Руханият • 05 Наурыз, 2021

Рухани тәуелсіздік бастауы

41 рет көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 21 қазанда латын графикасы негізінде қазақ тілі әліпбиін жетілдіру жөніндегі Жарлығы шықты. Осы тапсырманы орындау аясында Ұлттық комиссияда әліпбидің 40-тан астам нұсқасы, сондай-ақ қазақ тілінің емле ережелерінің жобалары мен пернетақтадағы әріптердің орналасу тәртібі қаралды.

Премьер-Министр Асқар Мамин өткіз­ген Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия оты­рысында жетілдірілген жаңа латын әліп­биі нұсқасын көріп қуанып қалдық. «Жетіл­дірілген әліпби нұсқасы қазақ тілінің дамуы­на жаңа серпін беріп, оның заманауи үрдіс­терге сай жаңғыруына ықпал етеді. Алдағы уақытта қазақ тілін латын графикалы әліп­биге кезең-кезеңімен көшіру бағытында қар­қын­ды жұмыс жүргізу керек», деп атап өт­ті Үкімет басшысы.

Әліпби тек латын әліпбиі базалық жүйесі таң­баларынан құралған. Бұл әліпбиде қазақ тілінің 28 дыбысы толық қамтылған. Қа­зіргі ә(ä), ө(ö), ү(ü), ұ(ū) және ғ(ğ), ш(ş) қазақ әріптері диакритикалық таңбалармен беріл­ген. Әліпбиде халықаралық тәжірибеде қол­даныста бар умляут ( ̈ ), макрон
( ˉ ), седиль ( ̧), бревис ( ̌ ) диакритикалық таңбалары қол­данылған. Әліпби қазақ тілінің жазу дәс­түрінде орныққан «бір дыбыс – бір әріп» прин­ципіне толық сәйкес келеді. Жаңа әліп­биге кезең-кезеңімен көшу 2023 жылдан бастап 2031 жыл аралығында жоспарланып отыр. Еліміз үшін стратегиялық маңызы зор мақсат, рухани тәуелсіздігіміздің бастауы – латын әліпбиіне де көзіміз үйреніп, көңіліміз сеніп келе жатыр.

2019 жылғы 6 қыркүйектегі Ұлттық ке­ңестің алғашқы отырысында біздің ұсы­нуы­мыз бойынша, екі диграф әріпті алып тас­тап, Ш-ны диакритикалық таңбамен беру,
Ч әр­пін мүлде алып тастау және қазақтың
І әрпін қайтару туралы сұрауымыз орындалды. Ұсынғанымыздай, «і» әріп­терін бұрын басын­дағы нүктесімен жазып келдік, сол күйі сақталуы үшін соңғы нұсқадан «і» мен «и» әріптері таң­баларының орнын ауыс­тыру керек болды. Сонда «і» әрпі бұрын­ғыдай төбесіндегі нүктелерімен, ал «й», «и» әріптері нүктесіз жазылатын болады. Деген­мен бір-екі түзетуді нақты айтпай кету­ге болмайды. Біріншіден, соңғы акутты нұсқада
І әрпінің бас әрпі жоғалып кет­кен – И әрпі екеуі де бір І таңбамен бел­гілеген. Қазір кез келген жерде латын әліп­биімен қазақша, кириллицамен орысша, екі нұс­қа жазулы тұрады. Елдің бәрі оңайын таң­дап, кириллица нұсқасын оқиды. Бұл қазақ­тілділердің де латын әліпбиін үйренуге кері әсерін тигізіп, кедергі келтіруде.

Осы мәселеге де бір шешім айтылуы тиіс­тігін ұсынған едік. «Ал Ш әрпін SH деп диграф­пен белгілегенше, Ш-ны Ś деп бел­гілеу керек еді. Ал CH деп белгіленген, қазақ­тың тіл дыбысына жат, орыс тілінен кел­ген Ч әрпін мүлде мүлде алып тастау керек. Әрі мұндай екі таңбалы емес – бір-ақ таңба болар еді. Бұл 2 әріп мұнда 4 әріптің орнын алып отыр. Елбасы тапсырмасының өзі әріптерді ықшамдау емес пе еді? Диграф­тан апострофқа өткен кездің өзінде-ақ бұл әріп­тер бір әріппен белгіленіп еді ғой. Тек үстіндегі апострофты акутқа ауыс­тыра салу кім­ге қиындық тудырды екен? Өйткені «Асхана», Асхат» сөздері Аshana – Ашана, ал Ashat – Ашат деп оқылады ғой… Есімі Ісхақ, Исхақ дегендер атын ертең Ishaq деп жаз­са, оны мынау Ш әрпін SH деп жазғанда, ел қалай оқып, қалай атайтынына аузымыз бармай отыр?.. Исхақтар жиналып, жаңа әліппе комиссиясының мүшелерін іздеп жүрмесін? Диграфтан ел болып айқайлап жүріп зорға құтылғанда, екі диграф әріп не үшін кіргізілді екен? Бұларды да түзеу керек. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген қазақ. Сондықтан Ш әрпін SH деп белгілеген дұ­рыс емес, Ś деп белгілеу керек. «Ч» әр­пі болмаса, күн көре алмайтындар болса да қазақтың тіл дыбысы заңдылығына бағы­нуымыз керек. Сондықтан алып тас­тау керек. «Чемпион» мен «чемоданды» қа­зақ баяғыдан шемпион мен шабадан деп айтып келе жатыр. Одан қирап қалған еш­кімді көрген жоқпыз. Сонымен бірге V әрпімен белгіленген, орыс тілінен келген «В» дыбысы туралы да осылай айтуға болады. «Ч» мен «В» сияқты «легионер» дыбыс­тарсыз күн көретін уақыт жетті. Ру­хани жаңғыруға басты бағыт болған жаңа әліпбидің де негізгі мақсаты осы емес пе?!.» деп жазған болатынбыз. Әліпбидің жетіл­дірілген нұсқасында бұдан бұрынғы 32 әріп­тен біз айтқан «Ч» әрпін алып тастап, 31 әріп қалыпты.

Осы орайда кирилл құрсауынан шығып, латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиіне өту – кезіндегі рубль аймағынан шығып, төл теңгемізді қабылдағандай маңызды, ру­­ха­ни тәуелсіздіктің бастауы болатыны анық. Ұлт­тық рухани деколонизация латын әліп­биіне көшу әрекетімен басталу­да. Енді әрқай­сымыз жаңа әліпбидің артықшылығын жал­пы халыққа таныстыратын ақпараттық-насихат­тық жұмысқа өз үлесімізді қосуымыз қажет.

 

Қазыбек ИСА,

 Парламент Мәжілісінің депутаты

 

Соңғы жаңалықтар

Тұқымбақтағы тындырымды іс

Аймақтар • Бүгін, 08:22

Бірлігі жарасқан елміз

Пікір • Бүгін, 08:10

Қазақ кітабының күні қажет

Қоғам • Бүгін, 07:57

«Болашақтың» ғалымдары

Ғылым • Бүгін, 07:42

Арынғазы

Руханият • Бүгін, 07:32

Елданаға ел риза

Спорт • Кеше

Жұмекеннің «Балаусасы»

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар