Сенат депутаты

Соңғы жаңалықтар

Елданаға ел риза

Спорт • Кеше

Жұмекеннің «Балаусасы»

Руханият • Кеше

Сүйіспеншілік сабағы

Аймақтар • Кеше

Ұқсас жаңалықтар