Ал наурыз айының 3-інен өңірдің мұғалімдері вакциналаудан өте бастады. Ескерте кететін бір жайт, бұл іс-шара ерікті және тегін түрде жүзеге асырылып жатыр.
Қарағанды облыстық қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің басшысы Бибігүл Төлегенованың айтуына қарағанда, өңірде вакцина еккізгісі келетін мұғалімдердің саны 6 200 адамды құрайды. Екпе салу барысында педагогтерді қолданыстағы вакциналау орталықтарына тізім бойынша бөліп, іс-шара арнайы құрылған кесте бойынша жүзеге асырылады. Алғашқылардың бірі болып екпе салдырған мұғалім Варвара Дыдышко Қаныш Сәтбаев атындағы гимназияда жұмыс істейді. Ол вакциналауды пандемияны тоқтататын бірден-бір препарат санайтындықтан, мұндай қадамға саналы түрде және еш күмәнсіз барғанын айтады.
– Біз, мұғалімдер, бұл шараны қажет деп санаймыз. Өз басым ресейлік «Спутник V» вакцинасына сенемін. Новосібірде жақын досым ғылым саласында жұмыс істейді. Ол вакциналаудан алғашқылардың бірі болып өтті және оның бойынан асқынулар байқалған жоқ, – дейді қарағандылық мұғалім.
Педагог мамандардан кейін сәуір айында күштік құрылымдардың қызметкерлері вакцина алуды бастайды. Ал мамырдан бастап екпе алуға ерікті түрде ниет білдірген тұрғындарды жаппай вакциналау жоспарда бар.
Қарағанды облысы