Аймақтар • 10 Наурыз, 2021

Қайғыдан кейінгі қуаныш

218 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қала іргесіндегі саяжайдан үй жалдап, сонда төрт баламызды тәр­биелеп өсіріп отырған тату-тәтті отбасы едік. Жол апаты жұлы­нымызды үзгендей болды, шаңырақтың тірегін жұлып түсті... Осынау қиын кезде жан-жағымнан қаумалап, қолдау көрсеткен халқым, қайы­рым­ды жандар болмаса, еңсемді көтеріп, ел қатарына қосылу қиын болар еді.

Қайғыдан кейінгі қуаныш

Бәрін басынан бастайын. 2014 жылдан бері Орал қаласында тұрдық. Күйеуім Айбек еш жұмыстан тартынбайтын еңбекқор еді. Көбіне құрылыс жұмысымен айналысып, отбасын тарық­тырған жоқ. Соңғы кезде Орал қаласының іргесінде саяжай үйін айына 15 мың теңгеге жалдап тұрдық. Суды даладан тасып, от жағып отырсақ та оған ренжімедік. Кіші қызымыз Айлина дүниеге келген соң «көп балалы отбасы» атанып, мемлекеттік жәрдемақы ала бастадық. Отбасының кірісі көбейіп, болашақтан үмітіміз көп еді. Әттең...

Қаңтардың 11-і естен кетер ме? Жаңақаланың Қызылоба ауылынан Оралға таксимен шыққанбыз. Жол апатының қалай болғанын да біл­меймін. Балалармен көліктің артқы жа­ғында отыр едім. Қарсы келе жатқан жүк көлі­гінің соңынан шыға келген аты­раулық такси біз мінген көлікке тура соғылыпты. Біздің жүргізушінің аяғы сынды, жанында отырған жолаушы әйел сол жерде тіл тартпай кетті. Менің күйеуім Айбекті Жедел жәрдем Ақ­жайық аудандық ауруханасына жет­кіз­генімен, екі күн ес-түссіз жатып, қай­тыс болды. Біздің көліктегі жо­лау­­шы­лардың бәрі зардап шекті. Үл­кен ұлым Әділбек пен екі жасар Алми­рам­ның иығы сынған, Ақеркемнің сол аяғы сынды. Екі айлық Айлинам екеу­мізді періште қаққан шығар, сәбиім мой­­нын ауыртып алғанымен аман қал­ды. Қиын күндер өтті ғой, шырылдап ба­ла­­ларымның жанында, ауруханада жүр­дім...

30 жастан аса бере 4 баламен жесір қалу оңай ма? Үйсіз-күй­сіз жетім қалған балаларымның бола­шақ тағдырын ойлап, қайғыдан қан жұтқаным рас. Дегенмен, хал­қы­мыздың «Қайғыны бөліссе, азаяды» дегені рас екен. Біздің жағдайымызды естіп, әлеуметтік желіде ел-жұртқа жария салған Айболат Бө­кенов деген азамат болды. Бұрын танымайтын, білмейтін блогер жігіт біздің отбасының басына түскен қайғыны өзінікіндей қабылдап, бірнеше жазба жариялапты. Ел ағаларын, қайырымды жандарды ұйымдастырыпты.

Бізге ең алдымен көмектескендер – Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов пен Орал қалалық мәслихатының депутаты Нұргүл Ашықова. Депутатымыз бізге уақытша паналау үшін жайлы пәтер жалдап берді. Дәрі-дәрмекпен, қаржылай көмектескендер көп болды. Ең үлкен қажеттілігіміз – баспана еді. Осы кезде ортаға «Харекет» қайырымдылық қоры араласып, қаржы жинауға кірісті. Қордың республикалық басшысы Гүлмира Мұқанқызы, жергілікті филиал төрағасы Демежан бауырымыз бір ай ішінде тиісті қаржыны жинап, Орал қаласының іргесінен – Терек­ті ауданы Подстепной ауылынан 2 бөлмелі жайлы пәтердің кілтін қолы­мызға ұстатты. 3 жыл бұрын құры­лып, талай жанның алғысын алып жүрген «Харекет» қоры­ның ұйымдас­тыруымен баспаналы бол­ған 410-шы отбасы біз екенбіз. Бұл қандай қуаныш десеңізші?!

Жаңа баспанамыз өте жайлы, жылы, балабақша тиіп тұр екен. Мектеп те алыс емес. Әзірге ұлым Әділбектің сабағы қашықтан жүріп жатыр ғой. Қалған қыздарым үйде. 

«Теңіз тамшыдан құралады» демек­ші, барша жәрдемдескен адам­дарға мың сан рахмет айтамын. Ең бастысы, біздің басымызға түскен қайғыны жұртқа жария­лап, қолдаушы болып, басы-қа­сында жүрген Айболат Бөкеновке алғысым шексіз. Біз сияқты қиын жағдайда қа­лып, көмекке мұқтаж болған жандарды қуантып жүрген «Харекет» қорына мың алғыс, Алладан қайтсын!

Адам баласы басына қиын күн туғанда қаумалаған халқының қаді­рін анық біледі екен. Күтпеген жер­­ден келген кесапат бізге соны ұқты­рып кетті.

 

Әдемі ӘБІШЕВА,

көп балалы ана

Батыс Қазақстан облысы