Білім • 09 Наурыз, 2021

1 мамырдан бастап спорт секцияларын жан басына қаржыландыру енгізіледі

662 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2021 жылдың 1 мамырынан балалар спорт секцияларын жан басына қаржыландыру енгізіледі. Бұл жөнінде Мәжіліс депутаттарының сауалына орай Үкімет басшысы Асқар Маминнің жауабында айтылған, деп хабарлайды Egemen.kz

1 мамырдан бастап спорт секцияларын жан басына қаржыландыру енгізіледі

«Спортпен айналысу қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін осы жылдың 1 мамырынан балалар спорт секцияларын жан басына қаржыландыруды көздейтін мемлекеттік спорттық тапсырыс енгізіледі. Жаңа әдіс спорт секциялары тапшылығы проблемасын шешуге және жеке секторды тарту есебінен көрсетілетін қызметтер сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік спорттық тапсырыс 4 жастан бастап 17 жасқа дейінгі барлық балаға, оның ішінде ерекше қажеттілігі бар балаларға таралады», деді Үкімет басшысы.

Оның атап өтуінше, мемлекет спорт секцияларына барумен байланысты шығындардың басым бөлігін өз мойнына алады. Ал ата-аналар қызмет көрсетушіні таңдау және оның қызметіне баға беру құқығына ие болады. Шығындар баланың тұрғылықты жерін, спорт түрін, қызмет көрсету әдісін және өзге де бірқатар факторды есере отырып бекітілген тарифпен төленеді.

«Мемлекеттік спорт тапсырысының операторы қызметі жергілікті атқарушы органдарға жүктелген. Әкімдіктер мемлекеттік спорттық тапсырыс орналастырып, қызмет көрсетушіні іріктеу, кезек қалыптастыру, қызметке төлем жасау және қаражаттың мақсатты түрде жаратылуына бақылау жасау жұмыстарын үйлестіреді. Жемқорлық тәуекелдерді төмендету үшін мемлекет, қызмет көрсетуші және ата-ана арасындағы өзара қарым-қатынас электронды форматта қалыптастырылады», деді ол. Премьер-Министрдің айтуынша, барлық қызмет көрсетушілер біліктілік іріктеуінен өтеді.

«Іріктеудің басты критерийлерінің бірі – кәсіби спорттық нұсқаушының болуы. Қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады. Биыл бұқаралық спортты, оның ішінде балалар секциясын қолдау үшін кәсіби спорт клубтарына арналған шығыстарды қысқарту нәтижесінде үнемделген 16 млрд теңгені қосымша бағыттау жоспарланған», деді Асқар Мамин.