Әлемдік сарапшылар 2030 жылға қарай мамандар тапшылығы артады деген пікірде. Осы орайда Қазақстандағы еңбек нарығының да бірқатар ерекшеліктері бар екенін ескеруге тиіспіз. Таяу жылдарда біліктілігі төмен мамандар саны артып, жоғары және арнайы орта білімді білікті мамандар тапшылығы байқалады. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының деректері бойынша, Қазақстанда жоғары немесе арнайы білімсіз 1,7 миллионға жуық адам жұмыс істейді. 2019 жылы ресми жұмыспен қамтылған жоғары білімділер 3,35 миллионды, арнайы білімі барлар 3,74 миллионды құраған, ал орта білімділер көрсеткіші – 1,68 млн.
Сарапшылар білім мен цифрландыру саласына салынатын инвестицияны бәсекеге қабілеттілікті арттыратын фактор ретінде қарастыру қажеттігін алға тартады. Korn Ferry зерттеулеріне сүйенсек, мамандар мәселесінде компаниялардың өзіндік стратегиялық жоспары болуы керек. Қазіргі кезде Қазақстандағы компаниялар білім бағдарламалары мен бизнесті үйлестіруге байланысты Білім және ғылым министрлігімен, жоғары оқу орындарымен қосымша білім беру, тәжірибеден өту сияқты әріптестікке қол жеткізіп келеді. Осы орайда Korn Ferry сарапшылары адам капиталын дамыту «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының негізі екендігін атап өтеді. Бүгінде көптеген компаниялар сүзгіден өткізіп барып жұмысқа қабылдауға, тіптен кәсіби мамандарды алыс-жақын шетелдерден шақыруға мәжбүр. Алдағы уақытта big data, деректер сарапшысы, бағдарламашылар мен жекелеген өнімдер, технология саласы мамандарына сұраныс арта түспек.
Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті, экономика ғылымдарының докторы, профессор Рахман Алшановтың айтуынша, бүгінде Америка, Түркия, Испания, Германия, Қытай, Корея, Малайзия сияқты елдерде білім алып жатқан қазақстандық студенттердің саны 100 мыңдай. «Жырақта жүрсе де деген туған еліне пайдасын тигізуді армандайтын жастардың экономикамыздың дамуына тигізетін пайдасы зор. Сондықтан білімді, білікті жастарымыз үшін шұғыл түрде жағдай жасау керек. Қазақстандық студенттердің біліктілігі жайында шетелдік оқытушылар үнемі жақсы пікір айтады» деген Рахман Алшанұлы осы орайда Америкаға магистратураға оқуға барған студенттің докторантураға қабылданғанын, сондай-ақ Нью-Йорктегі компаниялардың бірінде қазақстандық маманның қомақты жалақыға жұмыс істеп, елімізге инвестиция тарту жобаларын қарастырып жатқанын тілге тиек ете кетті. «Бүгінде шетелдегі оқу орындары мамандарды табыс табуға ғана емес, жұмыс беруші ретінде оқыту тәжірибесін қолданып келеді. Мысалы, Америкада Массачусетс, Солтүстік Каролина университеттерінде студенттердің ақпараттық технологиялар саласында өнім шығарумен қатар, жеке компания ашу мүмкіндігі бар», дейді Рахман Алшанұлы.
Сондықтан да Қазақстандағы жоғары оқу орындары диплом берумен шектелмей, студенттердің жоғары технологиялы орталықтарда жұмыс істеуіне ықпал етуі тиіс. Қазіргі кезде еліміздегі шетелдік компаниялардың саны 10 мыңның айналасында десек, оларға шет тілін білетін, елдің жағдайын жақсы түсінетін мамандармен жұмыс істеген тиімді. Ал шетелден оқып келген жастар бұл компаниялар үшін қажет маман болып табылады.
Еліміздегі жоғары оқу орындарының басым көпшілігі Алматыда шоғырланғандықтан, университеттер базасында ақпараттық технологиялар алаңдарын дамыту керектігін алға тартқан Рахман Алшанұлы осы орайда қала әкімдігімен кездесуде венчурлық орталықтар құру мәселесі көтерілгендігіне тоқталды. «Қазір мүмкіндіктер кезеңі. Мемлекет тарапынан білім мен ғылым саласына қолдау бар. Бірқатар университеттің бюджеті аз деуге келмейді. Ал бөлінген қаржы рейтингті жоғарылату үшін емес, технологиялық даму бағытында жұмсалуы қажет», деп атап өтті Рахман Алшанұлы.
Интеллектуалдар эммиграциясының жағымды жақтарын қарастырған Қоғамдық-саяси зерттеулер институтының (Institute for Public Policy Research) сараптамасына сүйенсек, мигранттардың 70-90 пайызы табысының қандай да бір бөлігін өз еліне аударып отырады. Ал интеллектуалдар көшінің нәтижесін ХХ ғасырда дамушы елдерде білім мен ғылымға инвестицияның, мамандық беделінің төмендеуінен Америкаға бет түзеп, кейін өз еліне пайда әкелу үрдісінен аңғарамыз. Донор елдер бірте-бірте мамандарынан айырылғанымен, оның жағымды жағын өз елінде технологиялық компаниялар құрған тайвандықтардың, сондай-ақ ірі IT компаниялардың негізін қалаған қытайлықтардың тәжірибесінен көруге болады. Калифорния университеті жанындағы Иммиграциялық зерттеулер орталығы 1990 жылдарда Үндістандағы ақпараттық технологиялар серпілісін 1970-1980 жылдарда Америкаға кеткен мамандардың оралуымен байланыстырады. Үндістандағы 20 ірі software компанияларының тең жартысын америкалық индустар құрса, 4-уі бірлескен компания болып табылады. Осы 14 фирмадағы топ-менеджерлер – бұрынғы эммигранттар. Интеллектуалдардың елге оралуымен үндістандық IT компаниялар елдің ІЖӨ 7,5 пайызын қамтамасыз етіп, 2 млн астам жұмыс орынының ашылуына ықпал еткен.
Саясаттанушы Досым Сәтбаев білімді, креативті, мақсат қойғыш жастардың өз елінен болашағын болжай алмай, өзге елдерге кетуі, яғни басқа саяси-экономикалық жүйелерден бәсекелестік іздеуі алаңдатарлық жағдай екендігін айтады. Бұл үрдіске тосқауыл қою үшін дайын мамандарды елге қайтару саясаты жасалуы керек. Бүгінде бұл әдісті Қытай тиімді пайдаланып келеді. Нәтижесінде, Аспан асты елі мықты технологиялық серпіліс жасады. Әлемдегі дәулеттілердің қатарында тұрған Джек Ма Қытайдың инновациялық сегментінің өкілі дейтін болсақ, бұл сол елдің жаңа образын қалыптастырудағы мемлекеттік идеологиясының бір бөлігі болып табылады.
Сарапшының айтуынша, білім саласында қатаң бәсекелестік болған жағдайда бәсекеге қабілетті мемлекет қалыптасады. Яғни жастардың алға қойған армандарын жүзеге асыруға тең мүмкіндік қажет. Ол үшін сапалы білім беретін оқу орындары Алматыда ғана емес, республиканың барлық өңірінде болуы керек.
Осы тұста адамзат игерген білімнің 90 пайызы соңғы 30 жылға тиесілі екендігін ескерсек, ғылымның барлық саласындағы жаңалықтардың негізінде экономикалық құрылымның жаңа моделі, адам капиталының басты ресурсы – экономикалық білім тұр. Осыған орай, трансұлттық компаниялардың мамандар даярлауға кететін шығыны жалпы бюджеттің 25 пайызын құрайды екен. INSEAD Францияның зерттеу институты Adecco Group және HCLI – адам капиталы саласындағы көшбасшылық институтымен бірлесіп, жыл сайын әлемдегі біліктілігі жоғары мамандар нарығы жайындағы есебін жариялап отыруды үрдіске айналдырған. Бұл арнайы индекс (Global Talent Competitiveness Index) мемлекеттердің біліктілігі жоғары және талантты мамандарымен қаншалықты бәсекелесе алатындығын анықтайды. Сонымен бірге әр мемлекеттің білікті мамандарды даярлап, оларға жағдай жасау мүмкіндіктері де бағаланады. Ол үшін жеті тәуелсіз көрсеткіш, яғни демография, міндетті білім жүйесінің сапасы, университеттер мен бизнес-мектептердегі білім сапасы, білікті мамандарды тәрбиелеу ортасы, еңбек нарығының ашықтығы мен мобильдігі, шетел мамандары мен инвестиция тарту үрдісі негізге алынады. Сондай-ақ, білікті мамандардың еліне қаншалықты қажет екендігі ескеріледі. Бұл тізімде Қазақстан әзірге мамандарға жағдай жасау жағынан – 54, мамандар тартудан – 62, маман тәрбиелеу жағынан – 58, мамандарды өсіруде – 78, тұрақтандыруда – 39, біліктілігі жағынан – 62, техникалық, басқару және креативті білік тұрғысынан – 39-орында тұр.
Дүниежүзілік экономикалық форум деректері бойынша, 2022 жылға қарай әлемде 75 милллион жұмыс орны жойылып, есесіне 133 миллион жұмыс орны пайда болады. Яғни төртінші өнеркәсіптік революция нәтижесінде жасанды интеллект, роботтар мен автоматтандырылған өндірістер еңбек нарығына күрт өзгеріс әкелмек. Осы орайда адам капиталын дамыту – мемлекет алдында тұрған басым бағыттың бірі дейтін болсақ, жаңа технологиялық серпіліс жасайтын интеллектуалдар көшін кім бастайды?
АЛМАТЫ