Парламент • 05 Наурыз, 2021

Ғылымды дамытуға соны серпін беріледі

197 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палата отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қарап, қабылдады.

Ғылымды дамытуға  соны серпін беріледі

Бұл заң жобасына Парламент депутаттары бастамашы болған. Құжат жөнінде Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов баяндама жасады. Оның айтуынша, заң жобасы ғылыми, ғылыми-техникалық саладағы заңнаманы жетілдіруге және оның нәтижелерін коммерцияландыруды оңтайландыруға бағытталған.

«Заң жобасын барлық деңгейде толық қарау – енгізілген құқықтық ережелер мен нормалардың негізділігін, бүгінгі күннің қажеттілігіне жауап беретіндігін көрсетті. Атап айтқанда, Бюджет кодексінде ғылыми, ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру бойынша бюджет бағыттары нақтыланды.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы»  Кодекстегі адам ағзаларын трансплантациялауға қа­тысты нормалар жетілдірілді. Ғылым туралы заңға бірқатар өзгерістер мен то­лықтырулар ұсынылып отыр.

Үкіметтің, министрліктердің, Жоғары ғылыми техникалық комиссияның құзы­реттері айқындалып, қолданыстағы бір­қатар заңнамалық актілер ғылым туралы заңға сәйкес келтірілді. Заң жобасын қабылдау бүгінгі күн талабына сай мем­леке­тіміздің экономикасын дамытуға, ғы­лыми бәсекелестікті арттыруға қажет­ті мүмкіндіктер туғызады», деді Б.Жұ­ма­ғұлов.

Сондай-ақ құжат ғылыми және ғылы­-
ми-техникалық саланы жетілдіру, сондай-ақ оның нәтижелерін коммер­ция­ландыруға бағытталған. Соған сәйкес енгізілген жаңа нормалар ғылыми зерттеулердің кең шоғырын рес­пуб­ликалық бюджеттен қаржы­ландыруға мүмкіндік береді. Мұн­дай қадам қол­данбалы ғылыми жаңа­лықтар­дың көп­теп ашылуына және ғылымның ел эконо­микасының дамуына қосатын үлесін арттыруға тың серпін береді.

«Қабылданған заң жобасы ғылым саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға арналған қосымша құқықтық не­гіздерді қалыптастырады. Ғылыми жә­не ғылыми-техникалық қызмет нәти­желерін коммерцияландырудың және барлық ғылыми-зерттеу жұмысын қар­жы­ландырудың ашықтығын қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар Ұлттық ғылыми кеңестер мен Ұлттық мемлекеттік ғы­лы­ми-техникалық сараптама орталы­ғының құзыреттері нақтыланады. Ғылым мен техниканы дамытуға үлес қос­қан ға­лымдарды әлеуметтік қолдау мен көтер­мелеу де көзделіп отыр. Осы мақсатпен жыл сайынғы «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығын беру қарастырылған.

Жалпы, бұл заң жобасы елімізде ғы­лым саласын дамытуға өз үлесін қосады деп сенеміз. Сондай-ақ онда мемле­кеттік білім беру мекемелерінің бірін­ші басшыларының ротациясы қарас­ты­рылған. Ол Білім және ғылым министрлігі белгілеген тәртіппен жүргізіледі», деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат отырысында депутаттар «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңна­малық актілеріне өнеркәсіптік қауіп­сіздік, индустриялық аймақтар, жануар­лар дүниесі, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, энергетика, табиғи монопо­лиялар және ішкі істер органдары қыз­меткерлеріне тұрғын үй төлемдері мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасын да қарап, оған қосымша түзетулер енгізді.

Соған сәйкес енді қызметтік мін­детін атқару кезінде жарақат алып, жұмыс­тан шығып қалған қызметкерге және қыз­мет барысында қаза тапқан ішкі істер қызметкерлерінің отбасы мүшеле­ріне бұрын тағайындалған тұрғын үй төлемдері сақталады.

Бұл тармақ бұрын реттелмеген болатын. Яғни егер полицей қызмет кезінде жарақат алып, не қайтыс болса тұрғын үй жәрдемақысы тоқтатылатын. Бұл полицей мен оның отбасының онсыз да күрделі жағдайын едәуір қиындатады. Сенаторлар сақшылар отбасы осындай жағдайға душар болған кезде белгіленген төлемдерді ипотека мерзімі аяқталғанға дейін немесе жалдамалы тұрғын үй толық сатып алынғанға дейін сақтап қалдыру туралы ұсыныс айтты.

«Бас комитет қызметтік міндеттерін орындау кезінде ауыр жағдайға тап болған: жарақат алған, бір жерін сын­дырған немесе контузия алған ішкі істер органдарының қызметкерлерін, сон­дай-ақ қаза тапқан қызметкердің отбасы мүшелерін әлеуметтік қорғауға арнал­ған түзетулер ұсынып отыр. Онда, атап айт­қанда, ипотекалық шарт немесе кейіннен сатып алынатын тұрғын үйді жалдау шарты бойынша міндеттемелер орындалғанға дейін бұрын белгіленген тұрғын үй төлемдерін Үкімет белгілеген мөлшер мен тәртіпте сақтау ұсынылады», деп атап өтті сенатор Сергей Ершов өз баяндамасында.

Сенаторлар аталған әлеуметтік түзетулерді бекітіп, заң жобасын Мәжі­ліске қайтаруды ұйғарды.

Сенат отырысында «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңнамалық акті­леріне адвокаттық қызмет және заң көме­гі мәселелері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да қаралды. Бұл заң жобасына да Парламент депутаттары бастамашы болғанын атап өткен жөн.

Құжат, негізінен, азаматтарға білікті заң көмегін алу құқығын беретін кепілдікті арттыруды көздейді. Соған орай сенаторлар заң консультанты мәртебесінен үміткерлерді заң білімін тексеретін тес­ті­леуден босату ұсынылған норманы алып тастады. Сенат депутаттары жан-жақты талқылап, бірқатар түзету енгізгеннен кейін бұл заң жобасын да Мәжіліске қай­тару туралы шешімге келді.

Сондай-ақ сенаторлар «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл ша­руашылығы жануарларымен селек­циялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізуді біріздендіруге бағытталған шаралар туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады. Бұл келісім ЕАЭО елдері арасында асыл тұқымды мал шаруашылығының жалпы нарығын дамытуға және өзара сауда-саттықтағы кедергілерді жоюға арналған.

«Келісімде асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты үйлестіру және талдамалық қамтамасыз ету жөніндегі бірыңғай тәртіпті белгілеу көзделеді. Селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты үйлестіруді мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары жүзеге асырады, талдамалық қамтамасыз ету ғылыми-зерттеу ұйымдарына беріледі. Сондай-ақ келісімде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің асыл тұқым­ды мал және селекциялық жетістіктер туралы мәліметтермен алмасуы көзделеді», деді заң жобасын депутаттарға таныс­тырған Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров.

Бұдан басқа, сенаторлар Мемлекет басшысының ұсынуы бойынша Жоғарғы сотының судьяларын қызметтен босату мәселесін қарады. Серік Әбнәсіров отставкаға шығуына байланысты және Анатолий Смолин басқа қызметке тағайындалуына орай Жоғарғы сот судьясы қызметінен босатылды.

Палата отырысы соңында сенаторлар Премьер-Министрдің атына депутаттық сауалдар жолдады. Депутат Ақмарал Әлназарова жастардың денсаулығына қа­тысты мәселе көтерсе, сенатор Алтынбек Нұхұлы «Наурыз мейрамын» атап өтуді идеологиялық тұрғыдан толықтыру жөнінде ұсынысын жеткізді. Депутат Нұртөре Жүсіп Үкімет назарын кітапхана және архив ісі саласына қолдау көрсету қажеттігіне аударды. Сенатор Дүйсенғазы Мусин ара және марал шаруашылықтарын дамытуға қатысты мәселелерді сөз етті.