Екі бөлімнен тұрған кеш бағдарламасы 16 нөмерден құралған: әртістер классикалық мұраға айналған спектакльдердің үзінділерін, сондай-ақ, соны хореографиялық қойылымдарды орындап шықты.
«Бағдарламамыз өте мазмұнды әрі сан-алуан болды, сондай-ақ, кейбір нөмерлер сахнамызда алғаш орындалғанын атап өтуіміз керек. Осы бағдарламаны дайындаған кезде, өз басым, келіп жеткен көктем шуағын – жаңа өмір тынысын, махаббат пен іңкәр сезімді жеткізгім келді. Сондықтан, әр би махаббаттың сан қырын суреттейді: құштарлық, романтикалық, меланхолиялық сезім иірімдері», деді «Астана Балет» театрының көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.
Бірінші бөлімде Ц.Пунидің «Эсмеральда», П.Чайковскийдің «Аққу көлі», Б.Асафьевтің «Париж алауы», К.Глюктің «Әуен», А.Аданның «Корсар», П.Масканидің «Diversity», П.Чайковскийдің «Divine» сынды балеттерінің үзінділері көрсетілді.
Бірінші бөлімнің соңында үш театрдың жетекші солисттері: Фархад Бөриев, Бахтияр Адамжан мен Жанел Төкеева Адольф Адан музыкасына қойылған «Корсар» балетінен трио орындап, көрермен қауымның зор ықыласына бөленді.
Екінші бөлімде «Жизель» балетінен гранд-па, «Кармен-сюита» балетінен дуэт, «Аққу көлі» балетінен адажио, Федор Лопухов хореографиясындағы «Гопак», «Спартак» балетінен дуэт, «Шопениана» балетінен вальс, «Love FearLoss» балетінен дуэт және «Дон Кихот» балетіненпа-де-де көрсетілді.
Би кешінің жарқын көрінісінің бірі А.Хачатурян музыкасына хореограф Георгий Ковтун қойған «Спартак» балетінен адажио еді. Елордалық театр сахнасына спектакль үзіндісін «Астана Балет»Театрының көркемдік жетекшісі, РФ еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Канетов көшірді. Спартак пен Фригияның бейнесін Фархад Бөриев пен Айнұр Әбілғазина сомдады.
Екі кеш бойы өнер көрскеткен «Астана Балет» театрының солисттері мен әртістері: Татьяна Тен, Фархад Бөриев, Қазбек Ахмедияров, Айнұр Әбілғазина, Дилара Шомаева, Айжан Мұқатова, Уэсли Карвальо, Эльдар Сәрсембаев, Балжан Әбдірахманова және өзге бишілер.
Гала-концертте шақырылған әртістер ретінде өнер көрсеткендер: «Астана Опера» театрының премьері Бахтияр Адамжан, Абай атындағы Қазақ ҰАОБТ жетекші солисттері Жанел Төкеева, Рахым Дайыров пен Мәлика Елшібаева.
Естеріңізге сала кетейік, наурыз айында біздің ұжым «Вальпургиев түні» және «Гайя» бір актілі балеттері мен Наурыз мейрамының қарсаңында «Ұлттық хореография кешін» көрсетеді. Театрдың көркемдік жетекшісі сәуір айындағы қойылымдар жайлы да айтып қалды. Көп ұзамай, көрермен көзайымына айналған – «Бейбарыс сұлтан», «Махаббат туралы аңыз» және «Жизель» балеттері қайта көрсетілетін болады.