Қоғам • 04 Наурыз, 2021

Полиция алаяқтардан сақтануды ескертті

145 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Соңғы уақытта қоғамда интернет арқылы жасалатын алаяқ әрекеттер тым көбейіп бара жатыр. Алдап-арбаудың түрлі әдістері мен сызбаларын жетік меңгеріп алған теріс пиғылдылар көп жағдайда төлем картасындағы қаржыны ұрлауды қолай көреді екен. Нұр-Сұлтан қаласы полициясы төмендегідей жағдайлар кезінде алданбай, мейлінше сауаттылық танытуға шақырады.

Полиция алаяқтардан сақтануды ескертті

Олар бағдарламалық жүйені пайдалана отырып банктердің ресми колл-орталықтарының нөмірлерін қайталап, картаны пайдаланушыларға қайталама нөмірлерден қоңырау шалады. Әңгімелесу барысында өздерін банк қызметкерімін деп таныстырады. Банк қызметкерінің рөлін шебер сомдап, алаяқтар банк картасы бойынша алаяқтық әрекеттер жасалып жатқанын хабарлайды және ақшаны сақтап қалу үшін сақтандыру ұяшығына ақша қаражатын аударуды сұрайды. Әңгімені үзбеуге тырысып, бөтен адамдардың банк картасының нөмірін айтады.

«Егер сізге осылай қоңырау шалатын болса ешқашан өз деректеріңізді бермеңіз. Олар – алаяқтар. Банк қызметкерлері ешқашан қоңырау шалып, жеке мәліметтерді жинамайды! Ресми колл орталықнөміріне қайта қоңырау шалып, ақпаратты тексеріңіз» делінген полиция хабарламасында.

Сондай-ақ интернет желісінде алаяқтықтың басқа да түрлері, мәселен мессенджер арқылы сатып алушы ретінде хат алмасу жиі тарап жатыр. Сөйлесу кезінде «жеткізу» қызметін пайдалануды сұрайды, сол үшін басып кіруі тиіс сілтеме жібереді. Бір қарағанда ол сілтеме ешқандай күмән тудырмайды, алайда оны басқан кезде пайдаланушы фишинг сайтына кіреді. Бұл сайтта банк картасын, CVV-кодты және ЖСН-ды көрсете отырып сауалнаманы толтырып, ақшаның аударылуын күту ұсынылады. Жоғарыда көрсетілген деректерді алған соң, алаяқтар бірден картадағы шоттан барлық ақша қаражатын жымқырады. Ал алаяқтық сайт бірнеше секундтардан кейін бұғатталып қалады және ешқандай белгі қалмайды.

Мұндай кезде азаматтар жіберілген сілтемеге мұқият мән беріп, сайттың түпнұсқалығына назар аударуы қажет. Фишинг сайттар шын мәнінде түпнұсқа сайттарға ұқсағанымен, атауында артық әріптер мен таңбалар болады.