Руханият • 09 Наурыз, 2021

Қастерлі мекен қамқорлыққа алынды: Президент назарындағы ескі мешіт музейге айналады

810 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтарға жұмыс сапары барысында жергілікті халықты түрлі сала бойынша толғандырып жүрген мәселелер бойынша тиісті тапсырма беріп, оның орындалу барысын қадағалап отыратыны белгілі. Осы орайда Президенттің Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Петропавл қаласындағы «Соборлық мешітті»  «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде аса маңызды діни ескерткіш ретінде қалпына келтіруді тапсырған еді.

Қастерлі мекен қамқорлыққа алынды: Президент назарындағы ескі мешіт музейге айналады

Петропавл қаласы – терең де қызық тарихы бар шаһар. «Новоишим» шекаралық белдеуінде салынған көп қорғандардың бірі ретінде 1752 жылы бой көтере бастаған шағын «Әулие Петр» қорғаны түспей тұрған кездің өзінде бұл аймақты тұрғындар Қызылжар деп атап, 117 қазақ ауылы мекен еткен. («Киргизское хозяйство Акмолинской области», жинақ, СпБ., 1910 ж., 1 том., 33 б). Өкінішке қарай, кейін шаһар атауы отарлаушы өкіметтің құжаттарының бәрінде Қызылжар деп емес, «Петропавл» деген қорғанның атауымен тіркеліп, әлі күнге сол атымен келеді.

Ұзақ жылдар бойы бұл қаланы Ресейден келгендер салған деген идея халықтың санасына сіңіріліп, тіпті қазақты оған жолатқысы келмеген заманды да бастан кештік. Мұнда орыс тұрғындары түрлі жағдайлар бойынша көшіп келгендері шындық. Мәселен, 1932 жылы қазақ қолдан жасалған аштықтан қырылып жатқанда Ресейдің батыс облыстары, Украина мен Беларусьтен 172 мың адамды «кулактар мен сенімсіз элементтер» деп осы өңірге айдап әкелген. Солардың басым көпшілігі Қызылжар қаласына қоныстандырылып, шаһар халқы 1926- 1936 жылдар арасында 84 пайызға артып кеткен. («Население СКО за 100 лет»., П-ск., 1993 г., с.8). Одан кейінгі соғыс жылдарындағы эвакуация, артынан тың көтеру – бәрі Қызылжар өңірі мен қалада басқа этнос өкілдерінің санын күрт арттырып жіберді. Ал бұрын мұндағы мұсылман халқының үлесі бейбіт славян тұрғындардан әлдеқайда көп болған.

Мәселен, қаланың дәрігері Ц.Белиловский 1886 жылғы ақпанда былай деп жазады: «...население города Петропавловска состоит из четырех народностей: татар, киргизов вместе – 6517, русских – 7528 и евреев – 275». Демек, сол жылы мұсылмандардың үлесі 46 пайыз екен. Ал мұндағы орыстардың ішіне казармаларда тұратын солдаттар мен драгундар да кіріп отыр. Егер оларды бейбіт тұрғындардың қатарынан шығаратын болсақ, қала халқының басым көпшілігі мұсылмандар екенін көрер едік. Сондықтан да Қызылжарды көшіп келуші орыстар тұрғызған деген пікір түбірімен қате. Олардың салғаны қорған ғана, ал қала қорғаннан өскен жоқ, Есілдің бойындағы осы қолайлы жазықты ежелден қоныстанып, осы төңірекке қыстау салған қазақтар есебінен өскен. Бұл жазықтың «ен қыстау» деп аталғаны да содан. 1759 жылы осы жерде жәрмеңке өткізу туралы Абылай ханның патшаға жазған хаты да бар. Ал 1765 жылы дөңге салынған Абылайдың ақ үйінің маңына қоныстанған бейбіт халықтың саны тіпті арта түскен. Бұл халықтың ішінде қазақ, татар, орыстан басқа, қоқандықтар да, шалақазақтар мен сарттар сияқты субэтностар да болған.

1914 жылғы дерекке қарасақ, Қызылжарда 7 мешіт, 6 шіркеу, 1 синагога болған. Осының өзінен-ақ мұсылмандар үлесінің артық екенін байқауға болады. Ал 1921 жылғы дерекке қарағанда, мешіттер саны 9-ға жеткен. Демек, жеті жылда мұсылмандар көбейгендіктен, тағы 2 мешіт салынған. Олардың бәріне атау берілген. Мәселен, 1857 жылы салынған мешітті халық «Сарт мешіті» деп атап кеткен. Бірақ орыс жылнамаларында ол «4-ші соборлық мешіт» деп тіркелген. Біз төменде осы мешіттің бұрынғы тарихы мен бүгінгі тағдырына тоқталып өтпекпіз. Өйткені ертеде салынған осындай архитектуралық ескерткіштер – Қызылжардың ежелгі қазақ қаласы екендігін көрсететін дәлелдердің бірі.

Соңғы мешітті тұрғызуға бастамашы болған Дәулеткелдиев деген татар көпесі деген сөз бар. Осыған сүйеніп, қаланың кейбір  тұрғындары оны «Дәулеткелдиев мешіті» деп жүр. Бірақ осы мешіттің барлық құжатын облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың тапсырмасымен Санкт-Петербург қаласына арнайы барып тапқан, Солтүстік Қазақстан облыстық архивінің директоры Сәуле Мәлікова мұны дәлелдейтін ешқандай құжат жоқ екенін айтады. Мешітті бұрынғы сызбалардың негізінде қаланың бір кездегі архитекторы А.Листопадный суретке салған және ол неге екені белгісіз, бұл мешіт 1870 жылы салынған деген. Ал С.Мәлікова оның құжаттарында 1857 жылы салынғандығы көрсетілгенін айтады.

Кеңес Одағы кезіндегі атеистік көзқарастың кесірінен мешіт үшін тұрғызылған қандай әсем архитектуралық ескерткіштер аяққа басылды. Олардың адам өміріндегі тәрбиелік маңызы ескерілмей, мал қораларға, қоймаларға  айналдырылды. Талайын бұзып тастап, құрылыс материалдарынан мектептер салынды немесе спорт залдары ретінде пайдаланылды. «Соборлық мешіт» те сол күйді кешті. 

1942 жылы Петропавлға Владимир облысындағы Александров қаласынан №641 құпия зауыт эвакуацияланды. Бұл кәсіпорын радиоқұралдар шығаратын әскери зауыт еді. Ол әскери радиостансалар, радиопеленгаторлар, радиоқабылдағыштар және т.б. шығаратын. Қасиетті Қызылжар жеріне бұл кәсіпорын жақсы сіңісіп, жоғары жетістіктерге жетті. 1951 жылы оның атауын «С.М.Киров атындағы зауыт» деп өзгертті. Ешкімді маңынан жүргізбейтін әскери зауытта кейін бейбіт күннің тауарлары да өндіріле бастады. Соның ішінде 70-80-жылдардың жастары қолдарынан тастамайтын «Қазақстан», «Медеу» деген кассеталық магнитофондар да болды.

Зауыттың өркендеген жылдары татар азаматы Мидхат Сүтішев директор болған уақыттың үлесіне тиеді. Ол осы кәсіпорынды 30 жылдай басқарған адам. «Қанына тартпағанның қары сынсын» демекші, сол жылдарда бұл кәсіпорында татар азаматтары көп істейтін еді. Қазақ пен татардың өнер ұжымдары да болды.

Міне, осы зауыттың аумағы барған сайын кеңейіп, маңындағы «Соборлық мешітті» де құрамына кіргізіп алған. Оған әрине сол жылдарда ішінен күйініп тұрса да белгілі себептермен ешкім ашық қарсылық білдіре алмаған. Мешіт кәсіпорынның бір нысаны болып, артынан қоймаға айналдырылған. Қазір оның қабырғалары ғана қалған және мұнарасы сақталған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында мешітті «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде аса маңызды діни ескерткіш ретінде қалпына келтіруді тапсырған еді. Қазір осы бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Біз ол туралы облыстық мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Досбол Әбдіраисовтан төмендегідей анықтама алдық: «Бүгінгі таңда облыс орталығы Петропавл қаласында бес мешіт жұмыс істейді, олардың екеуі ХІХ ғасырдың сәулет ескерткіші мәртебесіне ие. Біраз уақыттан кейін бұл тізім тағы бір тарихи нысанмен толықтырылады. Нақты айтатын болсақ, 2021 жылы Петропавлда XIX ғасырда салынған «Соборлық мешітті» қалпына келтіру жоспарлануда, онда Ислам мәдениеті музейі құрылады.

Қазіргі уақытта осы жылжымайтын мүлікті «С.М.Киров атындағы зауыт» АҚ-тан сыйға тарту жолымен «Солтүстік Қазақстан облыстық музей бірлестігі» КМҚК теңгеріміне бекіте отырып, облыстық коммуналдық меншікке ресімдеу жұмысы жүргізілуде. Сондай-ақ жер учаскелері бойынша құжаттама дайындалуда, жобалау-сметалық құжаттама әзірленді, ЖСҚ жасауға сараптама бар. «Ислам мәдениеті» музейін қайта құру жұмыстары 2021 жылы жүргізіледі».

Демек, Қызылжарда енді Ислам мәдениетінің музейі болады деп қуануымызға болатын сияқты.

 

ПЕТРОПАВЛ