Аймақтар • 07 Наурыз, 2021

Атыраулық оқушы АҚШ университетінің грантын иеленді

466 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атыраудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің ХІІ сынып оқушысы Бақыт Өтеулиева АҚШ-тағы беделді университеттің оқу грантын ұтып алды. 

Атыраулық оқушы АҚШ университетінің грантын иеленді

Химия-биология бағытында білім беретін оқу ордасының баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, мектеп оқушысы АҚШ-тың Нью-Йорк штатында орналасқан Корнелл университетін таңдап отыр.  

«Бұл – әлемдегі ең ірі әрі беделді университеттің бірі. Сегіз жекеменшік университеттен құралған әйгілі «Шырмауықтар лигасына» кіреді. Сол себептен, осы оқу ордасынан тамақ өнеркәсібі саласында жоғары білім алуды көздедім», дейді Бақыт Өтеулиева.

Оқушының айтуынша, жоғары оқу орнын таңдауына бірнеше себеп бар. Біріншісі – оқу орны ұсынатын бағдарламалар мен мүмкіндіктер. Екіншісі – болашақ мамандығына қатысты оқыту әдісі.

«Өйткені, маған тек сапалы білім ғана емес, тұлға ретінде де қалыптасу керек. Сондай-ақ, өз қабілетімді жетілдіріп, кейін жұмысқа орналасудың маңызы зор. Осы тұрғыдан айтқанда, Корнелл университеті тағам өнеркәсібі саласына білікті мамандар дайындайтын үздік оқу орындарының бірінен саналады. Бұл университетте студенттердің өз әлеуетін толық жетілдіруге барынша жақсы жағдай жасалған», дейді биыл мектеп бітіретін оқушы.