Аймақтар • 04 Наурыз, 2021

Пандемия кезінде әлеуметтік жобаларға атсалысқан тұлғалар марапатталды

344 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, «Қайырымды істер» марафоны мен 1 наурыз – Алғыс айту күні аясында елордалық меценаттарға алғыс хаттар табыстады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Пандемия кезінде әлеуметтік жобаларға атсалысқан тұлғалар марапатталды

Жобалық кеңсенің арнайы алғыс хатымен дизайнер Мансура Жәкен, кәсіпкер Жазира Әлиева, дизайнер Гүлнар Қасым, журналист Дәулет Мұқаев және кәсіпкер Дмитрий Илюшин марапатталды.

«Қазіргі таңда республика көлемінде «Қайырымды істер» марафоны өтіп жатыр. Әрі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында іске асып жатқан «Туған жер» арнайы жобасы бар. Осы жоба аясында елордалық меценаттар үнемі тұрғындарға түрлі көмек көрсетіп келеді. Пандемия кезінде де қаржылай әрі гуманитарлық көмек берілді. Алғыс айту күні қарсаңында осы кісілердің еңбегін елегенді жөн көрдік», деді Нұр-Сұлтан қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің директоры Ақерке Жұманбаева.

Жобалық кеңсе директоры интерьер дизайнері Мансура Жәкеннің әлеуметтік жобалармен айналысатын үкіметтік емес ұйымдарды қолдау мақсатында жалпы құны 4 000 000 теңгелік авторлық 17 ағаш есіктің сертификатын табыстағанын мәлімдеді.

Ал кәсіпкер Жазира Әлиева пандемия кезінде елорда тұрғындарына көмек көрсеткен еріктілерге өз компаниясының дәруменді шырындарын сыйлады. Қайырымды істер аясында кәсіпкер Дмитрий Илюшин де азық-түлік себеттерін таратқан.

Танымал этно-дизайнер Гүлнар Қасым карантин кезінде әлеуметтік желілерден онлайн шеберлік сағатын өткізді.