Руханият • 24 Наурыз, 2021

Жамбыл және Арқа ақындары

1044 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Тегеурінді жырау, текті ақынның ел ішіндегі шығармашылық байланыстары туралы айтылғанда, ең алдымен қаперге алынатыны – оның Жетісу ақындарымен дос-жаран, өнер адамы ретінде тығыз араласқандығы. Туып-өскен өлкесі Жетісу өңірі болғандықтан да, Жамбылдың көбірек қарым-қатынас жасағаны өзінің жерлестері болып келуі табиғи нәрсе. Ал оның басқа өңірдің сөз шеберлерімен байланысы болды ма, жоқ па, деген мәселе арнайы ауызға алына бермейді. Тіпті Жамбылдың Жетісудан өзге өлкелердегі өнерпаздармен шығармашылық әрі тұрмыстық деңгейдегі аралас-құраластығы жөнінде соңғы жылдары мүлде ескерілмей бара жатыр.

Жамбыл және Арқа ақындары

Осы тұрғыдан келгенде, оның Арқа­дан шыққан сөз шеберлерімен байланысы арнайы зерттеуді қажет ететін сияқ­ты. Бұл жолғы біздің мақсатымыз – тілге тиек бола бермейтін осы мәселеге қыс­қа­ша ғана шолу жасап өту.

Жәкеңнің Арқа ақындарымен ал­ғашқы жанасуы атақты Шөжемен кез­десуі десек, өмір шындығынан алыс кет­пейтін сияқтымыз. Кезінде өз елінде ата­ғы шыққан ауызша поэзияның өкілі – Жамбылға мүмкіндігінше ықпалын тигізген айтыс ақындарының бірі.

Алыстан сыздықтап дауысы жетіп жататын бұл кісінің Жетісу өлкесіне келгенін естіп, Жамбыл сәлем беру үшін арнайы өзі іздеп барады да, біраз уақыт жанында ілесіп жүреді. Жас жағынан алғанда, Жамбылдан едәуір үлкен Шөже  – бір жағы көзінен кемтарлық көрген жан. Осындай адамның айтыскерлігі сөз өне­рінің жас перісі үшін бір жағы қызық та болып көрінген тәрізді.

Осындай сапарлас болған кездерінде  Жамбыл Арқаның атақты ақынының Кемпірбаймен айтысын үйреніп алыпты. Сөйтіп кейіннен жүрген жерінде сол айтыстың үзінділерін айтып, сөзқұмар жұртшылықтың құлақ  құрышын қан­дырып отырады екен. Шөженің адам ретіндегі қызық мінездерін де қалт жі­бер­мейді. Оның өлең айту барысында кейде тұ­тығып қалатын әдеті, ойланған сәтт­егі көз құбылысы, домбыра қағысы назар ауда­ратындай өзгеше көрінеді. Ақын­ның осындай ерекшеліктерін өзін­ше қайталап, Жамбыл бір жағы тың­даушыларын күл­діргенге ұқ­сайды.

Ел аузындағы кейбір әңгімелер осы сапарлар кезінде Жамбыл Шөжеге еріп, қыр­ғыз еліне барып қайтқан деген де әңгіме бар.

Ай қасында туады Шолпан жұлдыз,

Айдын көлде ойнайды кәмшат, құн­дыз.

Өз атасын жасырған мүрдет деген

Етім қазақ болғанда, түбім қырғыз,

деп өлеңдеткеніне қарағанда, Шөже­нің  Арқа жаққа ауған қырғыз тұқымынан болуы әбден ықтимал нәрсе. Өйткені қа­зір­гі Қарқаралы аумағында (бұрынғы Қарағайлы ауданы) қырғыз атымен аталатын ауылдар әлі де бар.

...Бір жылдары Арқа елінен «Балуан Шолақ» атанып кеткен атақты өнерпаз Нұрмағамбет келіпті деген хабар дүңк ете қалады. Ол кісі сарыүйсін Қали байдың үйінде қонақ болып жатқан көрінеді. Бұл эпизод С.Мұқановтың «Балуан Шолақ» повесінде қызықты баяндалған. Қалидың өзі де аса зор күштің иесі болыпты. Үйіне келген кейбір қонағын, әсіресе бір кісілік күші бар-ау деген жігіттерді көргенде, екі қолының ұшымен қақпақылдап, тасша біресе ол жағына, біресе бұл жағына қойып, ойнатады екен дейді.

Өзі әнші, өзі балуан осындай ерекше тұлғалы адамды тамашалауға кім қызықпасын. Жамбыл да үйінде жата алмай, арнайы келіп кездескен. Жанына атақты Мақыш балуанды, Сәдібек деген ақынды ертіп алады да, Қали байдың отырған қонысы Топар бойына қарай жол­ға шығады. Бұл ара сол замандарда сарыүйсіндердің жері болса керек.

Жамбыл сол жолы Балуан Шолақтың өнерін тамашалап, қасынан кете алмай, бірер күн айналсоқтап қалыпты. Өнеріне сүйсініп, тәнті болған қызықтаушылар өнерпаздың әніне қанып, бойын кернеген күшінің  де қандай екендігіне көз жеткізеді. Сонымен бірге өнерпаз қонақтың өз басынан кешкен әңгімелерді де жыр қылып айтып, жұртты аузына қаратса керек. Сонда оларға көп әсер еткен – Балуан Шолақтың орыс отар­­шыл­дарына қорықпай қарсы шы­ғып, жасаған ерліктері екендігі сөз­сіз. Қыр­ғыз, қазақтың сан батыр балуанын, солардың ішінде Кене­сарының Сыз­дығын да өз көзімен көріп, сұқ­баттасқан Жамбыл Балуан Шолаққа әбден тәнті болып қалса керек.

Жамбылдың жас кезінде ептеп сал-сері­лік құрып аты шыққан Шашу­бай ақынмен кездесуінің өзі бір жосын. Бұл ұшырасу әдеттегідей бір қалып­ты жайбарақат өтпеген. Қазақтың жершіл­дігіне, рушылдығына тән драмалық сипат­тар да орын алыпты.

Сол уақыттарда Жәкеңнің өлеңге сирек барып, бір тоқталып жүрген кездері екен дейді.

Шашубай Жетісу жеріне қарай қыс­қы уақыттарда сапар шегіпті. Сонда ол қа­тып жатқан Балқаш көлінің үстімен мұз арқылы өткен деген сөз бар. Содан Шу, Іле өзендерін бойлап, елді аралай жүріп, бір уақыттарда Алматы (ол кезде Верный) қаласына да бас тірейді. Бұл қаладағы қазақ байларының ішінде түбі сол Арқа жақтан қоныс аударған Байбұлан, Баймолда дегендер болады екен. Осы екеуінен басқа атаққа шыққан қазақ заңгері  Барлыбек Сырттановты  да тауып алады. Шашубайдың сөйтіп үл­кен шаһарда  көбірек үйір болғаны осы  кісі­лері көрінеді.

Сырнайын соза тартып, құлақтарды елеңдеткен ақ шалбарлы, ақ кемзалды, қара тақиялы келісті жігіттің маңына қала­лық қазақтар үйіріле қалады. Оның үстіне Орталық Қазақстанның ән мек­те­бінің өкілі ретінде Шашубайдың шыр­қап салатын ән әуені де, бұл жақта айтыла бермейтін жыр мақамы да бөлек. Жетісу елін аузына қаратқан ол:

Қызылжар, Қарқаралыдан

келіп жүр­­мін,

Елдерін Ұлы жүздің көріп жүрмін,

Аузымда өлең деген мәлегім бар,

Әркімге сөйлеп-сөйлеп беріп жүрмін, деп тоқсан толқытып, әнін Алатау шоқ­тығынан асырады.

Ол осылайша өз елінен шығып, осы жақ­қа сіңіп кеткен қала байларын көте­ре мақтай отырып, жетісулықтарды еп­теп жерге қаратқандай болыпты.  Осы оқиғаны еске ала келіп: «Қалың Ұлы жүздің ішінде бірлі-жарым ауысып кеп қатарға ілінген арғынды мақ­тау Ұлы жүз адамдарының намысына тие­ді. Олар­дың намысына тиген сайын өзім­шіл, бай, мақтанкұмар шенеуніктер Ша­шу­байға өздерін көтермелете түседі. Сол кез­дегі Ұлы жүз елінің, оның ішін­де шапы­раш­ты, дулаттың Бақия, Бар­лыбек тұстас кісі­лікті жігіттері арғын­нан келген ақынға қар­сы айтыстыратын ақын іздеп, сөз есе­сін қайтарып, арғын­ның ап­тыққан бай, ас­қақ­таған қара тая­ғына (оқығандарына) өздерін­ше қыр көр­сетпекші болады»,  дейді С.Бегалин.

Осы жағдай құлақтарына тиіп, на­мыс­танған Ұлы жүз адамдары бұл кезде атаққа шығып жүрген Жамбылды Ал­матыға алдырады. Сондағы ойлары – шал­қи шапшыған Шашубайдың айтқан сөз­деріне өздерінің арқалы ақындарын қар­сы қоймақ екен.

Заты арғын болып келетін Байбұлан бай: «Тамаша менің үйімде болсын» деп ұсыныс жасайды.

Өзі де ерекше киінген сымбатты жі­гіт сырнайын соза тартып құбылтқан кез­де үйдің іші ерекше сәнге, шалқыған әнге толып тұрады. Бұл көріністің өзі-ақ тама­шалаушыларға ерекше әсер етсе керек.

Сол замандардағы осы өңір болысы Мәңке бірге ілесе келген екен, сол ақыры шы­дай алмай: «Жамбыл-ау, мына арғын бізді өлтірді ғой, енді қашан» дегенде, Жам­был: «Айта түссін, айтқанымен қай­да барар дейсің» деп шайын ішіп отыра беріпті дейді.

Арқаланып алған Шашубай тоқ­тамас­тан, сырнайын кере, сарнатып отырып, біраз жерге барып қалса керек.

Жамбыл шайын ішіп болып, домбырасын алып, кие жөнелді:

Шашубай, сен бір Арқадан қашып

келген жалаң аяқ,

Жел сөзді не қылайын сенен аяп.

Тіліңді аңдап айт та, байқап сөйле,

Тимей ме, бүйте берсең, саған таяқ.

Шашужан, сен Көкшетау,

Қызылжардан келіп жүрсің,

Дидарын жақсылардың көріп жүр­сің,

– деп келіп, Байбұланның қалай байып кеткенін мысқылмен жырына қосады. Сөйтсе бұл үйдің иесі саудамен әлденіп ал­ған пысықтардың бірі болса керек. Ол замандарда айтыскерлердің бір-бірі­не сөзден жеңіліп қалмау үшін бір-біріне батыра тиісуі, кейде тіпті дөрекі сөз­дерді де айтып жіберуі аса оғаштық болып саналмаған. Бұған көптеген айтыс­тағы жеке басқа тиісе-қағыта айтылатын мысалдар куә.

Жамбылдың ұтымды, дәлелді сөз­деріне тоқтай қоймаған Шашубай тіпті арындап, арқаланып алады. Енді оның соқтығып, тілге тиек еткені – ақынға ілесе келген Шапырашты кісілері:

Бір көзі Самижанның қисық екен,

Байбатшаң Мәңкеменен пұшық екен.

Болғанда бірің ойқы, бірің шойқы,

Бәрінде бап келісіп отыр екен деп, таза мазақтауға көшкен сыңай танытады.

Өз кезегі тигенде Жамбыл қонақтар мен байлардың арақ-шарап ішіп отыр­ғанын тілге тиек қылып, «Бүйте бер­сеңдер, тозаққа бір-ақ барасыңдар» деген сыңайда батыра айтып жібереді.

Осыны естіген кезде өзі де ішімдік ішіп қызып отырса керек, орысша киін­ген бір жігіт Жамбылға қарай тұра жүгі­ріп, жұрт арашалағанша қол жұмсап жібер­ген екен дейді. Содан Мәңке болыс бас­таған қонақтар араша түсіп, үйдің іші тұра шартта-шұрт төбелес болып кетеді. Жұртшылық қызықтап отырған әжеп­тәуір айтыстың да берекесі қашады. Амал жоқ, үй иелері Шашубайды басқа үйге  ауыс­тырып, айқай-шуды тоқ­татқандай болады.

«Ер шекіспей, бекіспейді» деген емес пе, Жамбыл мен Шашубай  артынша дос­тасып, өте жақын болып кеткен көрінеді. Жас­тарының айырмашылығы да бөгет бола алмаған. Жамбыл Шашубайдан жиыр­ма жастай үлкен болса керек.  Арқа­ның бұл ақынынан ол Шортанбай, Дулаттың жырларын үйреніп, жаттап алған.  

1930 жылдың көктемінде Қазақстан­ның құрылғанына 10 жыл толуына байланысты мерекелі жиын өтеді. Осы мерекеге қатысқан Кенен Әзірбаев той өткен күннің ертеңіне Сәкен Сейфуллиннің Жамбылды үйіне шақырғанын жырдай қылып айтады екен. Оны Жәкең өзі бірге ертіп барыпты. Сол бір эпизодты Кенен былайша әңгімелеп берген екен:

«Сәлемдесіп, қалжыңдасып, хал-жай сұрасып алған соң Сәкен маған қарап:

– Кешегі той үстінде айтқаның құла­ғы­ма жағып барады. Соны тағы бір шыр­қашы? – деді. Мен шай алдында «Қазақ­стан» деген сол тойға арнап айтқан әнімді шырқадым. Ас-су ішіп болған соң Сәкен Жамбылдан жай сұрады. Жамбыл домбырасын шерте отырып сөз бастады. Біз тыңдай қалдық:

Шіркін, кәрілік келдің ғой кезіменен,

Келін жаман қарайды көзіменен.

Мінекей деп қолымен ұрмаса да,

Ұрғандай ғып кетеді сөзіменен...

Мен бұл сөзді тани кеттім. Ішімнен «Сүйінбай ғой»  деп отырмын. Жәкең: «Жиырмада желдей болдым, отызымда белдей болдым, елуімде түбім терең құрақты көлдей болдым» деп шұбырта жөнелді... Ал Сәкен болса қаламын сусылдатып жазып отыр. Жәкең жырын тоқсанға тіреп тоқтады. Сәкенге қарап: «Сүйінбай айтқан екен, міне, біз де сондай болдық бүгінде» деп Жәкең  салалы сақалын сипап қойды. Шай ішті, Жәкең домбы­расының құлағын қайта бұрады. Бұл жолғы даусы көтеріңкілеу шықты. Иә, сонда ұстазым «Жабай батырды» былай жырлаған еді:

Он сан ноғай бүлінгенде,

Ормамбет хан өлгенде,

Қырық жылдай атысқан,

Қызыл қанға батысқан.

Найзаменен соғысқан,

Қылышпенен шабысқан,

Айбалтамен қағысқан...

Жәкең осылайша сілтей берді, сіл­тей берді. Сәкен де жазғыш-ақ екен, қа­ғаздың біраз бетін аударып тастады. Менің жанымда отырған Сәкеннің інісі Мәжит те «өзі ересен батыр екен-ау» деп қояды».

Кенен Әзірбаев естелігінің осы үзін­дісінен-ақ оның Жамбылға деген ықыласын, Сәкен Сейфуллин мен Жам­былдың бір-біріне деген сыйластық сезі­мін анық тануға боларлық. Бәрімізге белгілі, қазақ әдебиетінің алыптарының бірі әрі атақты қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллин – Арқаның Жаңаарқа жағы­ның тумасы.

1934 жылдың көктемінде Ораз Жан­досов Жамбылды ауылынан Ал­матыдағы үйіне алып келіп, қонақ қылыпты. Соны­мен бірге рес­пуб­ликаның әр түкпірінен келген  ха­лық ақындарын да шақырса керек. Атап айтқанда, Қарағанды облысынан Доскей Әлімбаев, Ақтөбе облысынан Нұр­пейіс Байғанин, Қостанай облысынан Орынбай Таймановтар Жандосов дастарқанынан дәм татыпты. Олар­дың әрқайсысы құттықтауларын өз жандарынан шығарып, өлеңмен жет­кізеді.

Бұл кезде аты енді шыға бастаған жас ақын Қасым Аманжолов «Жамбыл то­йына» деп аталатын поэмасынан үзінді оқыған екен.

1938 жылы Жәкең шығармашылы­ғының 75 жылдығы тойланып, оған жан-жақтан ақындар ағылып келеді. Солар­дың ішінде Шашубай Қошқарбайұлы да болған. Көптен кездеспеген ақындар шұр­қыраса табысып, қалжың да қағыс­тырады.

Ақын Мәриям Хакімжанованың айтуынша, бір әредікте Жәкең:

«Шашубай! Қазір баяғыдай төбең­мен жүре аласың ба?» деп сұрапты. Ша­шубай тек әнші, ақын, жыршы, компози­тор ғана емес, цирк шеберіне тән  тосын өнер түрлерін де көрсете алатын бол­ған. Төбе құйқасын жыбырлатып, маң­дайына дейін әкеле алады екен.

«Төбеммен жүру қазір қиындау. Бірақ тік тұрып көруге болады» деген Шашу­бай Жәкеңнің өтінішін жерде қал­дырмай, анадайдан жүгіріп келіп, Жәкең­нің алдында төбесімен тік тұра қалыпты. «Одан кейін құрықпен де өнер көр­сет­кеніне куә болдық» дейді Мәриям апамыз. 

Сол уақыттарда Шашубай 73 жаста екен.

Солтүстік Қазақстан облысының тумасы, Сәбит Мұқановтың жерлесі әрі құр­дасы ақын Жақан Сыздықов өз есте­лігінде: «1938 жыл. Апрель, май, июнь айлары, деп еске алады. – Мен Москва қаласындамын. Бұл жолғы сапарымның мақсаты – Жәкеңнің өлеңдер жинағын бастыру еді. Ақынның жинағын бастыру әрі редакторлық міндетін атқарып, мезгілінде қадағалап шығару маған жүк­телген болатын-ды. Бұл кітапты қалай да болса, Жәкеңнің әдеби еңбегіне 75 жыл толған тойына үлгеру керек болды. Уақыт тығыз. Жұмыс қауырт. Күн сайын Алматыдан:

– Жақан-ау, кітапты қашан үл­гер­­тесің? Қашан басылады? Тойға үлге­­ресің бе? Тез бітіру керек! – деген теле­­фон сылды­ры, асығыс теле­грам­­малар үсті-үстіне соғы­лады» дей­­ді. Осы­лайша Жамбыл шығар­ма­шылы­­ғы­ның  75 жылдығына арнал­ған кітапты шыға­рамын деп жүріп, Жақан Сыздықов Ал­матыдағы тойға қа­ты­са алмай қалыпты. Москвада басылып шық­қан кітабын Жам­былдың өзіне қа­лай көрсет­кенін қы­зықты қылып әңгімелеп береді.

– Сөйтіп елге келгеннен кейін кешігіп болса да, кітаптың он данасын автордың өзіне әкеп береді. Кітапқа Жамбылдың жет­пістей өлеңі кірген екен, бетінің са­ны 228 болыпты. Жәкең тіпті кітаптың баға­сын да сұрап алып, Жақанның өзіне «Мынандай өлеңдерімді оқып берші» деп тек­серген де көрінеді. Сөйтіп кітабы үшін біраз әуреге түсіп, еңбек сіңірген ақын жігіт­ті қонақ қылып, көңілін кө­теріп жіберген.

Міне, Жәкеңнің Арқаның айтыс­кер әрі жазба ақындарымен қарым-қаты­насына байланысты жекелеген мәлі­меттер осындай. Бұл тақырыпты әрі қа­рай зерттей түскен жағдайда басқа да назар аударарлық мәліметтердің шығып қа­луы әбден ықтимал.

 

Нұрдәулет АҚЫШ,

жазушы, филология

ғылымдарының докторы