Аймақтар • 13 Наурыз, 2021

Атырауда темір жол вокзалы кеңейтіледі

693 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырауда темір жол вокзалының аумағын кеңейту жоспарланып отыр.  Атырау қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, бұған жолаушылар санының артуы себеп болған. Сондықтан, темір жол вокзалын жанындағы автобекетпен біріктіру көзделіпті, деп хабарлайды Egemen.kz

Атырауда темір жол вокзалы кеңейтіледі

Вокзал ғимараты 1972 жылы 500 орынға есептеліп салынған. Алайда, қазір вокзалға келушілер саны 6 есеге артып, 3000-ға  жеткен. Жол жүру бағыты да көбейді. Мәселен,  атыраулық студенттер Алматы мен Нұр-Сұлтанға, Маңғыстау мен Ақтөбе қаласына көп қатынайды. Сондай-ақ Жылыой ауданындағы кәсіпорындарда вахталық әдіспен жұмыс істейтін  жұмысшылар да осы вокзалдан жолға шығады.  

«Жолаушылар ағының көбеюіне байланысты вокзалды кеңейту жоспарланып отыр. Осыған орай қасындағы автобекетті вокзалға қосып, аумағын кеңейтуге болады. Бұл жоспар автобекетті «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ балансына алғаннан кейін ғана жүзеге асырылады. Қазір автобекетті балансқа алу жұмысы жүргізіліп жатыр. Мұны өте тиімді жоба деп есептейміз», дейді «Атырау магистральді желі» бөлімшесінің директоры Елубай Сапаров.

Оның айтуынша, алдағы уақытта облыс әкімінің бастамасымен «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның қолдауымен «Атырау-Құрманғазы» бағытына қатынайтын жүрдек пойыз іске қосылмақ. Бұл да вокзалға келушілердің санын арттырады.

«Вокзал аумағын кеңейту жоспары іске асатын болса, облысаралық автобустар үшін автобекетті басқа жерге ауыстыру мәселесі қарастырылатын болады.  Біз оны Атырау қаласы маңындағы «Аламан» базарына көшіруді ойластырып отырмыз. Әзірге нақты шешім қабылданған жоқ» дейді «Смарт Атырау» КММ директорының орынбасары Рүстем Ерниязов.