Аймақтар • 12 Наурыз, 2021

Күн райына да, көршіге де алаң...

174 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында 27 елді мекенді су басу қаупі жоғары. Бұл жөнінде облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Жасұлан Жұмашев мәлімдеді.

Күн райына да, көршіге де алаң...

Бүгінде облыс аумағындағы барлық өзен-көл қатып жатыр. Дегенмен, көп жылдық мониторингке қарасақ, 36 мыңнан астам халық тұратын 85 елді мекен су тасқыны қаупіне ұшырауы мүм­кін. Ең қауіпті аумақ – Орал қаласы, Тасқала, Қазталов және Бәйтерек аудандары.

– Біз өңірдегі тасқын ықти­малдығын үш деңгейге бөлеміз. Мәселен, облыста су басу қаупі жо­ғары 27 елді мекен бар. 50 елді мекен – су басу қауіптілігі орташа деңгейге, тағы 8 елді мекен қа­уіптіліктің төмен деңгейіне жа­тады, – дейді Жасұлан Жұ­машев.

Облыс тұрғындарына ең үлкен қауіп трансшекаралық өзендерден келеді. Бұл бастауы­н Ресейден алатын өзендердің мол суына ғана емес, көрші ел аумағында орналасқан су қой­маларынан жіберілетін су кө­леміне де байланысты. Өйткені өз­деріне қауіп төнгенде мол суды төменге қарай жібере салу  өрдегі көршілеріміздің байыр­ғы әдеті.

Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бас­шылығы ресейлік әріптес­терімен, атап айтқанда, Саратов және Орынбор облыстарымен су тасқыны жағдайы бойынша жиі хабар алмасып отыратынын, соның ішінде Ириклин және Варфоломеев су қоймаларын қауіпсіз және өзара тиімді пайдалану мәселелері бойынша өзара болжамдық және жедел ақпарат алмасу тұрақты негізде жүргізілетінін айтады.

«Қазгидромет» филиалының мәліметіне қарағанда, облыс аума­ғында биылғы жауын-шашынның мөлшері қалыпты. Қардың ең қалың қабаты 31 см болса, топырақтағы тоң 35-69 см-ге жетеді. Шыңғырлау, Шежін-2, Өлеңті және Шідерті өзендерінің бассейндерінде ылғал қорының көлемі қалыпты деңгейде болса, Деркөл мен Ша­ған өзендері бұған дейінгі көп жылдық көрсеткіштерден 13-16%-ға төмен екен. Әрине сақтықта қорлық жоқ. Қар күрт еріп, жаңбыр мол жауатын болса, елді мекен тұрғындарына қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан өңірде су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайлардың алдын алу мақ­сатында кешенді іс-шаралар жүр­гізілуде. Ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу жос­пары бекітіліп, облыстық, қалалық және аудандық су тасқынына қарсы комиссиялар мен штабтар құрылған.

Жергілікті билік орындары елді мекендер ішіндегі қар­ды, аулаларды тазарту ісін қыс басталғалы назарға алып келеді. Соның ішінде қала көшелері мен өндірістік нысандар аума­ғынан қар шығару жұмысын ұйымдастыруы, еріген судың еркін ағуы үшін арықтардың тазалануы, жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін шатырды қардан және сүңгіден тазарту жұмысы жүргізілуі қажет. Бұл талаптар­ды орындамаған тұлғаларға заң­ды шара да қолданылады.

– Әкімшілік кодекске сәйкес аумақты абаттандыру ере­же­лерін бұзғаны, оның ішінде қарды уақтылы жинамағаны үшін 22 тұлға әкімшілік жауап­кершілікке тартылды, – дейді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы.

Соңғы мәліметтерге қара­ғанда, облыс аумағындағы елді ме­кендерден 593 480 текше метр қар шығарылып, 1150-ден астам текше метр еріген су сорылған. Ең көп жұмыс, әрине Орал қаласында атқарылуда. Облыс орталығында күні бүгін 537 233 текше метр қар қала аумағынан аулаққа шығарылған. Соның 3866 шаршы метрі – соңғы тәуліктің жұмысы. Көктемде бо­луы ықтимал төтенше жағ­дайлардың алдын алу және жою үшін жалпы саны 2591 адам, 734 техника, 45 жүзу құралы және 295 мотосорғы дайындалған.

– Наурыз айының 4-5-і күндері «Көктем-2021» атты рес­публикалық командалық-штаб­тық оқу-жаттығуы өтті. Іс-шара барысында күштер мен құралдардың дайындығы тек­серілді. Батыс Қазақстан облысы көктемгі су тасқыны маусымына сақадай сай, – деп хабарлады облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Бәкизат Мағзенова.

Жалпы, осы көктемде болуы ықтимал түрлі сипаттағы төтенше жағдайларды жою үшін облыс бойынша 1,5 млрд теңге қарастырылған көрінеді. Бүгінгі таңда 443 тонна жанар-жағармай, 88 мың дана қап, 22 мың тонна инертті материалдар қоры дайындалған. Мұзжарғыштар бригадалары үшін – 6,820 млн теңге, тікұшақ көмегімен аэрозерттеу жүргізу үшін – 16,7 млн теңге, қосымша қаптар са­тып алу үшін – 2,895 млн теңге көлемінде шарттар жасау мақсатына қаражат көзделген.

Өткен жылдардың тәжіри­бесі көрсеткендей, Батыс Қазақ­стандағы су тасқынының деңгейі облыстағы жағдайға ғана емес, Ресей аумағындағы ауа райына да байланысты болады. Сондай-ақ бір тәулік ішінде жауын-шашынның айлық нормасы түсуі мүмкін, бұл су тасқыны жағ­дайының туындауына соқ­тырады. Сондықтан төтенше жағдайлар қызметі «сақтансаң –  сақтаймын» деген қанатты сөзді басшылыққа алып, кез келген оқиғаға дайын тұруға тырысады.

 

Батыс Қазақстан облысы