Әлем • 12 Наурыз, 2021

Хакім Абайға тағзым

284 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бішкекте ұлы ақын Абай Құнан­бай­ұлының 175 жылдығын қорытын­дылауға арналған іс-шаралар өтті. Қырғыз Республикасының Ұлт­тық кітап­ханасындағы Абай атын­­дағы қырғыз-қазақ мәдени орта­­лы­ғындағы алқалы жиынмен бастал­ды.

Хакім Абайға тағзым

Жиынға Қазақстаннан арнайы сапармен келген Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова бастаған мәдениет қайрат­кер­лері және өнер адамдары, қырғыз тарапынан Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақ­парат, спорт және жастар саясаты министрі Қайрат Иманалиев бас болған өлкедегі мәдениет саласының жетекшілері қатысты.

– Кейінгі жылдары қазақ-қырғыз қа­рым-қатынастары кең өріс алды, оның ішін­де мәдени байланыс нығая түсті. Біз орталықты аралап көріп, оның кеңдігіне, жасалымына дән риза болдық, – деп сөзін бастаған министр Ақтоты Райымқұлова биыл Қырғызстанда өтетін Қазақстанның мәдениет күндері екі елдің достығын бекемдеуге  айтарлықтай үлес қосарын айтты. 2022 жылы біз Қазақстанда қырғыз мәде­ниетінің өкілдерін күтетін боламыз, – деді министр.

Абай шығармаларының қырғыз еліне, қырғыз әдебиетіне тигізген ықпалына тоқ­талған министр Қайрат Иманалиев жақын­да болған екі мемлекеттің басшы­лары кездесуінің аясында Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігімен өзі жетекшілік ететін министрлік арасында ын­тымақтастықты дамыту туралы келісімге қол қойылғанын, Қазақстанның мәдениет күн­дерінің Қырғызстанда өтуіне байланыс­ты даярлықтар жүргізіп жатқа­нын атап өтті.

Қазақстанның Қырғызстандағы Тө­тен­­ше және өкілетті елшісі Қайрат Нұр­пейі­сов былтырғы Абай жылының аясында кітап­ханада Абай орталығының ашылуы бауыр­лас екі елдің рухани өміріндегі зор оқиға бол­ғанына тоқталып, осындай орталық бар­да Абай насихаты жалғаса беретініне сенім білдірді. Сондай-ақ елші Нұр-Сұл­тан және Алматы қалаларындағы ұлттық кітап­хана­лардың Абай орталығына 500-ден ас­­там кітапты тарту етуге бастамашы болған министр А.Райымқұловаға ризашылығын біл­­дірді.

Жиында сөз сөйлеген Қырғыз Рес­пуб­­ли­касының халық әртісі, Қырғыз ұлттық академиялық опера және балет театрының директоры Керім Тұрапов екі елдің дос­тығын нығайтуда мә­дени байланыс­тар басқа салалардағы қатынастарға қара­ғанда өте маңызды екенін, Қырғыз ұлт­тық академиялық драма театрының жетек­шісі Асылбек Өзүбеков өздерінің М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасын сахналауға әзір­леп жатқандарын айтты. Қырғыз ки­не­ма­тография департаментінің басшысы Мұқ­талы Бектеналиев Шыңғыс Айт­ма­товтың шығар­малары бойынша қазақ-қыр­ғыз көр­кем фильмін түсіру жөнін­де  ұсы­нысын жа­сады.

Меймандар жағынан сөз сөйлеген Қазақ­­станның еңбек сіңірген қайрат­кер­лері Ақан Әбдуәлиев, Жеңіс Сейдол­лаұлы және ақын-жыршы Баянғали Әлім­жанов туысқан екі елдің бірлігін арттырудағы мәдениеттің рөліне тоқта­лды. Жиында Қыр­ғызстанның «Дос­тық» орденімен марапатталған манасшы Баян­ғали Әлімжановқа үлкен құрмет көрсетіліп, Президент Садыр Жапаров Нұр-Сұлтан қаласына бар­ған сапарында оған орденді өз қолымен тап­сыр­ғаны айтылды.

Қазақстандық делегация Біш­кектегі Шыңғыс Айтматовтың мұ­ра­­жай-үйіне барып, қаланың шетіндегі 1937 жыл­ғы репрессия құрбандарына ар­нал­ған «Ата-Бейіт» кешеніне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. «Супара» («Сыпыра») этнокешенін аралап көрді. Түс ауа қазақстандық меймандар Қыр­ғызстанның бас телеарнасы ҚТРК-да тікелей эфирде бір сағат қонақ болды.

Іс-шаралар кешқұрым А.Малдыбаев атындағы Қырғыз ұлттық академиялық опера және балет театрында жалғасты. Концерт басталар алдында Қырғыз Рес­пуб­ликасы Президентінің аппарат жетекшісі Сүйүнбек Касмамбетов Пре­зидент Садыр Жапаровтың Абайдың 175 жылдығына арналған құттықтауын оқып берді. Онда Абай Құнанбаевтың өсиеттері қырғыз елін­де кең тарағаны айтылған. Сондай-ақ ТүркСОЙ-дың бас хатшысы Дүйсен Қасейінов те құттықтау лебізін білдірді. ТүркСОЙ аясында өткізілген «Ақын Абайға мың тағзым» атты концертте Қазақ­станнан, Өзбекстаннан, Түркиядан, Түр­і­кменстаннан арнайы келген және Қыр­ғызстанның өнер шеберлері Абайдың әндері мен шығармаларының желісі бойынша композицияларды көрер­мендерге тарту жасады.

 

Назарбек БАЙЖІГІТОВ,

Қырғызстанның жалпыұлттық «Қырғыз Туы» газетінің қызметкері,

арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін

 Бішкек