«Adam Bol Awards» қазақстандық жүлдесі ешқандай қиындықтан қорықпай, нағыз батырлықтың ерен үлгісін көрсеткен азаматтарға арналған. Жүлде лауреаттары адам бойындағы мәрттік, жомарттық, ерлік, мейірім мен әділдік, махаббат пен даналық, сенім мен үміт сияқты асыл қасиеттерімен ерекшеленді. Алаулаған оттың ішінен алты баланың өмірін арашалап қалған Дәурен Рымқұлов туралы журналистер қауымы жарыса жазған болатын. Атаулы сыйлыққа ие болғандардың ішінде ол да бар. Сондай-ақ жанып жатқан ангардан 22 итті аман алып шығып, өзі көк түтінге уланып ауруханадан бір-ақ шыққан хайуанаттар құқын қорғаушы Сергей Снегирев те лауреаттар қатарынан табылды.
Көпшіліктің дауыс беруі мен сарапшылар кеңесінің шешімі бойынша жеңімпаз атанған Надир Омарғазиев, Иманғали Баймырза, Андрей Петров, Ақбота Аманғалиева, Ержан Амарханов, Ардақ Байманасов, Артем Боровиков, Александр Шахов, Әлиакбар Юлдашев, Александр Жұмабаев секілді азаматтардың әрбірі құрметке лайық. Қоғамның сан саласында еңбек ете жүріп, айналасына жарқын үлгі көрсеткен олардың ішінде мектеп оқушысы да бар.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде сөз алған Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев: «Қаһармандар арамызда жүр. Адамға жақсылық жасау үшін көп нәрсенің қажеті жоқ, кішкентай мейірім болса жеткілікті. Сыйлық лауреаттарының әрқайсысы – құрметке лайық әрі қоғамға қызмет етудің, жанқиярлық пен батылдықтың үлгісін көрсеткен жандар», деп атап өтті.
Жобаның құрылтайшысы – қоғам қайраткері, «Жандану әлемі» қайырымдылық қорының негізін қалаушы Әлия Назарбаева. Лауреаттарды қолдап, жылы лебіз білдіру үшін марапаттау кешіне Қазақстанның ең жас композиторы Нұрәли Бейсеқожа, Mezzo тобы, «Славянский базар в Витебске» байқауының жеңімпазы Әмре, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Майра Мұхаммедқызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожин және тағы басқалар қатысты.
АЛМАТЫ