Оның айтуынша, өткен жылы министрлік белгілі бір салаға ерекше назар аудармай, бірыңғай тәсілді көздейтін субсидиялау тетіктерін қайта қарады. Сондай-ақ шағын және орта фермерлерді субсидиялауға қол жеткізу шектері өзгертілді.
«Мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру үшін ағымдағы жылдан бастап бизнес үшін қарсы міндеттемелер кезең-кезеңімен енгізіледі. Сонымен қатар базалық субсидиялар бойынша субсидиялау көлемін ұлғайту есебінен 2025 жылға қарай ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды 1,5 есе, минералдық тыңайтқыштарды қолдануды 1,4 есе, жоғары сапалы тұқым сатып алуды 1,2 есе ұлғайту жоспарланған. Бұл ретте мемлекеттік қолдаудың басты қағидаты оның тұрақтылығы мен сабақтастығы болады. Бұл шаруаларға ұзақ мерзімді перспективада өз қызметін болжауға мүмкіндік береді», деді спикер.
Бұдан басқа, АӨК субъектілерін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру мақсатында екінші деңгейдегі банктер, Қазақстанның Даму банкі және синдикатталған қарыздар арқылы ауыл шаруашылығы секторына кредит беру мүмкіндіктерін кеңейту көзделген. Олар мемлекеттік қолдаудың салалық бағдарламаларына енгізіледі. Ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды кеңейту және жастарға арналған ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларды іске асыруға гранттар енгізу мүмкіндігі қарастырылуда. Сондай-ақ, АӨК қолдаудың барлық шараларының бірыңғай электрондық ресурсы құрылады.