Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Білім және ғылым министрлігі ғылым комитетінің “Қазақстан Республикасының ұлттық биотехнологиялар орталығы” РМК-де болды, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Үкімет басшысы микроорганизмдердің республикалық коллекциясын қарап, биотехнологиялар және өсімдіктер селекциясы, иммунохимия және иммунобиотехнология лабораторияларының, сондай-ақ ұлттық биотехнологиялар орталығы ұжымының соңғы бес жылдағы негізгі ғылыми жетістіктері қойылған Ұжымдық пайдаланымдағы биотехнологиялардың ұлттық ғылыми лабораториясының жұмысымен танысты.
Одан соң К.Мәсімов жұмыс бабындағы кеңес өткізіп, ұсынылған ғылыми талдамаларды сараптау және өмірге енгізу жөнінен мүдделі ведомстволар басшыларына бірқатар тапсырмалар берді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша институтқа салынған мемлекеттік ресурстар әзірге алғашқы ғылыми тиімділігін беруде. Енді ғылыми талдамаларды іс жүзіндегі нәтижелермен байланыстыру қажет.
Ең басты мәселе – нәтиже. Нәтижені тұтынушының түпкі мүддесімен байланыстыратын болыңдар. Бұл жерде инновациялар да, жаңа технологиялар да, қазақстандық мазмұн да, ғылымды дамыту да, бәрі де бір арнада тоғысады. Енді алға қарай қозғалу қажет, деп атап өтті Кәрім Мәсімов.