Ақмола облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы жылғы наурыздың 9-10 аралығында онлайн режимде Азия-Тынық мұхиты 33-ші Халықаралық математика олимпиадасы және «Жібек жолы» 20-шы Халықаралық математика олимпиадасы өтті.
Аталған зияткерлік олимпиадаларды өткізудің негізгі идеясы – математика ғылымдары саласында дарынды оқушыларды анықтау, дамыту және қолдау үшін жағдай жасау, сондай-ақ қатысушы елдер арасындағы халықаралық білім беру және ғылыми байланыстарды дамыту. Оған Қазақстаннан барлығы 150 оқушы қатысты.
Оның ішінде Ақмола облысының намысын Көкшетау қаласындағы «Білім – инновация» лицей-интернатының оқушылары Мират Хамитов, Әлихан Мұқашев, Дидар Дәулетбай, Әділхан Алпысбай, Арслан Даминов және Нұр-Сұлтан қаласындағы дарынды балаларға арналған №2 облыстық мамандырылған мектеп-интернатының оқушысы Дидар Қабылбек қорғады. Олимпиада қорытындысы бойынша «Білім – инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Арслан Даминов Азия-Тынық мұхиты 33-ші Халықаралық математика олимпиадасында үшінші орын және «Жібек жолы» 20-шы Халықаралық математика олимпиадасында екінші орын алды.
Айта кетейік, түрлі деңгейдегі білім беру жарыстарының бірнеше дүркін жеңімпазы Арслан Даминов Қазақстан-Британ техникалық университеті грантының иегері.