Тура мереке күні көшеге шыққан әйелдер теңдік сұрап жүр. «Феминизм бостандыққа жеткізеді», «Қызға 40 үйден бостандық», «Скажите спасибо, что мы хотим своих прав...» дей ме, небір қисынсыз ұрандарды көтеріп алыпты. Олардың жанұшырған жүрісіне сырттай қарасаң, Қазақстанда әйел біткен қор болып, құлдықта жүргендей әсер қалдырады.
Олар «әйелге теңдік бер» деп қандай теңдікті сұрап жүр? Жалпы әйел теңсіздігі деген бар ма өзі бізде? Оның көріністері қандай? Қай әйел алаңсыз алшаң басып жүре алмай жүр? Біздің елдің әйелдері арабтар сияқты қап-қара оранып алып, тұмшаланып жүрген жоқ. Жат дінге кіріп кеткен бірен-сарандары болмаса, барлық әйел қалай киінемін десе де өз еркінде. Шаштарын жайып, етегін қысқартып, ашық-шашық жүрсе де оларға ешкім «тәйт» демейді. Иран, Ауғанстан елдерінің әйелдері секілді ошақ қасынан ұзай алмай, пұшайман күй кешіп жүрген әйелдерді де көрмедік. Қазақстандық әйелдер билікке де араласып, кәсіпкерлікті де жүргізіп, емін-еркін жүр. Мысалы, әлемдегі барлық кәсіпкердің жартысына жуығы әйелдер болса, Қазақстандағы жеке бизнесмендердің 47%-ы – нәзік жандылар. Бұл дегеніңіз жарты миллионнан астам адам деген сөз. Білім және денсаулық сақтау салаларында, өңдеуші өнеркәсіпте (48%-ы), қызмет көрсету саласында (59%-ы) әйелдердің позициясы мықты. Сауда саласында жұмыс істейтіндердің 61%-ы – әйел қауымы. Бұдан бөлек, елімізде тасы өрге домалап тұрған кәсіпорындардың 144-ін әйел басқарады. Міне, осы сандардың өзі-ақ Қазақстанда әйелдердің «ақ дегені алғыс» болып тұрғанын, қай жағынан да нәзік жаратылыс иесі кемдік көріп отырмағанын айғақтайды.
Ол ол ма, елімізде әйедердің еркектермен тең құқылы болуын қадағалап отыратын бүтін бір ұлттық комиссия бар. Гендерлік саясатпен айналысатын бұл комиссия қоғамның қай саласында да әйелдің үлес салмағы болуын бақылап отырады.
Әгәрәки, әйел адам қандай да бір зорлық-зомбылыққа ұрынып, тиран күйеуінен зәбір көрсе, оларды қорғайтын дағдарыс орталықтары да жұмыс істейді. Тіпті оң жақта отырып, жүкті болған келіншектерге қолдау көрсететін, құқықтық көмек беретін арнайы Аналар үйі де бар. Осының бәрін көре тұра «әйелдерге теңдік беріңдер» деп байбалам салу шектен шыққандық дер едік.
Әлбетте, ессіз еркегінен зорлық-зомбылық көріп, тағдыр тауқыметін тартып жүргендер барын жоққа шығармаймыз. Ондай әйелдерге қамқорлық танытып, заң жүзінде көмек көрсетуге тиіспіз. Бірақ мұны әйел теңсіздігі деуге келмейді. Жазмыштан ешкім құтыла алмайды. Бұл – жеке адамның басына түскен ауыртпалық. Оны әйелдің теңсіздігіне балау қисынсыз.
Кейінгі кезде ұрандатып, көшеге шығуы жиілеп кеткен әйелдерді көргенде «бұлардың ер азаматтары қайда, әйелдерін жіберіп қойып, өздері қалай қарап отыр?» деген ойда қаласың. Отағасы деген өз отбасын қызғыштай қорғап, оның бақыты мен жақсы өмірі үшін күреспеуші ме еді? Әлде кейбір азаматтарда жауапкершілік пен намыс қалмаған ба?!
Біздің қазақ қоғамы ешқашан әйелді кемсітпеген, оларға кемдік те көрсетпеген. Қайта әйелді отбасының, тіпті Отанның береке, ұйытқысы деп, құрмет тұтқан. Қызды төрге шығарып, әлпештеп өсірген.
Қазақ әйелінің образы тек мейірім мен махаббатқа, әдемілік пен әсемдікке құрылған. Әйел – ұлттың сақтаушысы. Өйткені ол ең алдымен – ана. Ал әлгі көшеге ұрандатып шыққандар «әйел бала тууға міндетті емес» депті. Бұл – қазақтың бітім-болмысына, менталитетіне мүлде жат қылық. Жалпы әйелдің жаратылысына кереғар ұғым.
Мұндай көтерілістердің болуына сырттай мүдделі топтар бар ма деген ой да қылаң береді. Олай дейтініміз, кейбір әлеуметтік желі қолданушылары шеру кезінде ЛГБТ туын көзіміз шалып қалды дегенді айтып жатыр. Бұл шерудің астарында ұлтымыздың бірлігін шайқалтқысы келгендердің арам пиғылы жатпасын. Арандап қалмайық.