23 Сәуір, 2010

КЕДЕНДІК ОДАҚТЫҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

509 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген Пре­мьер-Министрдің бірінші орын­ба­сары Өмірзақ Шөкеев Кедендік одақ талаптарына сәйкестендіруді қадағалау мақсатында қазақ-өзбек шекарасының жағдайымен та­ныс­ты. Шекара бойын тікұшақпен ара­лап, шекарашылардың зама­науи қондырғылармен қанша­лық­ты жабдықталғандығын байқады. Оңтүстік шекара шебін толық бақылау мен бекіту 2010 жылдың шілдесінде аяқталады. Қосымша құрылатын 25 заставаның биыл 16-сы іске қосылады. Оңтүстіктің Өзбекстанмен шектесетін шекара­сы­ның ұзындығы 3,5 мың шақы­рым. Оның 800 шақырымы таулы аймақтар болғандықтан, бағана орнатып, сым тарту қиын. Сон­дық­тан ол жерлер радиоло­ка­циялық қондырғылар арқылы бақылауға алынады. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің “Оңтүстік” аймақтық басқармасының бастығы Тұрғанбек Стамбеков Сарыағашта шекара өтінде отырған 30 үй мен Арнасай ауылындағы 68 отбасы­ның жағдайын айтты. Өтемақы беріп, бері қарай көшіріп алмаса, кей ретте түсініспеушіліктер туып жатады. Өйткені, жолдың бір бөлігі өзбек шекарасына кіреді. Өмірзақ Естайұлы Сыртқы істер министрлігі арқылы сол жол­ды Өзбекстаннан жалға алу мер­зімін ұзарту мәселесі қарастыры­лып отырғанын, ол әрекеттер нә­тиже бермейтін болса, Арнасай­дағы 68 үйдің бері көшірілетіндігін айтты. Қазақ-қырғыз шекарасындағы түйінді мәселелер бойынша екі жаққа да тиімді келісімдер жасал­ды. Келесі күні Шымкентте “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалы­ның ғимаратында Кеден одағының артықшылықтарын түсіндіру мәселелері бойынша кеңес өтті. Оған бизнес құрылымдары, бір­лес­кен кәсіпорындар мен ұйым­дар, жергілікті атқару органдары­ның өкілдері қатысты. Кеден одағы жаңа мүмкін­діктер ашады. Алайда, келісіп шешетін, талқыға салатын жәйттер жеткілікті. Алғашқы сөзді ОҚО әкімі А.Мырзахметов алды. Кеден­ одағының жақсы мысалдарын деректермен келтірді. Биылғы жылдың екі айында облыстың сыртқы сауда айналымы 385 мың доллар құраған. Былтырғы кезең­нің осы уақытымен салыстырғанда 29,4 пайызға артқан. Облыс дайын өнім түрлерін көбейту, бәсекеге қабілетті болу шараларын қолға алып жатыр. Жылыжайлар көбейіп келеді. Ресейге көкөніс, жеміс-жидек тасымалдауда Оңтүстік пайдаға шығады. Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова Кеден одағына байланысты ере­шеліктерді жан-жақты түсіндіріп берді. Өңдеуші кәсіпорынға рынокта үлкен айдын керек болса, 168 млн. адамы бар үш мемлекет құзыретіңізде. Қазақстанның ин­вестициялық тартымдылық сала­сында жасайтын жұмысы көп. Елге келген 108 млрд. доллар шет­ел инвестициясының 70 пайызы шикізатқа, атап айтқанда, мұнай, көгілдір отын, тау-кен кеніш­тері­нің еншісінде. Өңдеу саласы 10 пайыз құрайды. Ресей жыл сайын 560 мың тонна сиыр етін, 780 тон­на құс етін сырттан тасымалдайды. Осындай мақсаттарға жыл сайын 5 млрд.-тай доллар жұмсайтын Ресей іргесінде отырған Қазақстан етін алуға мүдделі емес. Неге? Вете­ринарлық және санитарлық талаптарымыз сәйкес келмейді. Дайын өнімді өңдейтін қондыр­ғы­лар аз, технология сын көтермейді. Осы кедергілерді алсақ, Қазақстан үлкен рынокқа емін-еркін кіреді. Министр дәрі-дәрмектің 80 пайы­зы шетелдерден тасымалданатын­ды­ғын да айтты. Бірыңғай эконо­ми­калық кеңестікте пайда табу үшін өңдеуші кәсіпорындарымыз­ды көбейтуіміз керек. Елбасының тікелей бақылауымен жүзеге асырылып жатқан индустриялық-инновациялық бағдарлама осы мақсатқа негізделген. Кеңесте Қаржы вице-министрі Руслан Дәленов, Ауыл шаруа­шы­лығы вице-министрі Арман Ев­ниев, Салық комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин, Кедендік бақы­лау комитеті төрағасының орын­басары Игорь Тен сөз сөйлеп, сауалдарға тиянақты жауап берді. Кәсіпкерлер атынан “Атамекен” одағының төрағасы Азат Перуашев сөйлеп, Кеден одағының тиімді жақтарына тоқталды. Рынок үлкен. Арман Евниев бір Мәскеудің өзі күніне 2 мың қой етін тұтынатынын айтады. Ресейге басқасын айтпағанда 700 мың тонна томат, 1 млн. тонна алма, 400 мың тонна жүзім сияқты өнімдер керек екен. Алайда, Кеден одағын ашып, мол мүмкіндіктерді көрсетіп берген Үкімет осының бәрін үйлестіруді, тасымалдауды, сыртқы саудаға шығаратын көкөністерді жуып тазалайтын зауыттар салуды мойнына алмайды. Бұл — кәсіп­керлердің ішкі жұмысы, деді Ө.Шөкеев. Кеңес барысында кәсіпкерлер өздерін толғантқан сауалдар бойынша толымды жауап алды. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы.