Осы тұста қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың 1926 жылы Бакуде съезде сөйлеген сөзінде «Әліпби дұрыс болмаса, онда тіл хаосқа, анархияға ұшырайды» дегені еске түседі. Бүгінде ағартушы-ғалымның осы сөзінің растығына көз жеткізіп отырмыз. Орыс графикасымен жазуымызда тілімізде жоқ таңбалар, әріптер қолданысқа еніп кетті. Осыған қарай бейімделіп, өзіміздің тарихи қалыптасқан көптеген құндылықтарымыздан айырылып қалдық. Мысалы, менің есімім «Хангелді» болса, құжат бойынша «Хангельды» болып, қазақта жоқ жіңішкелік белгісі мен «і» әрпінің орнына «ы» әрпімен жазылатын болды. Сонымен қатар «Алматы» деп жазудың орнына «Алма-ата» деп, кәдімгідей мәселе етіп көтеріп жүрген жағдайлардың куәсі болып жүрміз. Яғни кириллицаның артында пәрменді, мүдделі күштің тұрғаны біздің адымымызды аштырмай отыр. Латынның артында ондай зорлықшыл, мәжбүрлеуші күш жоқ.
Латыншаға көшкенде өз қалауымызбен, өз ерекшелігімізбен жазуды, сөйлеуді, айтуды игеретін боламыз. Тәуелсіздік алғаннан кейін жазу-сызуымыз да тәуелсіздік деңгейіне шығуы керек. Мен әліпби реформасын осы тұрғыдан қабылдаймын. Бүгінгі күні жаңа әліпбиде бірқатар әріптер жоқ деген де пікірлер айтылуда. Бұл да бір керексіз дау-дамайдың көрінісі. Байтұрсынов айтқандай, мұны анархияға кіріп кеткендігіміздің салдары дер едім. Егер біздің тілімізде ондай әріп болмаса, дүние жүзінің әрпі мен дыбысын түгендейміз бе? Оның бізге еш қажеті де жоқ. Сондықтан өз тілімізде бар, қолданылатын әріп-дыбыстарды түгендеп алудың өзі жеткілікті.
Тұңғыш Президент – Елбасы латын қарпіне көшуді асықпай, байыппен жүзеге асырайық деп атап өтсе, Президент Қ.Тоқаев та латынды дәріптеп, осы жолдай айнымай, қалай болғанда да әрпіміздің, дыбысымыз бен жазуымыздың азаттыққа шыққандығының нақты көрінісі латын әліпбиіне көшуде жатқандығын айтқан болатын. Олай болса, латын әліпбиін игерсек, жазуымыз да, дыбысымыз да қазақтықпен көмкерілетін болады.
Хангелді ӘБЖАНОВ,
ҰҒА академигі