Жамбыл ауданында соңғы 15 жыл көлемінде 112 қойма салынған. Бұл қоймалардың басым бөлігі Қарой, Гродиково, Қаратөбе, Ақбұлым, Айшабибі ауылдық округтеріне орналасқан. Бүгінде бір ғана Полатқосшы ауылдық округінде 97 қойма бар. Ал Қаройда – 2, Гродиковода – 7, Қаратөбеде – 2, Айшабибіде – 2, Ақбұлымда – 2 қойма жұмыс істеп тұр.
Мәселен, Жамбыл ауданындағы Қаратөбе ауылдық округінде орналасқан «Kaz Pruk Laim» ЖШС қоймасында 400 тонна алма, 200 тонна картоп, 200 тонна сəбіз жəне 170 тонна пияз қалыпты температурада сақталуда.
Серіктестік директоры Көшкенбай Құлманбетовтың айтуынша, сыйымдылығы 2 мың тоннаны құрайтын қойманың бүгінде 30 пайызы ғана көкөніс және жеміс-жидекпен толтырылған.
Қоймада 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ондағы тоңазытқыштар мен құрал-жабдықтардың барлығы соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған. Бұдан бөлек, көкөніске арналған бір тонналық ағаш жәшіктерді тасымалдайтын екі кіші жүк орнатқыш, бір өнімді сұрыптаушы, екі мұздатқыш көлігі жұмыс істейді.
Бүгінде қоймада Жамбыл, Байзақ, Т.Рысқұлов пен Жуалы ауданының көкіністері мен алмалары сақтауға қойылған. Бүгінгі таңда серіктестік қойманы көкөніспен және жеміс жидекпен қамтамасыз ету үшін жиырма гектар алқапқа алма және шие көшеттерін отырғызғалы жатыр.
Қазіргі таңдағы аудандағы қоймалардың жай-күйі туралы ауданның бас агрономы Амангелді Әбдібеков айтып берді.
«Аудан бойынша сыйымдылығы 33789 тоннаны құрайтын көкөніс және жеміс-жидек сақтайтын 112 қойма бар. Бүгінгі таңда 51 қоймада 22293 тонна өнім сақталуда. Таратып айтсам, 36 қоймада 19280 тонна пияз, 10 қоймада 2837 тонна сәбіз, 3 қоймада 126 тонна алма, 2 қоймада 50 тонна асханалық қызылша сақтауға қойылған. Олардың барлығы дерлік тоңазқыштармен қамтылған. Қазір ондағы отандық өнім «Алқаптан сөреге» жобасы аясында өңірдегі барлық дүкендер мен әлеуметтік дүкен сөрелеріне жеткізілуде. Қоймада сақталған өнімнің сапасы да жақсы», деді ол.